
- «Goal» порталы ХХІ ғасырдың ең білікті бапкерлерінің тізімін жариялады. Үздіктер көшін әр жылдары «Барселона», «Бавария», «Манчестер Ситиді» жаттықтырған Хосеп Гвардиола бастап тұр. Оны Карло Анчелотти («Милан», «Челси», «Бавария», «Реал»), Алекс Фергюсон («Манчестер Юнайтед») өкшелеп келеді. Одан кейінгі сатыларға Жозе Моуринью («Порту», «Челси», «Интер», «Реал», «Манчестер Юнайтед»), Юрген Клопп («Боруссия» Дортмунд, «Ливерпуль»), Зинедин Зидан («Реал»), Диего Симеоне («Атлетико»), Висенте Дель Боске (Испания құрамасы), Луис Энрике («Барселона», Испания құрамасы, ПСЖ), Антонио Конте («Ювентус», Италия құрамасы, «Челси», «Наполи»), Арсен Венгер («Арсенал»), Унаи Эмери («Спартак», «Севилья», ПСЖ «Арсенал», «Астон Вилла»), Роберто Манчини («Интер», «Манчестер Сити», «Зенит», Италия құрамасы), Лионель Скалони (Аргентина құрамасы), Дидье Дешам (Франция құрамасы) сынды майталмандар жайғасты.
- Ертең Францияның Орлеан қаласында қылышпен семсерлесуден Гран-при додасы басталады. Бәсекеде еліміздің намысын Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Алина Оспанова, Татьяна Приходько, Анастасия Гулик, Наргиз Сайдуллаева, Диляра Исабекова, Жасмин Қапыджы, Полина Ко, Артем Саркисян, Саттархан Назарбай, Бакдәулет Кұралбекұлы, Бексұлтан Әбжал, Артур Чупраков, Қуаныш Ерғашбай, Жанат Нәбиев, Мұхамедәлі Рахманәлі, Нұрмұхаммед Жайлыбай қорғайды.
- Үндістан астанасы – Нью-Делиде гандболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының шымылдығы түрілді. Тұсаукесер кездесуін Қытайға қарсы өткізген отандастармыз бұл матчта 28:26 есебімен жеңіске жетті. Енді бұрымдыларымыз Сингапур, Оңтүстік Корея құрамаларымен шеберлік байқасады.
- Еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің қызметкерлері Азия Олимпиада кеңесінің (АОК) онлайн-отырыстарына қатысты. Жұмыс сессиясында 2026 жылғы Азия ойындары мен 2025 жылғы жастар арасындағы Азия ойындарына дайындық, сондай-ақ аймақта спортты дамыту, олимпиадалық қозғалысты қолдау жөніндегі стратегиялық бастамалар қаралды.
- «Sportal Mag» порталы 8 желтоқсанда Лас-Вегаста өтетін UFC 310 турнирінде күш сынасатын Шавқат Рахмоновтың сол кеште қанша табыс табуы мүмкін екенін жария етті. Ол октагонға шыққаны үшін 350 000 АҚШ долларын қалтаға басады. Жеңіске жеткен жағдайда тағы 100 000 доллар көлемінде үстемеақы алады. Ал егер қос тарап керемет өнер көрсетсе, олардың сыйақысы тағы 50 000-ға өседі.