Волонтер • 05 Желтоқсан, 2024

Волонтер – ізгілік өлшемі

68 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Осынау мереке елімізде де ерекше атап өтіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзгеге қолұшын созған жандар­дың әрдайым құрметке бөлене­тінін әрі олар мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісі, шынайы отаншылдықтың айқын көрінісі екенін айтып, волонтерлер қозғалысына үлкен көңіл бөліп келеді. Міне, бүгінде республика бойынша 240 мыңнан аса белсенді волонтер, 740 еріктілер ұйымы мен мыңнан аса бастамашыл топ жемісті жұмыс істеп жатыр.

Волонтер – ізгілік өлшемі

Ықылым заманнан адамдар бір-біріне қолғабыс етіп, қайырымдылық жасап, мейірімділік сабақтастығын жал­ғап келеді. Қазіргі «Адал азамат» тұжы­рым­дамасының негізі де осы мызғы­мас құндылықтардан бастау алады. Байқап қарасақ, арамызда адамгер­шілік, ізгілік қасиеттерін ту еткен, өзгелерге жанашырлық пейілін танытып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында 62 жастағы Ләззат Өтеғұлова да бар.

«Күміс волонтер» алғаш еріктілікті тосыннан келіп әлемді тосырқатқан пандемия тұсында бастаған. Дерт дендеп, жұрт даурыққан сәтте көкей­дегі қорқынышын басып, жүрек­тегі мейірімге зейін қойып, көпбала­лы отбасыларға, жалғызілікті қарт азаматтарға азық-түлік, киім-кешек үлестірген. Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандардың орталықтарына барып, жыртығын жамап, жоғын түгендеп көптің алғысын арқалады.

– Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын­да жүріп, «Күміс еріктілер» клубының белсенді мүшесі болдым. Covid уақытында қасым­да жүрген қыз-жігіттердің, егде азаматтардың бәрі ерледі. Ер, әйел деп бөлінбей, төтеден кел­ген сырқатқа дес бермей, барлық ауруханаға от­тегі баллондарын жеткізді. Бір жа­ға­дан бас, бір жеңнен қол шы­ғарып, бір-бірімізге демеу бол­дық. Қорғаныш киімдерін киіп, азық-түлік, қажетті дәрі-дәр­­мекті тегін тасымалдады. Осы­лайша, коронавирустың атой­лаған кезеңінен де өттік. Араға уақыт салып, Астана қа­ласына қо­ныс аудардым. Мұнда да қол қусырып жата алмадым. «Ай­куне» жаттығуын меңгеріп, во­лон­тер ретінде мойнында өр­кеш-өркеш тұздары бар аза­мат­тарға сабақ өткіздім. Кейін жат­тығу үйренген орталықтан «Кү­міс волонтерлер» клубын құ­рып, қазір жаңа Нұра ауданында жұмысымды жалғастырып келемін, – деді қайырымды жан.

пр

Кейінгі жылдары қоғамда шашына ақ түскеніне қарамастан қайырымдылық жасауда қай­рат танытып жүрген егде жастағы отандастарымыздың қатары артты. Мәселен, елорданың бес ауданында Ләззат Дүйсебайқызы секілді 80-ге жуық «күміс волонтер» бар. Олардың ең үлкені – 80 жаста. Өзгелерге мейірім шуағын шашуға ұмтылғандардың ізгі, ізетті іс-әрекеті жас толқынға ғана емес, жастары жер ортасынан ауған азаматтарға да үлгі.

– «Күміс волонтерлер» клубы жас ұрпақты тәрбиелеуде де өз үлесін қосып келеді. Әсіресе түрлі тәрбиелік сағаттар мен іс-шараларда кейінгі буынға төл тарихымызды, қолөнерімізді, ұлттық құндылықтарымыз­ды насихаттап жүрміз. Атап өтсем, Астанадағы Д.Қонаев атын­дағы №66 мектеп-лицеймен ме­морандумға қол қоя отырып, 1,5 са­ғат көлемінде тәжірибелік сабақ өткіземіз. Оқушылар­ды кесте тігуге, тоқыма тоқуға, құ­рақ құруға үйретеміз. Сабақтың өзіне де ұлттық киімдермен барып, олардың назарын ауда­руға тырысамыз. Одан қалды домбыра, бесік, киіз үй сынды дүниелердің мән-маңызын түсіндіріп, мақал-мәтелдер жаттатамыз. Ұлт тарихындағы елеу­лі тұлғаларды еске алып, салт-дәс­түрден әңгіме өрбітеміз. Негізі біздің жасымызда «күміс волонтер» болу – пайдалы. Өкше басып, із жалғаған жастармен тілдесіп, әр күніңді сауаты іске арнау, әділетті Қазақстанның қалыптасуына, ұлттық құндылықтардың тәр­биеде орнығуына ықпал етеді. Пре­зидент айтпақшы, еріктілер қоғамның келбеті болуы керек, – деді Л.Өтеғұлова.

«Ерік дегеніміз – қозғаушы күш, мақсатқа жету жолындағы кедергілерді жеңуші құрал», деген Бауыржан Момышұлының сөзін ұстанымы еткен волонтер жастардың қайырымды­лық мәдениетін қалыптастыру­дағы жұмысы көз қуантады. Олар білім, ғылым, спорт пен мә­дениет, денсаулық сақтау және өзге де сан салада елеулі еңбек етіп жүр. Көктемгі тасқын кезінде де тәулік бойы тыным таппай, құтқарушылар мен баспанасына су кірген жандарға киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар­ды үлестірді. Жаға бекітіп, апат­тың алдын алып, күн-түн демей ыстық тамақ дайындады. Өзге өңірлердегі жас буын да сын сағатта елмен бірге болды.

– 2011 жылдан бері қоғам­дық іс-шараларға қатысып, бел­сенділік танытып келемін. Еліміз­дің бірнеше облысын су басып, бірқатар өңірде төтенше жағ­­дай жарияланған тұста аймақ­тар­да құтқарушылар, жергілікті тұрғындармен «Жастар рухы» жастар қанатының 3 мың­нан аса волонтері де жұдырықтай жұмылды. Волонтерлер күнде­лік­ті түрлі жағдайға тап болады. Жан дүниеңнің қуанатын да, күйзелетін де кезі жиі болатыны рас. Көмек көрсетіп жүрген адам­ның тағдырын жүрегіңмен қа­былдап, қапаланатын да сәтің болады. Телефонға телмірген қазіргі қоғамға мейірімділік керек. Қарапайым автобуста орын берген жасқа «Бақытты бол» деген жылы сөздің өзі жүректі жылытады. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасса, кем-кетігімізді жамап, рухани толығуға «бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген аталы сөзді тағы бір мәрте дәлелдей түсетініміз анық, – деді «Жастар рухы» ЖҚ Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрмет.

Жалпы, волонтерлік ең алғаш 1920 жылы пайда болған деседі. Сол жазда соғыс зардабынан қираған ауылды қайта қалпы­на келтіруге сарбаздар асарлатып көмектеседі. Содан бері еріктілік қозғалыс әлі күнге де­йін тоқтаған емес. Ал елімізде волонтерлік қызмет тәуелсіздік жылдары «БҰҰ еріктілері» бағ­дарламасынан басталған. Ал волонтерлік бас­тамаларды дамыту қажеттігі атап өтілген стратегиялық дең­гейдегі алғашқы құжат Қазақ­стан Республикасында аза­мат­тық қоғамды дамытудың 2006–2011 жылдарға арналған тұ­жырымдамасы болды. Оның не­гізінде халықты еріктілікке тар­туды көздейтін үкіметтік емес ұйымдар ашылды. Кейін қо­ғамда волонтерлік қызмет ма­ңызының артуына орай 2016 жылы «Еріктілер қызметі туралы» заң қабылданды. Сәйке­сін­ше, республикамызда во­лонтерлік саланы құқықтық реттеудің негізі қаланды.

Осы уақытқа дейін 2020 жыл Волонтер жылы деп жа­рия­ланып, еріктілердің құқын қор­ғап, өткір мәселелерін тал­қы­лайтын халықаралық, отан­­дық бірқатар форум ұйым­дас­тырылды. Мемлекеттік органдар да жыл сайын еріктілер қа­уымдастығымен бірлесіп, 50-ден аса жобаны жүзеге асырып, бас­тамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді. Осылайша, волонтерлік идеясы қоғамдық өмірде жаңаша қарқын алып келеді.