Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2024

Жамбыл облысында қатерлі ісікті анықтау үшін жасанды интеллект енгізіледі

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 15 білім беру, 23 денсаулық сақтау, 10 спорт, 8 мәдениет нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында қатерлі ісікті анықтау үшін жасанды интеллект енгізіледі

Фото: aikyn.kz

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында 36 білім беру нысанын салу (10 600 орын) жоспарланған. Биылғы 10 айдың қорытындысына сәйкес 13 білім ошағы пайдалануға берілген, оның үшеуі «жайлы» мектеп. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанды қолданысқа беру жоспарланған (1 мектеп, 1 мектепке қосымша ғимарат).

Нәтижесінде 7 оқу орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептің мәселесі шешілмек.

«2025 жылы жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті анықтаудың мамандандырылған жүйесін енгізу жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Облыста 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, бүгінге дейін оның төртеуі және 103 спорт алаңы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 6 спорт кешені қолданысқа беріледі деп күтіліп жатыр. Бюджеттен тыс 880 млн. теңгеге 4 спорт нысаны бой көтерді, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 2 модульдік спорт залын ашу жоспарда бар. 5 мәдениет нысаны есігін айқара ашты (4 мәдениет үйі мен 1 музей), жыл соңына дейін тағы 3 нысан ел игілігіне тапсырылады. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ғимаратына, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның көрермендер залына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді», деді Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар облыс әкімі биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 1,3 млрд. теңгеге 224 үйірмеде 9,1 мың бала қамтылғанын атап өтті.

Баспасөз алаңында өңірдің туристік әлеуетінің дамуына да тоқталған. Аталған салада 16,4 млрд. теңгенің 13 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Отандық және шетелдік туристер үшін 6 нысан ашылды, оның ішінде қонақ үйлер, демалыс орындары, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бар. Туристік орындарға баратын жолдар жөнделіп, газдандыру мәселесі шешілді.