Суретте: мерекеден көріністер
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанаты шарада өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктерін атап өтіп, ауыл шаруашылығының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін ерекше көрсетті. Ол аймақтағы егін және мал шаруашылығы саласында да ілгерілеу бар екенін айтты.
Биылғы жылы өңірдің ауыл шаруашылығы саласында 573 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларға 26 млрд теңгеден аса субсидия берілген. Аграралы аймақ республикада ет өндіру бойынша 1-орынға шығып, өндіріс көлемі 214 мың тоннаға жеткен.
Сондай-ақ, салаға серпін берер техникалар да жаңара түскен. Осы жылдың 10 айында өңірде жалпы құны 4,6 млрд теңге болатын 365 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Шаруалар су үнемдеу әдісіне де біртіндеп ауысып жатқаны баяндалды. Өңірде жаңадан 8 жоба іске қосылған.
«Су үнемдеу техникаларын пайдаланатын алқаптарды 2 есеге ұлғайттық. Былтыр 20 мың гектар болса, қазір 43 мың гектар болды. Көрмедегі бір ғана трактор зауыты Көкшетаудағы 90 техниканы осы жерде сатты. Былтырға қарағанда біз техника жаңартуын 1,5-2 есеге ұлғайттық», деді өңір басшысы.
Мамандардың кәсіби мерекесіне орай ауыл шаруашылығы саласындағы үздік мекемелер мен шаруа қожалықтары марапатталды. Арасында белсенді қызметкерлер мен ұйым өкілдері де бар. Оларға түрлі мемлекеттік наградалар мен қаржылай сыйақылар табысталды.
Солардың бірі «Парасат» орденінің иегері Ерік Айдарбаев:
«Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өткен. Бұл жиында келелі әңгімелер айтылып, өзекті мәселелер көтерілді. Бүгін міне, облыстың шаруалары бас қосып жатырмыз. Мұндай қолдау бізге саланы одан ары дамытуға, өндірісті ұлғайтуға септігін тигізеді», деді.
Салтанатты шараға жиналғандар ауыл шаруашылығы дамымай, экономика өркендемейтінін баса айтты. Алматы облысының бұл салада әлеуеті жоғары. Өңірдің ауылшаруашылық мамандары қазір агроөнеркәсіптік кешенін ғылыммен ұштастыра отырып, өркендетуді қолға алған. Себебі өңірдің 70 пайыз жері осы салаға өте қолайлы.
Мереке барысында марапатталған үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатарында «Адал» АӨК ЖШС, «Дәулет Бекет» ЖШС мен «Көк Теңіз» ЖШС-тері бар. Сонымен қатар «Олжас», «BeeQueen», «Ислам» шаруа қожалықтары да қаржылай сыйақыны қанжығалады.
Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырудағы белсенділігі үшін Кеген, Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандары алдыңғы үштікке ілінсе, ауылдық округтер арасында Балқаш ауданының Құйған, Жамбыл ауданының Айдарлы және Талғар ауданының Панфилов ауылдық округтері үздіктер қатарынан көрініп, қаржылай сыйлыққа қол жеткізді.
Айтулы мерекеде заңды тұлғалар да назардан тыс қалмады. Атап айтсақ, «Владимир» ЖШС-не YTO 804-8 тракторы берілсе, «Агрофирма «Керуен» ЖШС 900 мың теңге, ал «Фирма Алтай» ЖШС 600 мың теңгеге ие болды.
Алматы облысы