Алматы • 06 Желтоқсан, 2024

Алма бақтарын жаңғырту ісі

73 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қара топырақты қусырған тас көшелер, сұлу Алатауды көлегейлеген зәулім ғимараттар, жасыл желектерді тықсырып бара жатқан заманауи Алматының келбетіне апорты қашан да керек. Оңтүстік шаһардың брендіне айналған алма сұрыбын селекциялық сапамен жаңғыртып, туризмнің басты нышаны ретінде келген-кеткен қонақтарға келісті етіп ұсыну көкейкестілігін жоймақ түгілі, бұрынғыдан да өзекті бола түсті.

Алма бақтарын жаңғырту ісі

Халықаралық тәжірибеге назар аударар болсақ, ірі мегаполистерде сән ағаштар мен бұталы өсімдіктер табиғат пен урбанистикалық ортаның  дәнекеріне айналып келеді. Жасыл желек қала экожүйесінде көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегіні өндіреді. Сол тұрғыда Алматы алмасының орны мүлде бөлек. Мамандардың айтуынша, апорттың ерекше бір қасиеті – таулы аймақта, теңіз деңгейінен 950-1250 метр биіктікте ғана жақсы жеміс береді. Таулы, салқын аймақта ғана алма ағашының жемісі ірі, дәмді болады. Тәжірибе көрсеткендей, апорт сұрыбы Алматы мен Алматы облысынан басқа аймақтарда жақсы жеміс бермейді.

Ғалымдар алма ағаштардың мәде­ни түрлері алдымен Іле, Жоңғар Ала­тауларында пайда болғанын дә­лелдеген. 2000  жылы Оксфорд (Англия) уни­вер­ситетінің ғалымдары да бұл тұжырымды растады. Деген­мен Алматы апортының төркінін си­верс жабайы алма ағашымен байла­ныстыратын зерттеулер де бар. Ай­та­лық, әйгілі сұрыптың пайда болуына Воронеж губерниясынан Верныйға жер аударылған Егор Редько мұрындық болған, өзімен бірге алып келген апорт бұталарын жергілікті жабайы алмамен будандастырған деген де дерек бар.

1970 жылғы жеміс дақылдары сана­ғы­ның деректері бойынша елімізде 10 113 395 түп алма ағашы болған, соның ішінде 3 851 193 түп – апорт сорты, оның ішінде Алматы облысында – 3 036 346 ағаш немесе республиканың барлық апортының 78,8%-ы болған. 

Осы арада қайталауға тура келеді, апорт тек Іле Алатауының етегінде ғана жақсы жеміс беріп, қалыпты өседі. Тау бөктерлерінде, дәл осындай қолайлы жерде өсіп тұрған алма бақ­тары егемендіктің елең-алаңын­да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, талай колхоз-совхоздар пайға бөлініп, жекенің қолына өткеннен кейін, алма егумен ешкім ден қойып айналыспады. Оталмаған бақтардың өзі қартайды, қартаймағаны Іле Алатауы етегінде жаппай құрылыс науқаны басталып, кесіліп кетті.

Енді не істеу керек деген сауалға келсек, қаланың Бас жоспарында алма ағаштарын егуге арналған тау­лы аймақты құрылыстан, басып алу­дан қорғау мақсатында «апорт аймағы» анықталған жерлердің барлық аумағы апорт бақтарына бөлінген. Қазір­де алма бақтары Алматы облысы аумағында сақталған. Техникалық-экономикалық көрсеткіштерде айшық­талған, ауданы 6,49 мың гектар ауыл шаруашы­лығы жерлері – 2013–2014 жылдары қалаға кірген аумақтардағы шаруа қо­жалықтары мен жеке қосалқы шаруа­шылықтардың жерлері.

«Бас жоспар бойынша қала аума­ғындағы тау бөктерінде тұрған «апорт аймағына» шамамен 2 мың гектар жер телімі бөлінген. Осы аумақты одан әрі құрылыс салу мен деградациядан қорғау мақсатында бақтардың барлық аумағы қосымша, жеке функционалдық аймақтарға жіктелген. Бұл аймақтар осы жер­лерді басқа мақсаттарда пай­дала­нуға тыйым салатын қала құрылысы регламенттерінде бекітілген», дейді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ғылыми-зерт­теу бөлімінің жетекшісі Жанат Айтілеу.

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының енгізу және коммерциялау бөлімінің басшысы Айгерім Сейсенованың айтуынша,  бағдар­лама бойынша апорт сұрыбын жаңғыртуға жыл сайын 18 млн теңге бөлінеді. Алайда бұл қаражат толық­тай сұрыпты, брендті ілгерілетуге жұм­сала бермейді. Ғылыми-білім беру орта­лығы ғылыми мақсатта әр сұрыптан 5-6 ағаш өсіреді.

Саябақтар, гүлзарлар мен бақтар құру – жайлы қалалық ортаны қалып­тастырудың негізгі элементтері. Олар қаланың эстетикалық келбетін жасандырып қана қоймай, тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Алматыда апорт бақтарын жандандыру – оңтүстік шаһардың шырайын ашатын ерекше артықшылық екенін әркез есте ұстаған жөн.

 

АЛМАТЫ