Фото: facebook.com/artem.urazimbetov
Ертеде атақты Бекет әулиенің – Бекет Мырзағұлұлының бала кезі болса керек. Кезекті демалысқа кеткелі жатқан шəкірттеріне ұстазы қыстық отын даярлап кетуді тапсырады. Содан орман жағалап кеткен шәкірттер ағаш атаулының бәрін кесіп, құшақтарын отынға толтырып келеді. Бекет тек қураған ағаштарды ғана теріп, ең соңынан оралады. Мұның қолындағы азғантай отынды көрген балалар оны келеке ете бастайды. Зерек баланың мұнысы бекер емес екенін түсінген ұстазы оның сырын сұрайды. Сонда бала Бекет: «Мен əбден қураған ағаштарды ғана тердім. Жас бұтақтарға жақындағанымда, олар өмірлерінің əлі алда екенін айтып, қыршынынан қимауымды өтінді», дейді. Тал-теректің тілін әулиеден басқа кім ұқсын?! Десек те, ерте көктемде егіліп, сусыздықтан шілдеге жетпей қурай бастайтын бала шыбықтардың ми қайнатар ыстықтағы мүшкіл халін түсінуге міндетті түрде оның тілін білудің қажеті жоқ.
Көшет егеміз, көгалдандырамыз деген желеумен мемлекет қазынасынан қаржы бөлдіріп, онысы құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалып жатқан жобалар аз емес. Нәтижесіз жұмыстың салдарынан бүгінде ағаш атаулы қурап, ауыл-аймақ тозып, құнарлы жерлер құрдымға кетіп бара жатқанын жасыруға болмайды.
Табиғат-Анаға жасалып жатқан қиянаттың кесірі тиіп, түрлі кеселдердің көбейіп кеткенін ғалымдар да жоққа шығармайды. Таяуда Отырар ауданында болған осындай келелі кездесуде Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы «Экология» ғылыми-зерттеу институтының мамандары көгалдандыру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуінен көптеген аурудың бас көтере бастағанын алға тартты. Түрлі кеселдің алдын алудың жалғыз жолы – жасыл-желекті көбейтіп, ауа тазалығына ерекше мән беру. Бұл жоба жөнінде біраздан бері ізденіп жүрген ғалымдар тіпті қай жерге қандай өсімдік жақсы жерсінетінін де тереңірек зерттеген екен. Олардың айтуынша, Отырар ауданына алдымен шөлге шыдамды, тез жетілетін «өлермен» ағаштар отырғызу керек. Алғашқы жылдары малдан қорғап, тамыр жайып алғанша күтім жасаса, одан кейін өздері-ақ бой бермей кетеді. Ну орманға айналып жатса, ол жердің құнарлылығын да арттыра түседі. Құнарлы жерлерге түрлі жеміс ағаштарын егуге де болады. Ең бастысы, қымбат көшетке қыруар ақша бөлдіріп, онысы жерсінбей жатқаннан гөрі өздерінде өсірілетін жергілікті ағаштар мен табиғи бұталарды, жыңғыл, тораңғыл, жиде сияқты тал-бұталарды көптеп өсіруге басымдық беру керек.
Айтса айтқандай, аудан орталығындағы үлкен жолдың бойына осыдан оншақты жыл бұрын егілген ағаштар бүгінде ит тұмсығы батпайтын қалың орманға айналған. Демек бұл жоба тәжірибе ретінде өз-өзін толық ақтап отыр. Егер аталған жоба аудандағы басқа ауылдарда да қолға алынса, оның табиғатқа келтірер пайдасы да көл-көсір болмақ. Яғни белгілі бір аймақты 15 пайыз көгалдандырса, оның нәтижесі шудан, күннен, шаң-тозаңнан арылуға 20 пайызға дейін әсер етеді. 35 пайызға көгалдандырылса, оның пайдасы елу пайызға артады. Алғашқыда егілген көшеттер жердің құнарлылығын арттырып, одан кейін түрлі жеміс ағаштары да өсе бастап, ауыл-аймақ алпыс-жетпіс пайызға дейін көгалдандырылса, ондай жерде шаң-тозаң жойылып, ауа тазалығы да жүз пайызға жақсара түседі. Мамандардың зерттеуінше, орташа көлемдегі бір ағаш үш адамға қажетті оттегі бере алады. Ал ағаштары жыл өткен сайын азайып, барының өзі мерзімінен бұрын «қартайып» қалған өңірде экологиялық ахуал уақыт өткен сайын асқынып бара жатқаны алаңдатады.
Сөз басында біз жерді дайындап алмай көшет егу ешқандай нәтиже бермейтінін, қайта оған бөлінген қыруар қаржы желге ұшатынын бекерге айтқан жоқпыз. Тек Отырар ауданында бүгінде жетпіс бес мың түпке жуық ағаш қурап қалған. Атап айтсақ, Аққұм ауылдық округіндегі – 1 347, Қарғалыдағы – 765, Қарақоңырдағы – 15 603, Қоғамдағы – 1 846, Талаптыдағы – 2 204, Шәуілдірдегі – 5 704, Көксарайдағы – 1 473, Маяқұмдағы – 996, Балтакөлдегі 2 749 түп ағаштың қурап қалуын қалай түсінуге болады? Соның ішінде «Отырар – 2050» коммуналдық мемлекеттік мекемесі еккен 42 327 түп көшеттің көгермей жатып көктей солғаны дабыл қақтырмай тұрмайды. Осыншама көшеттің обал-сауабын айтпағанда, оны егуге жұмсалған қыруар қаржы үшін біреу жауап беруі керек шығар?! Қалай дегенде де бұл экологиялық қасіреттің сұрауы болғаны жөн.
Аманбек ЖАЙЫМБЕТ,
журналист