Былтыр Ақтөбе облысында Оқу-ағарту министрлігінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының және Білімді тұрақты дамыту қолдауымен цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жөніндегі жоба табысты іске асты. Жобаға 12 тірек, 134 шағын жинақты мектеппен бірге 11 мыңнан астам бі лім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты. Оған қатысқан мектеп басшылары мен мұғалімдер цифрлық құзыреттілік пен кәсіби дамуға бағытталған арнайы курстардан өтті. Шағын жинақты мектептердің техникалық мүмкіндігіне қарай оқытудың 4 үлгісі әзірленіп енгізілді.
«Жоба аясында тірек мектептерінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылып, шағын жинақты мектептер пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды. Мектептер жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілді», деді Ғ. Бейсембаев.
Айталық, жоба шеңберінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры барлығы 134 шағын жинақты мектепті заманауи құрал-жабдықпен, соның ішінде онлайн-оқыту және ғылыми қызметке арналған кабинеттермен жарақтандыруға 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.
Бүгінде еліміздегі барлық мектептің 70 пайыздан астамы (5 245) ауылдық жерде, оның жарымы шағын жинақты мектеп санатына жатады (2 564 мектеп). Бір жағынан шағын жинақты мектептердегі білім сапасына білікті мамандардың жетіспеушілігі ғана емес, бұған ескірген материалдық-техникалық базасы да әсер етеді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев қор құрылғаннан бастап білім саласындағы қайырымдылық жобаларды қолдауға ерекше мән берілгенін жеткізді.
«Уәкілетті органдармен жағдайды бірлесіп зерделеу, серіктес қорларымызбен талқылау «Қазақстан халқына» қоры шешуге қатыса алатын өзекті мәселелердің бірі – ауылда білімді дамыту екенін көрсетті. Сондықтан біздің қайырымдылық жобамыз «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ, өңірлік әкімдіктерімен және басқа серіктестермен іске асырған «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» елдік бастамасы болды. 2022 жылдан бергі екі кезеңде қор еліміздің 17 өңірінде 135 тірек мектепті жарақтандыруға 33.5 млрд теңге жұмсады. Келесі жылы біз тағы 56 мектепті қамти отырып, жобаны аяқтаймыз», деді ол.
Б.Жәмішевтің айтуынша, «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы «Ауылдық жердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасының жалғасы болмақ. Сонымен қатар аталған қор осындай мектептер саны көп Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына да жобаны енгізуге қолдау көрсетеді.
Мәселен, биыл жобаға Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп тартылып отыр. Ал 2025 жылдың қаңтарынан бастап бұл жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады. Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы қамтылады.