Тұлға • 06 Желтоқсан, 2024

Аманат

255 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Дана, дара, бала...

Әбіш туралы әңгіме таусылмайды.

Ақтауда 27 қыркүйекте Мәжіліс төр­аға­сы Ерлан Қошановтың қатысуымен дүр­кі­реп өткен мерейтой шараларынан кейін Әбіш Кекілбаев жайындағы кей ойларды тағы бір ортаға салудың орайы бар сияқты.

Аманат

 

Дүниеге ерекше жаратылып кел­генімен, Әбіш ортадан оғаш шығып, оқ­шырайып тұратын вундеркинд болған емес. Ол да бала болған. Ол да мектепте жүріп-ақ ғашық болған. Өзіне Лира, Кларасына Муза деп ат қойып, хаттар жолдаған. Ол хаттарды Музаның парталасы Сайын Назарбеков тасыған. Ол да басқа балалармен қосылып, уни­верситеттегі алғашқы емтиханның алдында парктегі стадионға барып, түннің бір уағына дейін бокс көрген, содан таңертеңгі емтиханға кешігіп те қалған, жанашыр оқытушы апайдың: «Балшыққа батқыр, бокста басың қалғыр, боксты не қыласың, оқуыңа түсіп алмайсың ба!» деп ұрысқанын ести жүріп, басталып кеткен емтиханға (шығарма жазу) кіргізіп жібергеніне риза болған... Ол да жігіт болып, айтысқан-тартысқан, алысқан-жұлысқан, әділетсіздікті көргенде төзбей, тіпті төбелескен де. Тұманбай Молдағалиев «Ерекше өмір» деген мақаласында Виноградов көшесіндегі атақты жатақханаға бара қалғанында ойда жоқ жерден екі-үш жігіт жағасынан алып, сүйрей кеткенін жазады: «Бір кезде, қайдан пайда болғанын білмеймін, ұзын бойлы, жіңішке қара жігіт жетіп келіп, әлгілердің олайғысын олай, былайғысын былай ұшырды, кәдімгідей төбелеске кірісті. Қолым босаған мен де арашашы қамқорыма ілесіп, қайрат көрсете бастадым. Сөйтіп, төнген қатерден әлгі ұзын қара жігіт мені босатып алды». Сол қара жігіт Әбіш екен. «Сондай бір оқиғаның болғаны рас. Жақсы көретін ақын ағаны тентектердің тәлкегінен бір құтқарған сияқты едік», деп Әбекең күлетін де қоятын. Көңілі қатты қалғанда күйініп те кететін. Әйтсе де, қайтымы тез еді. Ондайын Темірхан Медетбек: «Әділдік үшін туыс пен жақынын да жатсынған. Шамына тисе болаттай, Күйініп кетсе кімге де Шамырқанып шарт сынған! Өңменінен өткізіп, Жетесіне жеткізіп, Айтам десе, айта алған. Жібектей сонсоң есіліп, Бәрін де, бәрін кешіріп, Қайтам десе, қайта алған» деп әдемі келтірген.

Әбіш – дана бола жүре, дара бола жүре, балалығын да сақтай алған бақытты адам. Оған пайғамбар жасына жеткенше Айсәуледей анасының алдында жүргені де әсер еткен шығар. Өзінің де немересі бар атаның «мамалап», кәдімгідей еркелеп отырғанына жүрегіміз толқитын. Клара апай: «Енем Айсәуле қайратты адам еді ғой. Аяулы анамдай болды. Өзімді де, балаларымды да сол кісі тәрбиеледі десем болар. Өмір сүруді сол кісіден үйрендік қой. Әбіш алпыстан асқанда да енем, жарықтық, оған кішкентай баласындай қарайтын», дейді.

Темірхан Медетбектің Әбекеңнің жазушылар тобын бастап, Украинаға, Киевке барғандағы қызығын айтып бергені есте. «Қонақүйден шығып, Крещатиктің бо­йымен Жоғарғы Кеңеске келе жатырмыз. Жаяу баратын жер. Әбекең балмұздақ көрсе болды, пионерлердің соңынан барып кезекке тұра қалады. Сәл жүргеннен кейін тағы балмұздақ көрсе болды, тағы тұра қалады... Сөйтіп Әбекеңнің екі бірдей балмұздақты жеп болуын күтіп жүріп, ақыры, Жоғарғы Кеңес төрағасының қабылдауына кешігіп жеттік...», дейді. Ана бір жылы ағаның жақын інісі Зейнолла Алшынбаевтың үйіне қонаққа барарда біз жолай балмұздақ салатын әдемі ыдыс ала қойып, онымызды қонақтан қайтарда Әбекеңе айта қойып, түнгі он екі шамасында сол маңдағы бір рестораннан балмұздақ тауып, «Нұрсаядағы» үйіне кіргеніміз бар... Осының бәрі Әбіш ағаның алыптығына сыя беретін.

Өзі тәттіні жақсы көргенімен, Әбіш өмірінің ащысы да аз болмаған. Екіге толмай майданға аттанған әкесінің соғыста қаза табуы, әкесіз өсуі сол заманның миллиондар көрген трагедиясы десек, жасы отызға толған, үйлі-баранды шағында аяқ­­астынан әскерге алынуын, жай алынып қоймай, дәл сол айларда шекарада қанды қақтығыс таяп тұрған Жалаңашкөл окопына дәлдеп жіберілуін белгілі бір топтардың жас дарынды қысастықпен оқ астына айдауы демеске амалың қалмайды. Әйтпесе, Кеңес армиясының күні Кекілбаевқа қарап қалған жоқ еді. Сондағы Әбіштің бар айыбы жастық максимализмімен әдеби айтыстарда әділетті тіліп айтқаны, кімнің кім екенін біліп айтқаны ғана. «Шығандап шыға шауып әп дегеннен, Барады дәурен өтіп әттегенмен. Әуелден әуселеңді білгенімде, Жүрмес пе ем өзгелердей әктеп өлең. Өйтпедім, айтқыш деген атаққа аздым, Атақты қияды ма шатақты азғын. Ақиқат іздегіш ең, көріп кел, деп, Жөнелтті жер түбіне, окоп қаздым», деп сол кезде жазған. Екі әпкесі мен қарындасының арасында еркелеп өскен, күнделікті тіршілікке тіпті бейімсіз Әбішке әскери өмір оңайға түспегені белгілі. Әйтсе де, сынақта сағы сынбаған. Өзіне өзі: «Бұлғаңдауды қоямын бұла жас­тай, Арзымсызға аузымды тұрам ашпай. Зымырандай зырқырап шығам көкке, Ракетамен атпаса құламастай», деген серт сөзін сол кезде айтқан.

 

Зымыранның зырқырауы

Әскер қатарынан келгеннен кейін Әбіш Кекілбаевтың қызметтік жолы басқаша жалғасты. Саясатқа араласа бас­тады. Қуаныш Сұлтановтың: «Менің па­йымдауымша, сол жылдарда да, қазіргі заманымызда да Әбекеңнің саясатқа құлшынған құштарлығы бола қойған жоқ. Әбекең өз бастамашылдығымен сая­сат іздеп ұмтылмады. Саясатқа Әбіш Кекілбаев сияқты тұлға қажет болды. Әбекеңнің ішкі дайындығы жеткілікті болған соң, реті келгенде одан бас тартпады. Желкенді қайыққа мінді. Желкеніне жел есті. Саясатта да өнердегідей жолы болды. Бір жақсысы – саясаттың ықпыл-жықпыл ойындарынан бойын аулақ ұстап, жеке даралығын сақтады. Мұндай даралық түптеп келгенде тазалыққа тән» деген сөзі орынды айтылған.

1970-1989 жылдар аралығында ол «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Мәдениет бөлімі көркем әдебиет секторының меңгерушісі, Мәдениет министрінің орынбасары, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы міндеттерін атқарды. Одан кейін Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы төралқасының төрағасы болды. Бұл жұмысқа құлшына бар­мағанын жақсы білеміз. Көлденең көк атты Колбиннің тепкіні еді ол. Мұны Жанболат Аупбаевқа берген сұхбатында былай айтқан: «Өзі қандай адам? Келіп кетпес пе екен?» деп бопсалапты... Қашқалақтап жүргенімді сезіп: «Соған анадай қызмет, мынандай қызмет қалай болар екен», деп те емексітіп көріпті. Ондай қаңқу өзгелердің құлағына қалай тиетінін біледі... Барсам, елбектеп, маңайына үйірілсем жоғарылап кетпегенмен, орынсыз сезіктен аулақ болатынымды білдім. Бірақ біреулердің бір-біріне дүрдараздығына бола, қосақ арасында босқа күйіп, әбден маңдайыма тигендіктен, бәрібір тырп етпедім. Ақыры, демалысқа шыққан ағаларымыздың қалған өміріне талшық болатын бір шетқақпай мекемеден барып бір-ақ шықтым».

Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамын басқарған тұста Әбіш ағаны Орталық комитеттің Идеология бөліміндегі мәдениет және өнер сек­торының меңгерушісі ретінде мен өзіміз қоса алатын тізімнің бәріне қосып, өзіміз шақыра алатын жердің бәріне шақырып, әйтеуір, көңілін аулауға тырысып жататынмын. Ол кезде жер-жердегі партия, кеңес қызметкерлерінің Алматыда ұйымдастырылатын бір айлық білім көтеру курстары деген болатын. Сол бір айдың ішінде бөлімдегі әр сектор курсқа шақырылғандармен бір-бірден кездесу ұйымдастырып, бір лауазым иесінің әңгімесін тыңдататын. Біздің сектордың жиі қолқа салатын адамы Әбіш аға еді. Ондай кездесулерге курсқа жиналғандардың түгел келетіні, ұйып тыңдайтыны, неше түрлі сұрақ қоятыны, Кекілбаевтың ағыл-тегіл шешендігіне аң-таң қалатыны әлі есімде. Белгілі бір дәрежеде сол жылдарда республика­лық партия активінің арасында Әбіш Кекілбаевтың, бүгінгі тілмен айтқанда, саяси имиджі жаңаша қалыптасты деудің де артығы жоқ. Әсіресе оның кез келген тақырыпқа қойылған сұрақтан, тосын тақырыптардан тосылмайтыны, орыс тілінде соншалықты төгілтіп әрі көркем сөйлейтіні (ол кезде партия, кеңес активі алдындағы сөздің бәрі тек орысша айтылатын), өз ойын еркін, екпіндетіп айту мәнері, ең бастысы – саясаттың нәзік мәселелерін соншалықты жетік білетіндігі бұған дейін Кекілбаевты тек әдебиетші ретінде танып келген партиялық функционерлердің аузын ашқызып, көзін жұмғызатын.

Әйтсе де, қызметтік мәртебенің аты – қызметтік мәртебе. Шағын мәр­тебе – шағын мүмкіндік. Дәл сол тұста Кекілбаевтай кемеңгердің үле­сіне тиген жалғыз мінбер партия, кеңес қыз­меткерлерінің Алматыда ұйым­дас­ты­рылатын білім көтеру курстары болып қалған еді. Соған қорлығым келіп, шыр-пырым шығып, сөзім жеткен жерге айтып жүретінмін. Бөлім меңгерушісі Мырзатай Жолдасбековке тағы бір кезек кіріп: «Әбішке обал болды ғой. Осыны шеше алмасақ, неменеге отырмыз бұл жерде?» дегенімде әншейінде салқын сабырынан айнымайтын, мені інісіндей жақсы көретін Мырзекеңнің өзі: «Шырағым, қайта-қайта қоймайсың. Немене, осы сенен басқа ешкім Әбіштің кім екенін білмей ме? Әлде сенен басқа ешкім Әбішті ойламай ма? Әлде біз адам танымаймыз ба? Ойымызда жүр ғой. Орайын келтіре алмай жатырмыз ғой» деп кәдім­гідей кейіп қалған болатын. Мыр­зе­кеңнің олай айтатын жөні де бар: «Үркер» мен «Елең-алаңды» Мемлекеттік сыйлыққа өзі ректор кезінде Талдықорған педагогика институтының ғылыми кеңесі ұсынған.

«Ащыны да, тұщыны да түгел таттым деуге болады. Ащысының тұсында жасқанған, тұщысының тұсында мастанған жерім жоқ сияқты. Жеңіп те көрдім, жеңіліп те көрдім. Бірақ соның бәрін бір басымның бағы мен астымдағы тағым үшін істеген емеспін. Соны сезіну маған сая­си өмірдің ең бір қиын сәттерінде ең берік рухани медет болды», деп айтқаны бар бір сұхбатында. Сондай қиын сынақтың бірін Әбіш Кекілбаев 1995 жылы бастан кешті. Татьяна Квятковскаяның Орталық сайлау комиссиясына жазған шағымы бойынша парламент сайлауы кезінде «бір адам – бір дауыс» қағидаты бұзылған деп табылып, қаламгер басқарып тұрған Жоғарғы Кеңес аяқастынан таратылды. Олжастың: «Для разгона парламента в России потребовались танки, а в Казахстане хватило одной Таньки» дейтіні сол кез. Сөйтіп, одан бір жыл ғана бұрын аса жоғары билік лауазымына көтерілген Әбіш Кекілбаевтың саяси мансабы сынаққа салынды. Бұл нәзік жанды жазушының жанын жаралап өткен оқыс оқиға еді. «Аттан ауған ақырет емес. Тақтан ауған тақсірет емес. Өз басыңнан бақ ауса да, ел басынан бақ аумасын» деген сөзін Әбіш Кекілбаев сол күндері айтты. Даналығын, даралығын көрсетті.

Кемеңгер өмірінің кейінгі күндерінде сүйініштен күйініш көп болды. Аяулы перзенті Әулеттің автомобиль апатынан көз жұмуы орны толмас қасіретке айналды. Ол күндердегі, ол айлардағы Әбіш ағаның жағдайын сөзбен айтып жеткізу қиын. Клара апайдың бір сұхбатындағы: «Әулеттен айырылғаннан кейін Әбіш қолына мүлде қалам алмады ғой» деген бірауыз сөз бәрін де ұғындыра алады. Әлеуметтік желінің әлімжеттігіне әрең шыдаған жүректі перзент күйігі біржолата жаншып тынды. Өмірден Әбіш өтті.

 

Баянауылдағы байлам

Әбіштің адалдығына, айтқыштығына, әділдігіне дәлел боларлық бірер жай ойға оралып отыр.

1991 жылы Әбекең Баянауылдан Парламент сайлауына түскенде неше түрлі жағдайды бастан кешкенбіз. Ол кезде партияның Орталық Комитетінде бірге жұмыс істейтінбіз. Сын сағатта мені жанына ерте кеткен еді.

Аудан орталығындағы кездесуде бір ақсақал орнынан тұрды да, мынандай қыңырлау сұрақты қойып қалды: «Шырағым, сөзіңнің бәрі дұрыс, бәрін ұғындырып-ақ отырсың. Дегенмен, мынаның басын ашып айтшы – осы сені біздің Олжаспен арасы нашар деген бір әңгімені естідім. Осы не сөз? Түсіндірші бізге». Олжастың тегі Баянауылдан ғой. Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Ақын-жазушылар арасында келіспеушілік, мінез сыйыспаушылығы деген бола береді. Сондай-сондайды кей ағайын­дар алаулатып-жалаулатып та жатады. Оның үстіне содан екі-үш жыл бұрын Жазушылар одағында Олжас бірінші хатшы, Әбіш екінші хатшы болғаны, Әбіштің Ескерткіштерді қорғау қоғамына сол жерден ауыстырылғаны да рас. Бастары піспесе піспеген шығар деп қисындауға ілік те бар. Бірақ Әбіштің Жазушылар одағындағы басшылық жұмыстан кетуінің себебі Олжастың екпіні емес, Колбиннің тепкіні болатын. Оны жаңа ғана айттық. Содан Әбіш жауапқа кірісіп, аттың басын жіберді дейсіз. Олжастың қадір-қасиетін, оның отты жырларының Одақта қандай құрметтелетінін, бүкіл әлемді аралап шыққан азамат екенін, шетелдерде есімі Евтушенко, Вознесенский, Рождественский деген атышулы ақындармен қатар аталатынын, Мәскеуді былай қойғанда, Париж, Нью-Йорк, Лондон сияқты қалаларда жыр кештерін өткізгенін, өлеңдерін орыс тілінде жазғанымен, бүкіл рухы қазақы екендігін, сонысымен халықтың жақсы атын шығарып жүргенін төгілте түсіндіріп, өзі Олжастың өлеңдерін алғаш аударушы, Олжас туралы қазақша жазылған алғаш­қы мақаланың авторы екенін айшық­тап айтып келді де, Олжас талантын құр­мет­теу онымен ай сайын дастарқанда бас қо­сып жүруді міндеттемейтінін, баз бір мәсе­лелерде әркімнің өзінің жеке пікірі болуы мүмкін екенін, бірақ түптеп келгенде елдің ісі жолында Олжаспен дәйім бір топтан табылатынын жеткізді. Зал сілтідей тынып қалды да, кенет серпіліп қол соғып жіберді.

Әңгіме содан бастапқы жайма-шуақ арнасына түсіп қалып еді, енді басқа бір ақсақал қолын көтерді. «Айналайын, сенің өзіңе шатағымыз жоқ. Үлкен азамат екенсің. Дегенмен, біз де елміз ғой. Баянауыл деген атымыз бар. Біздің де осы бәйгеге салып отырған азаматтарымыз бар. Олар да елге қызмет етіп жүр. Сөзімізді сөйлеп, сол жерде отыратын шығар деп күтіп едік. Енді оларға не айтарымызды білмей қалдық. Өзіңнің де елің бар емес пе? Ол жақтан неге түспедің?», деді. Зал тым-тырыс. Әбіш бұл жолы жауапты қысқа қайырды: «Ағасы, қазақта сөз бар ғой, «Тұлпарлығыңды сынағың келсе, арғымақ баптаған жерге бар – құлын кезіңді көрген жоқпыз деп қайтара қоймас бағыңды, жігіттігіңді сынағың келсе, азамат өсірген елге бар – әкеңмен табақтас болмадық деп сындыра қоймас сағыңды» деген. Мен бағымды арғымақ баптаған жерден, азамат өсірген елден сынайын деп келіп отырмын. Қалғанын өздеріңіз шешіңіздер».

Әлгі ақсақал мықты екен. Сол сәтінде-ақ: «Ау, ағайын, мына жігіт текті адамның сөзін айтып отыр ғой, сөзді қойып, бәріміз осы жігітке дауыс берейік», деп қалың жұртшылыққа қарап еді, зал толы жұрт дуылдата қол соқты. Кейін сайлауда Әбіш жеңіп шықты. Дәл сондай нақыл халықта бар-жоғын әлі біле қоймаймын, оны Әбіштің сол арада суырып салып айтуы да мүмкін, олай болмаған күннің өзінде де табан асты сөз тауып кеткені және онысын бір өзінен он шақты академик шыққан Баянауыл еліне құрметін көрсете келістіріп жеткізгені баршамыздың айызымызды қандырды. Шешендік деп те, көсемдік деп те осындайды айтады ғой.

 

«Үркердің» үйретері

Алып даланың Маңғыстау атты алыс бір қиырының өркениет шырмауы­ғына шырмала қоймаған шағында, қаймағы бұзылмаған тұп-тұнық қазақы ортада дүниеге келуі, бойы да, ойы да қатпай тұрған кезінде әкеден айырылу катаклизмін көруі, жастық, жігіттік дәуренінде тоталитарлық қоғамның күрделі келбетін сезінуі, ойға тұсау, тілге шідер салынған сол уақыттың өзінде қоғам шындығын, заман шындығын айтудың жолдарын іздеуі сияқты қат-қабат жайлар бір-біріне қосыла келіп, Әбішті жас күнінен шыңдап, ширатып шығарды. Табиғатынан дарынды туған, бала күнінен елден ерек қабілетімен ауыл-аймағын, студент кезінен асқан ақылымен, жасына сай келмейтіндей білімімен, ақтарыла ағылатын шешендігімен Алматы­ның зия­лы жұртын риза еткен Әбіш әдебиеттің қазанында қайнап, адамзаттық ақыл-ой алыптарын игеріп, шын мәніндегі жаһандық танымға ие болды. Алғашқы кітаптарынан-ақ «сөз өнеріне үлкен мұрат, биік талап, терең талғам, таза жүрекпен қараудың» (Сағат Әшімбаев) үлгісін көрсетті. Жас күнінде-ақ ұлттық сөз өнерінің әлемін жарып шыққан «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Шыңырау» сынды классикалық повестері Әбіштің атын алысқа жайды. Олар Мәскеудің беделді журналдарында жарияланды. Еуропада бірнеше тілге аударылды. Қайта-қайта аударылды. Мысалы, немісше қос томдығы қазақша қос томдығынан бұрын шықты. Әдебиет әлемінде абыройлы «Фольк унд Вельт» баспасы анықтаған «Жиырмасын­шы ғасырдың 100 үздік жазушысы» қатары­на кешегі кеңес елі қаламгерлерінен Шоло­ховпен, Пастернакпен, Ахма­то­­ва­­мен, Айтматовпен, Ғамзатовпен, ­Евту­­шен­комен, Бондаревпен бірге тұрып қосы­лып, қазақ көркем сөзінің атағын алыс­қа асырды.

«Суреткер ретінде Әбіш тек қана қазақ әдебиетіне ғана емес, тек қана түркі халықтарының әдебиетіне ғана емес, меніңше, әлемдік әдебиетке олжа салған қаламгер. Қалай өмір сүруді емес, не үшін өмір сүруді шегіне жеткізе уағыздаған Әбіштің қоңыр домбырасының үні әлемдік әдебиет оркестрінің ішінде айқын естіледі», дегенді Ақселеу Сейдімбек айтқан.

«Егер Әбіш Кекілбаев Орта Азияда тумай, басқа бір жерде, әлемдік тілдердің біреуі кең жайылған елде, мәселен, Латын Америкасында туса, әлемдік оқырманға әлдеқашан кеңінен мәлім болған болар еді ғой деп ойлаймын», дегенді жазушы шығармаларын венгр тіліне аударушы Катона Ержебет айтқан.

«Ресейде сөз шеберлері көп болған: Паустовский, Тургенев... әйтсе де, энцикло­пе­дия­лық біліміне, сөзді алақанда ойнат­қан шеберлігіне қарамастан, олар Тол­стой­дан алыс тұр. Қазақ әдебиетінде Тол­стойға ең жақын тұрған қаламгер – Әбіш Кекілбаев. Ойдың ауқымдылығы, плане­та­лық мотивтер, төгілген тіл – міне, Әбіш оқырманын осы қасиеттермен баурап алады», дегенді Олжас Сүлейменов айтқан.

Қазақ халқының әлемдік өркениет биігіне көтерілу жолындағы ең жарқын жеңістерінің қатарында Кекілбаевтың шығармашылығын да алға тоса аламыз. Кекілбаев қазіргі әлемдегі қалам ұстаған адамға қойылар ең биік талаптың, суреткер атаулы салынар ең қатал сынақтың қандайына да шыдас береді. Әбіштің кітап­тарында әлем әдебиетіндегі ұлы жазу­шыларға тән қасиеттердің бәрі бар. Мұның үстіне, ол – аса ірі ойшыл.

 

Бір мысалмен шектелейік.

«Үркердің» ұлы идеясы роман соңында ұлын аманатқа аттандырып тұрған Әбіл­қайырдың мына ойымен жеткізілетін:

«Түһ, түн неткен қараңғы еді! Жұл­дыздар да шілде ортасындағыдай шүпір­лей қапты. Анау Темірқазық, анау Жетіқарақшы. Анау Ақбоз, Көкбоз... Анау... Апырау, мынау ат құлағының арасынан қылаңытқан күлдей бозаң шоғыр Үркер ғой! Жарықтық, бұдан ұсақ, бұдан солғын жұлдыз жоқ шығар. Бірақ соған қарамастан, қаншама самала шырақтар самсаған түнгі аспанда оны көзің бірден шалып тұр-ау! Оның сиқыры неде екен? Әлде жұп ажыратпай бірге туып, бірге бататынынан ба? Жұлдыз екеш жұлдыз да неғұрлым саны аз, неғұрлым жарығы солғын болған сайын жиі тұрмаса, көзге түсе алмайтындарын білген ғой! Өздері неткен ыңғайтөк еді! Жаздың жаңбырлы, құрғақ, қыстың жайлы, жайсыз боларын жұрт осы Үркерге қарап біле қояды. Бәрін алдын ала осы бір шөкім солғын шырақтар сезіп қоятындай. Бәлкім, мынау бірін-бірі иықтап, бірін бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде аз халықтарға да осы Үркер мінез керек шығар! Бәлкім, олар да мынау ұйытқымасы көп аласапыран дүниеде тек Үркердей тығыз тұрып, дауыл мен боранды Үркердей алдын ала біліп, алдын ала ыңғайға аунап отыра алса ғана аман қала алатын шығар...».

Айтқан-ақ қой. Бұдан артық сол заманда қалай айтсын енді! Суреткерлік пен ойшылдықтың үздік үйлесімі осындай болмағанда, қандай болмақ!

Жанғара Дәдебаевтың «Өлмейтін өнер үлгісі» атты мақаласында Әбілқайырдың тағдыршешті тілегі қандайлық күрделі саяси-тарихи ахуал жағдайында пісіп-жетілгені, бұл идеяның ханның басынан ғана шықпай, Бөкенбай секілді батыр тарапынан да қолдау тапқаны роман-эпопеяда суреттеліп отырған оқиғаға белгілі бір дәрежеде халықтық сипат дарытатыны дәлелденген. Романда Әбілқайыр хан: «Азға бастың амандығы мен іргенің тыныштығынан басқа мұрат жоқ. Көптің аңсайтыны – асқан, аздың ойлайтыны – қатардан қалмаған. Көп өз мақсатына күшпен де жете алады. Аз ақыл-айласымен ғана күн көре алады. Ақылы болса, көптің көздегенін өз мүддесімен орайластыра алса, аз да есесін жібермейді. Бұл әлемдегі барлық нәрсені тек күш шешетін болса, ақыл мен білік әлдеқашан адыра қалмас па еді. Бірақ олай емес қой», деп ойға батпайтын ба еді?

 Бұл сөздерді біз де ұмытпауымыз керек.

Қазақ – аз халық. Азға ақыл мен айла да, білім мен білік те, қажыр мен қайрат та, елдік пен бірлік те көптерге, күштілерге қарағанда көбірек қажет етіледі. Талап етіледі!

Қаламгердің өз сөзін пайдаланып айтсақ: біз «мынау ұйытқымасы көп аласапыран дүниеде тек Үркердей тығыз тұрып» қана аман қала аламыз. «Мынау бірін-бірі иықтап, бірін-бірі төбеден нұқып жатқан әумесер дүниеде» ірі болудың да, тіпті тірі болудың да басты шарты – бір болу.

Абыз Әбіш бізге осыны аманаттап кетті. Аманатқа қиянат жүрмесін.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы