Өндіріс • 06 Желтоқсан, 2024

Маралдыдағы алтын фабрикасы

113 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күршім ауданының Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы іске қосылып, 300 жұмыс орны ашылды. Тұрғын­дардың алды жұмысқа орналасып та үлгерді. Соны­мен қатар кәсіпорын басшылығы тарапынан 200 отбасына ай сайын 170 мың теңге көлемінде көмек көрсетіліп отырмақ.

Маралдыдағы алтын фабрикасы

Инвестор Күршім ауданына қарасты Маралды ауылының маңайында 2013 жылдан бері барлау жұмыстарын жүргізіп келген. Әу баста ауыл маңында фабрика салынады дегенді естіген жергілікті тұрғындар оған қарсы болғаны белгілі. Қаншама қоғамдық тыңдау өтті. Ол туралы бір емес, бірнеше рет жазылды, айтылды. Халықтың қарсы­лық танытуының басты себебі – цианид. Яғни алтын химия­­лық улы затпен өндіріліп, ірге­дегі өзен ластанады деп қауіптен­ді. Тұмса табиғат үшін алаңдады. Алайда тәуелсіз экологтердің өзі цианидтің әлемдік тәжіри­бе­де барын алға тартқан. Кен құрамындағы алтынның 75 па­йызы цианидпен немесе сынаппен өндіріледі десе, қауіпсізі – цианид.

– Цианидпен алтын өндіру әлемдік тәжірибеде бар. Ол сұйықтықтың 00,5 пайызын ғана пайдаланады. Екіншіден, ол деген төгіп-шашатын арзан дүние емес. Бірақ табиғатқа еш зияны жоқ, – дейді эколог Дәулет Асанов.

Арнайы сарапшылар да фаб­рика құрылысынан ешқандай заң бұзушылық таппаған. Ал зияны жоқ дейік. Жалпы фаб­риканың ауыл үшін пайдасы қандай? Жоғарыда айтқандай, 200 отбасына 170 мың теңге көлемін­де ай сайын ақша төленеді. Жол жөндеуді де компания өз мо­йындарына алатын көрінеді. Жалпы, ауылға ғана емес, аудан экономикасының қарқынды дамуына серпін бермек. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бюджетке түскен салық есебінен Маралды ауылы көркейе түспек.

Тұрғындарды алаңдатып отыр­ған тағы бір мәселе, ойраны шық­қан жерлерді қайта қалпына кел­тіру жұмыстары еді. Ол үшін кәсіпорын екінші деңгейлі банктен арнайы есепшот ашып, сонда түскен қаржыны рекультивация жұ­мыстарына жұм­са­мақ. Алтын қазу жұмыстары қар­қын­ды жүргі­зіл­генімен, табиғатқа зардабын тигізбек емес. Ол мәселені Алтай ботаникалық бағының мамандары да айтып отыр. Олар «ВСАМ Продакшн», «ГРК»Мaralicha», «СтройГрадСП» жауапкершілігі шектеулі серіктестермен бірлесіп, флора мен фаунаға зиян тигізбеу жөнінде келелі кеңес өткізген. Ком­пания өкілдеріне сирек кезде­сетін өсімдіктерді сақтау үшін нұсқаулық беріліп, жоспар құ­рыл­ған, оның орындалу-орындалмауы уақыт еншісінде. 2023 жылы мау­сымда технологиялық қа­жет­тілік үшін Маралды, Репьев, Қара­өт­кел өзендерінің суын алуға рұқсат беріліпті. Ол туралы Ертіс бассейні инспек­циясының аумақтық бөлі­мі­нің басшысы Светлана Леонтьева мәлімдеді.

Тарих бетін парақтасақ, Маралды маңайында кен орындарын барлау жұмыстары 1931 жылы басталыпты. Ол заманда 319 ұңғыма жасалып, 1 510 метр арық қазылған. 867 жерас­ты қазу жұмыстары жүзеге асқан. Осындай жұмыстың салдарынан жер беті бүліне бастаған. Соның өзінде осы уақытқа дейін жұмыс істеген бірде-бір кәсіпорын қалпына келтірумен айналыспаған.

– Жоспарланған қызмет аймағын­дағы жерасты сулары мен жерүсті суларының құрамы бірдей. Бұл кен орны ауданындағы Маралды өзенін ластауға қабілетті компоненттердің жоқтығын көрсетеді, – деп түсіндірді «Эколира» ЖШС басшысы, инже­нер­лік-техникалық жобалау жөнін­дегі маман Анатолий Кашин.

Жалпы, еліміз көлемінде дәл осындай 50-ден астам кәсіпорын бар. Олардың бірі де қоршаған ортаға зиян тигізіп отырған жоқ. Маман­дар­дың айтуынша, егер қойылған талаптарды ескере отырып жұмыс істесе, төңірекке төнетін қауіп жоқ. Жердің өзін компания аукцион арқылы заң аясында сатып алған.

– Барлық жеті учаске Маралды кен орнының санитарлық-қорғау аймағында. Яғни 2012-2013 жылдар аралығында қызметін жүргізетін өнеркәсіптік объектілердің екі сани­тарлық-қорғау аймағының қол­данылу радиусында орналасқан. Ха­лық­тың мүдделеріне әсер етпейді, өйткені жер учаскелері Маралды ауы­лының шекарасынан тыс жерде 2,8 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан, – дейді облыстық жер қатынастар басқармасының басшысы Надежда Михейлис.

Жалпы, Маралды аумағындағы кен орны ауданға ауылға ғана емес, мемлекеттің экономикасы үшін де тиімді дейді басшылар. Ауыл азаматтары жұмыспен қамтылып, тұрақтап қалуға септеседі. Әйтпесе, Маралдыдан қаншама отбасы көшіп кетті? Осы орайда фабрика өкілдері мен жұмысқа орналасқан азаматтар да пікір білдірген.

– Қазір фабрика қажетті рұқсат­тар­ды толық алып, өз жұмы­сын толық қарқында бастады. Эколо­гиялық қауіпсіздік бойынша талаптар сақталады. Түлектерді оқыту, жұ­мыс орындарын ашу сынды әлеу­мет­тік міндеттеріміз толық орындалады, – деді «ВСАМ Продакшн» ЖШС ресми өкілі.

Тұрғындар ашылып жатқан кәсіпорынның арқасында нан-шай­ларын айырып қана отырған жоқ, бала-шағасын оқытып, облыс орта­лы­ғынан үй де алыпты.

– Жолдасым екеуіміз екі жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Ауылда басқа жұмыс та жоқ. Ай сайын жала­қы­мызды алып отырмыз. Балалар оқыды, жетілді. Былтыр Өскеменнен үй алдық. Жұмысымыз жақсы, – дейді фабрика қызметкері Гүлмира Игілікова.

Кейбір жұмысшылардың қыз­меті өсіп, жалақылары арта бас­таған. Олар фабриканың таби­ғатқа зияны тимей, ха­лыққа жұмыс беріп отырса, қарсы емес екендерін айтады.

– Әуелде фабрикаға күзетші болып кірген едім, кейін жүргізуші болып орналастым. Енді фабрика ішінде басқа жағына ауысайын деп жатырмын. Себебі онда айлық жоғары, – дейді көпбалалы әке, Маралды тұрғыны Әлібек Советов.

Иә, фабрика іске қосылды. Кен орны болғандықтан, жару жұмыс­тары да жиілейтін көрінеді. Бірақ жарылыс салдарынан ұшатын ұш­қын­дардың радиусы 50-150 метр. Ауа соққысы 400-550 метр деседі. Ол үшін ауыл тұрғындарымен мамандар арнайы өлшеген көрінеді. Желді күні де Маралды ауылына дейін шаң-тозаң жетпейді деседі. Ауыл ең таяу жарылыс жұмыстары жүргізілетін орыннан 1 200 метр қашықтықта болса, өзен 500 метр жерде екен. Демек, кері әсерін тигізбеуі мүмкін. Кенді тас­тарды үгіту жұмыстары жүрген кезде де шаң ауылға дейін жетпейді деп сендірді мамандар. Айналып келгенде, ауыл мен ауыл тұрғындары үшін фабриканың бәлендей төн­діретін залалы жоқ. Табиғат та жапа шекпейді. Керісінше, тек пайда үшін іске қо­сыл­ған. Қалғанын уақыт көрсетеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы,

Маралды ауылы