Қоғам • 06 Желтоқсан, 2024

Мемлекеттік қолдаудың ерекше технологиясы

107 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларының қолжетім­ді­лігі мен ашықтығын қамтамасыз етуде иннова­ция­лық шешімдерге сүйену – заман талабы. Халықтың қаржылық дағдыларын айтарлықтай өзгертіп, жекелеген санаттардың өмір сүру сапасын жақсартатын сондай жобаның бірі – әлеу­мет­тік әмиян алдағы жылы елімізде толығымен енгізілмек.

Мемлекеттік қолдаудың ерекше технологиясы

Кез келген дағдарыстың жаңа мүмкіндіктерге бағдар болатыны секілді, елімізде әлеуметтік көмек көрсетудің тың, тиімді тәсілін енгізу пандемия уақытында бастау алды. Өйткені сол кезде көптеген тұрғын мемлекеттен әлеуметтік төлем алу үшін банктік шоттарды ресімдеуде қиындықтарға тап болды. Айқын артықшылықтарға қарамастан, әлеуметтік әмиянды енгізу үдерісі бірқатар проблемамен қатар өрбіп, қалыптасып, жетілудің ұзақ, соқпақты жолынан өтті. Жүйені енгізудің бастапқы кезеңінде әртүрлі мемлекеттік, қаржылық платформаларды біріктіруге байланысты техникалық қиындықтар туындады.

Платформа жиі істеп шығып, аудармалардың кешігуі, әртүрлі мемлекеттік құрылымдар ара­сын­дағы деректерді синхрон­дау­дың жеткіліксіздігі байқалып отыр­­ды. Оның үстіне халықтың ба­сым бөлігінің, әсіресе егде жас­­тағы адамдардың цифрлық сервистерді пайдалану, мобильді қосым­шалармен, интернет-платфор­малармен жұмыс істеу дағды­ларының болмауы олар­дың әлеуметтік әмиянды толық пайдалану мүмкіндігін шектеді. Сонымен қатар әсіресе шал­ғай мекендерде интернеттің тұрақты жұмыс істемеуіне байланыс­ты инфрақұрылымды дамы­ту­­дың өзектілігі барған сайын се­зіл­ді. Жеке деректердің көптігі, қар­жы­лық операциялар да ақпа­рат­тың тарап кетуінен қорғау­дың жоғары деңгейін қажет етті.

Әлеуметтік платформа мін­дет­терінің бірі – халықтың бар­лық топтарына, соның ішінде мүм­кіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға, сон­дай-ақ шал­ғай өңірлердің тұр­­ғын­­дарына қолжетімділікті қам­та­масыз ету. Алайда кейбір жағдайда жүйе осы санаттардың барлығын есепке алмады, бұл төлемдер мен басқа да жеңіл­дік­терге тең қол жеткізуге кедергі болды.

Тағы бір проблема – мем­ле­кеттік органдар арасын­да­ғы үйлестіру мәселесі. Әлеуметтік әмиян салық органдары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі, банктер сияқ­ты әртүрлі мемлекеттік органдармен бірік­тіріл­уі керек болса, іс жүзінде бұл құрылымдар арасында дерек­тер­ді үйлестіру мен бөлісуде жиі кереғарлықтар туындады. Бұл төлемдердің ке­шігуі­не, азамат­тар­дың есебінен жа­ңылуына әкелді.

Қандай түйінді мәселе болсын, әлеуметтік бағ­дар­ланған мемлекетте халық­тың әлсіз топ­­тарына қолдау көрсету­дің ма­ңыз­дылығы бірінші кезекке қойылады. Сондықтан аза­маттың цифрлық әлеуметтік әмиянын енгізу, тиісті тауар өткізу жүйесін құру жөнінде бастама көтере отырып, Мем­лекет басшысы әлеуметтік кө­мек әділеттілік, ашықтық, тиімділік қағидаттарына негіз­делуі, қол­дау оған шынымен мұқ­таж аза­маттарға бағытталуы керек­тігін үнемі еске салып келеді. Қазірде Үкімет 2025 жыл­дан бас­тап әлеуметтік әмиян­­ды толық енгізуге белсене кіріс­ті. Жоба әр отбасына олардың әлеуметтік мәр­тебе­сі­не қарай берілетін мем­лекет­тік қолдаудың барлық түрін қамтитын болады.

Былтырдан бері жоба оқушы­ларды тегін, жеңілдікпен тамақ­тандыру, азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметтерін ұсына отырып, қанатқақты ре­жім­де іске асырылып жатыр. eGov Mobile қосымшасында әлеуметтік әмиян арқылы мектептерде тегін тамақтану жобасы ата-аналарға қызметтерді белсенді түрде алуға, балалардың мектеп асханаларына баруын бақылауға, жеңілдетілген тамақтану үшін сандық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді. Мектептегі баланың тамақтануы жүйеде ескеріліп, бұл туралы ата-аналар қосымшада ақпарат алады, мемлекеттік қолдау шара­ларының сапасы туралы пікір қалдырады. Соның негізінде қыз­мет көрсету актісі жасалып, төлем шоты беріледі. Мемлекеттік қар­жы­ландыру бұрынғыдай бастауыш сынып оқушыларының санына байланысты емес, тамақтану фактісіне сәйкес жүзеге асырылады. Осылайша, әлеуметтік әмиян мемлекеттік қолдау шара­ла­ры­ның атауы мен валидациясын ашық көрсетеді. Қазіргі уақытта тамақ­тану­ды есепке алу, тіркеу жүйе­лері 15 аймақтағы 250 мектепте жұмыс істейді. Жобаны кеңейту мақсатында мектептерді тамақ­тандыруды есепке алу, тіркеу жүйелерімен қамтамасыз ету, оларды әлеуметтік әмиян жүйе­сі­мен интеграциялау жө­нін­де жұ­мыс жүр­гізіліп жатыр. Сынақ Ақмола, Маңғыстау облыс­тарында, Астана мен Шымкентте сәтті өтті. Әрі қарай жоба мектептердің дайындық деңгейіне қарай басқа өңірлерде де біртіндеп жол таппақ.

Әлеуметтік әмиян арқылы тегін дәрі-дәрмек алу үшін eGov Mobile қосымшасында тіркеуден немесе бұрын тіркелген болса, сәйкестендіруден өту керек. Әрі қарай, науқас «әлеуметтік әмиян» бөліміне кіріп, «дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» жолын таңдайды. Егде жастағы азаматтарға, сервис қызметтерін пай­далана алмайтындарға ем­ха­­­наға барған кезде Face-ID, веб-камералардың көмегімен сәйкес­тендіруден өту жеткілікті. Денсау­лық сақтау министрлігінің мәлі­ме­тінше, қанатқақты жоба­ға бү­кіл ел көлемінде 700-ден астам медициналық ұйым қаты­сып, 93 мың рецепт бойынша дәрі-дәрмек берілген. Енді нау­қасқа қағаз рецептін алу үшін дәрігерге жазылуға уақыт жұм­сау­дың қажеті жоқ, медбике кезексіз қажетті препаратты өз бетін­ше береді. Осылайша, әмиян­ды қолдану арқылы заң­сыз айналымға, бұрма­­­лауға, нау­қастарды дәрі-дәрмек­пен қам­тамасыз етудегі басқа да бұзушылықтарға жол берілмейді.

Мемлекеттік қызметтерді цифр­ландыру қолдау шараларын алатын азаматтардың көлемін анықтауға да ықпал етеді. Көптеген азамат қолдау­дың қандай шара­ларымен қам­ты­латынын біл­мейді. Бұл ретте бірыңғай платформа мемлекеттік қолдау шара­ла­рының барлық түрін ақпа­рат­тандыруға, ұсынуға, есепке алуға арналған. Оған мем­­лекеттік қол­дау шаралары кезең-кезеңі­мен көшіріліп, әрбір азамат­қа мем­лекеттік қолдаудың қандай түрлерін пайдалана алатыны туралы хабарлама жіберіледі. Цифр­ландыру қателіктер мен кем­ші­ліктерді болдырмайды. Азамат мемлекеттік қол­дау­дың барлық түрін ғана емес, мем­ле­кет­тік шығыстардың мөл­шерін де көре­ді. Алдымен қолдау шаралары ақша­лай емес, нақты түрде, яғни мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған ыстық тамақ, дәрі-дәрмек немесе техникалық құралдар арқылы берілетін болады. Оның шеңберіндегі қыз­мет­­терге жұмсал­ған сома қоры­тынды есепте көрсе­тіледі.

Қазіргі уақытта Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесіп цифрлық теңге платформасын іске асырып жатыр. Осыған байланысты Қазынашылық коми­те­тінің қатысуымен әлеуметтік әмиян шең­берінде ваучерлермен цифр­лық теңгеде есеп айы­рысу мүм­кіндігі беріледі. Бұл бастама әлеуметтік төлемдерді автоматтандыру, әкімшілендіру, есепке алу үдерістерін жеделдетуге, әлеуметтік көмектің ашық­тығына, сондай-ақ үшінші тұл­ғалар тарапынан өндіріп алулар мен тыйымдардан сақтауға кепілдік береді.

Тұтастай алғанда, әлеуметтік әмиянды әділетті қоғам өлшеміне негіз­делген маңызды қадам деп бағалауға болады. Мұндай құрал­ды енгізу азаматтарға әлеуметтік төлемдерді тезірек, ыңғайлы алуға, ал мемлекетке қаражаттың жұмсалуын тиімдірек бақылауға мүмкіндік береді. Соған қара­мас­тан технологияны сәтті енгізу барысында цифрлық сауатты арттыру, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бірқатар мәселені шешу қажет. 

Соңғы жаңалықтар

Ұлт болмысының тұғыры

Қоғам • 11 Қаңтар, 2025

Жылынудың жануарларға әсері

Жануарлар • 11 Қаңтар, 2025

Тылсымға толы Шал тауы

Талбесік • 11 Қаңтар, 2025

Қоныстой – көптің қуанышы

Аймақтар • 11 Қаңтар, 2025

Көлде жүзген қос аққудай...

Қоғам • 11 Қаңтар, 2025

Ауаға айтылған уәж

Өнер • 11 Қаңтар, 2025

Театр тұйғыны

Театр • 11 Қаңтар, 2025

Киелі күй иесі

Тұлға • 11 Қаңтар, 2025

Байыптау мен айыптаудың арасы

Білім • 11 Қаңтар, 2025

Жылу қазандығы жаңартылды

Аймақтар • 11 Қаңтар, 2025

Тұтынушы құқын білесіз бе?

Құқық • 11 Қаңтар, 2025

«Ақылды қалаға» апарар жол ұзақ

Алматы • 11 Қаңтар, 2025

Тариф түзілімінің жаңа қағидасы

Сараптама • 11 Қаңтар, 2025

Сапаға мән береді

Еңбек • 11 Қаңтар, 2025

Экономикаға серпін береді

Пікір • 11 Қаңтар, 2025

Игі бастамалар жүзеге асады

Пікір • 11 Қаңтар, 2025

Сенім мен үміттің бастауы

Пікір • 11 Қаңтар, 2025

Еңбек ұжымдарымен кездесті

Саясат • 11 Қаңтар, 2025