Бокс • 07 Желтоқсан, 2024

Тартыс көрігі қыза түсті

114 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Азия чемпионатының бесінші жарыс күні еліміздің бес боксшысы өнер көрсетіп, төртеуі жеңіске жетті. Дулат Бекбауов, Абылайхан Жүсіпов, Диас Молжігітов, Әйгерім Сәттібаева жартылай финалда күш сынасу құқығына ие болды.

Тартыс көрігі қыза түсті

Чиангмайда 67 кг сал­мақ­тағы Дулат Бекбауов екінші рет шаршы алаңға көтерілді. Тұсаукесер кездесуінде тайпейлік Ванг Чиуанды еш қи­налмай ұтқан Тараздың тарланы ширек финалда малайзиялық Айман Мұхаммад Арифтің тас-талқанын шығарды. Үшінші раундта Дулаттың қарсыласы бәсекені одан әрі жалғастыра алмады. 71 кг салмақ дәрежесіндегі Абылайхан Жүсіпов біраз уақыт кәсіпқойлар ара­сында өнер көрсетіп, жа­қында ғана әуесқой рингке қайта оралғаны белгілі. Қарағандылық қыран ке­зінде әлем чемпионатында үш рет қола медальды мойнына іліп, Азияның вице-чем­пионы атанғанын да жанкүйерлер жақсы біледі. Осы жолы Абылайхан жақсы бабында екенін бай­қатып, түрікменстандық Байрамдурды Нұрмұ­хам­­медовті едәуір басым­дықпен жеңді. Бәсеке барысында ол бәсекелесін бір мәрте есеңгіретіп те тастады. 75 кг сал­мақ­тағы Диас Молжігітовпен жұды­рықтасуға тиіс жапо­ниялық Даиго Сунаго рингке шықпады.

Бұрымдылар бәсеке­сінде 48 кг салмақтағы Әйгерім Сәттібаева кө­рер­мендерін қуантты. Өте шие­леністі өткен айқаста филиппиндік Офелия Маг­ноны ұтты. 54 кг сал­мақ­тағы Сымбат Әлиас­қар қытайлық Вэнь­цянь Сюге есе жіберді.

Алтыншы жарыс күні де ширек финалдық сайыс­тар өтті. Ринг­ке көтерілген елі­міздің алты бокс­шысының бесеуі жеңіске жетті. Сөйтіп, Оразбек Асылқұлов, Ер­асы­л Жақпеков, Жазира Орақ­баева, Ұл­жан Сәр­сен­бек, Вик­тория Гра­феева жартылай финалға жолдама алды.

57 кг салмақ дәре­же­сіндегі Оразбек Асыл­құ­лов таиландтық Фануват Чуджанатпен күш сынасты. Жергілікті жанкүйерлер өз өрен­деріне барынша қол­дау көрсетті. Олар айғай­­лап-шулап, кер­ней­­­­летіп-сырнайлатып, спорт кешенін басына көтер­генімен, бұл жағдай қа­зақтың өр мінезді ұлы­на еш әсер еткен жоқ. Ораз­бек өзіне тән мәнерде жұ­дырықтасып, қар­сыласын үнемі қыспақта ұстады. Асыл­құловтың соққылары дәлірек тиіп, қазылардың жеңісті біздің бокс­­шыға беруге басқа амалы қал­мады.

60 кг салмақтағы Бей­барыс Жексен тұсаукесер кездесуінде өз­бекстандық Ділшод Абдуму­ру­дов­тан айласын асырғанда, «басты бәсекелесінен басым түсіп, оны еліне қайтардық. Ен­ді Бейбарыстың екпі­ніне ешкім шыдамас», деп қатты қуанған едік. Бірақ келесі кезеңде қуаны­шы­мыз су сепкендей басылды. Тәжікстандық Ақ­мал Убайдовпен айқас­қан Жексен білгенінен жа­ңы­лып, жеңіліс тапты.

80 кг салмақтағы Ер­асыл Жақ­пеков Сағын Саты­балдыұлымен сайысқа түсті. Бірінші раундта қырғыз спортшысы басым түсті. Үзіліс кезінде бұрыштағы бап­керлері шәкірттеріне дұрыс бағыт-бағдар берді. Тактикасын дереу өзгерткен қандасымыз келесі үш минут аралығында таразы басын теңестіріп үлгерді. Үшінші раунд­та да Ерасылдың мысы басым болды. Нәтижесінде, төреші Жақпековтің қолын көтерді.

Ерлерден кейін шаршы алаңға шыққан қыз­дарымыз  жекпе-жек­терін өте қарқынды өткізді. Алдыменен Жазира Орақ­баева қуантты. 52 кг сал­мақта сынға түскен ол Ютин Луоның «мәселесін» бі­рінші раундта-ақ шешіп тастады. Жазира оны екі рет нокдаунға жіберді. Төре­ші бәсекені сол мезетте дереу тоқтатты. 57 кг салмақтағы Ұлжан Сәрсенбек вьет­намдық Тран Нгуенді ұпай санымен ұтты. Екінші раундта Ұлжан қарсыласын бір мәрте есеңгіретті. Соңғы болып 60 кг салмақтағы Виктория Графеева өнер көрсетті. Ол Тайпейдің өкілі Чень Сюань Ені алғашқы екі раундта үш рет нокдаунға түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Кеше Санжар Тәшкенбай (48 кг) тәжікстандық Мех­рон Ша­фиевпен, Сә­кен Бибосынов (51 кг) өзбек­стандық Асылбек Жәли­ловпен, Махмұд Сабырхан (54 кг) шриланкалық Жаянат Құмармен, Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) таи­ландтық Сомчай Вонг­сува­мен, Сағындық Тоғамбай (92 кг) Өзбекстанның қазағы Мадияр Сайдрақымовпен жұдырықтасты. Бұлар – соңғы ширек финалдық сайыстар. Содан соң былғары қолғап шеберлері екі күн демалады. 9 желтоқсанда жартылай финалдық бәсекелер өтеді. Азия чемпионатының же­ңімпаздары 11 желтоқ­санда анық­талады.