Еңбек • 07 Желтоқсан, 2024

Жарты миллион шақырымдық жол

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушісі Бақыт­жан Құрақбаевтың таң алагеуімнен басталатын жұ­мы­сын қиынсынған кезі жоқ. Бастапқыда жеке компания­ларда жұ­мыс істеді. Кейіннен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС жүр­гізушісі атанды. Көлік тізгініне отырғаннан бәрін ұмы­тып, назарын жолға салады. Бұл – күніне жүздеген адам мін­ген авто­бус жүргізушісінің бойында баяғыдан қалыптасқан әдет.

Жарты миллион шақырымдық жол

Сегіз жүз адам жұмыс істейтін мекемедегі тіршілік тым ерте бас­талады. Жүргізушілер таң атпай әуелі медициналық байқаудан өтеді, артынша бұлардың дайындығын механик бақылайды. Таңғы сағат алты жарымда автобустар түрлі тарапқа жолға шығады.

«Қаладағы әр бағыттың өзіндік ерек­шелігі бар. Мысалы, мен жүр­гі­зетін №12 автобус жолында оқу орындары, сауда үйлері мен базарлар жиі орналасқан. Сондықтан да салонның бос болатын кезі ­сирек, керісінше сыймай қалатындар көп. Таңертең жұмысқа, кешке үйге асыққандардың бәрін ала кетуге тырысамыз. Біздің бағыттағы 1 авто­бус күніне 360 шақырымнан астам жол жүріп, 600–700 жолаушы тасы­малдайды. Қанша адам болса, сон­­ша мінез бар. Соның бәріне қалт­қы­­сыз қызмет көрсетуіміз керек», дей­ді ол.

Осы салада ұзақ жыл тәжірибе жи­наған маман жергілікті «Бола­шақ» уни­верситеті мен «Ақмешіт» институтын бітірген. Бірақ маман­дығына сәй­кес жұмыс істеу бұйыр­мап­ты. Тіп­ті оны іздемеді де, үйрен­ген кәсібін жал­ғастыра берді. Ойлап отырса, осы уақытқа дейін жарты миллион­ ша­қы­рымнан астам жол жүріп, жүз­­деген мың адамды тасымалдапты. Көше­сінде көлігі қайшыласқан қа­ла­да мұндай кәсіп­пен айналысу ай­туға ғана оңай, әрине. Сонда да мекеме қақпасынан еніп, әріп­тестеріне жет­кен­нен-ақ бәрін ұмытып сала береді.

Жолаушы ретінде өзіміз де қала ішіндегі автобустар жұмысы бұрынғымен салыстырғанда көп жақсарғанын байқаймыз. Дегенмен салаға сын айтқыштар әлі де болса табы­лады. Бірақ олар да жол жү­ру мәдениетін, жолаушы жауап­­­кершілігін сезінсе дейсің. Кей­де аял­­дамадан мінген көлігің сәл жүріп, қайта тоқтап жатады. Есігі ашыл­ғаннан тағы біреудің мінетінін біліп, аялдамаға жете алмай, амалы құрыған қарт кісінің немесе жүруі қиын науқас жанның енетінін күтіп тұрғаныңда қол-аяғы балғадай жап-жас іні-қарындастарымыздың кер­деңдей басып кіргенін көріп, талай мәрте бас шайқағанбыз. Қазір көп адамның көңіліне сыймайтын осындай көрініс азайып келеді.

«Кейде автобусқа әдейілеп жанай жүріп, ығыстырғысы келетіндер болады. Одан бөлек, жүздеген адам тиеген көлік алдынан аяқасты атып шығатындар да аз емес. Осыдан да екі көзіміз жолда болады. Сондайда аялдамасы жоқ тұстан қол көтеріп тұра­тындар «Неге жан-жақтарыңа қара­майсыңдар?» деп кейіп жатады. Тіпті есігіңнің алдынан мініп-түскісі келетіндер бар. Үлкендер болса түсі­нер едік, қарға адым жер жаяу жүр­­гі­сі келмейтін жап-жас қыз-жігіт­­тер­­ді бүгін тәрбиелемесек, ертең бар­­мақ тістеп қаламыз. Сту­дент кезі­міз­де талай мәрте құры­лыс мате­­риал­дарын түсіріп, ақша таптық. Қазір­­гі­лер ондайға жола­майды. Кейде авто­бусқа түрлі қор­­ға ақша жинайтын жастар мінеді. Тепсе темір үзетін солардың болым­сыз тір­лік соңында жүргеніне қарным ашады. Талайына ақыл айтып жібересің, бірақ көп ұзамай қайта айналып келіп тұрғанын көре­сің. Түрлі кәсіп­­­орын осы күні кол­ледждерде білім алып жатқан жас­тарымызды дип­ломы қолына тиісі­мен жұмысқа алуға әзір. Бірақ кейін­гі толқынның соған құлқы жоқ. Мем­лекет басшысы бастамашы бол­ған «Жұмысшы ма­ман­дықтар» жылы осындай ол­қы­­лықтарды жойып, жұмысшы мәрте­бесін көтереді деп үміттенеміз», дейді кейіп­керіміз.

Жолы түсіп, басқа облыс орта­лы­­ғына сапарлай қалса, ең алдымен он­­дағы жолаушылар тасымалына на­зар аударатыны бар. Алматы мен Ас­та­нада бұл жағы жақсы жолға қо­­йыл­­ған. Қарағанды, Жезқазғанда да жаңа көліктер жүйткіп жүр. Қы­зыл­­ор­дадағы автобус паркінің қа­зір­гі жағ­­­дайын бұрынғымен салыс­тыра ал­­­майсыз. Техника жаңарды, жа­лақы өсті. Осыдан оншақты жыл бұрын сы­­­қыр­­лаған ескі көлікпен жүре­тін қы­­­­зыл­­­ордалықтар қазір жазда сал­қын, қыста жылы автобус­тармен қа­ты­­­най­ды.

Оны құланиектеніп атқан таңмен та­ласып, жұмысына асықтыратын құ­ді­­рет – елдің сенімі мен жауап­кер­­ші­лік. Әр аялдамада жолын тос­қан жан­дарды діттеген жеріне жет­кі­зіп, жо­­­лау­­шының амандығына алаң­дай­тын авто­­бус жүргізушісі әрдайым ел ал­ғы­сын тыныс-тірлігіне арқау етіп ке­леді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА