Егін жинау науқаны
Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын табысты жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалды. Президент тапсырмаларын орындау аясында агроөнеркәсіп кешені қаржыландырылды.
«Primeminister.kz» сайтының мәліметінше, қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгені құрады. Бұл қаражат егіншілерге тікелей несие беру, пайыздық мөлшерлемені төмендету, форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қолайлы күзгі ауа райы егін жинау кезіндегі жауын-шашынға қарамастан, науқанды айтарлықтай шығынсыз өткізуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер, 26,7 млн тонна астық бастырылды. 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмысы жалғасын табады. Президент тапсырмалары аясында 2024–2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндеті қойылды.
Астық қабылдау
Облыс әкімдіктерінің дерегіне сүйенсек, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды. Атап айтқанда, қолданыстағы лицензияланған кәсіпорындарда 12,7 млн тонна, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 17,4 млн тонна астық сақталады. Көрсетілген қуаттылық көлемі өткен жылдардан қалған қорларды ескергенде де, жиналған өнімді сақтауға жеткілікті.
Астық қабылдау кәсіпорындарына шамамен 7,9 млн тонна астық тапсырылды, оның 5,7 млн тоннасы – бидай. Қалған астық егіншілер қоймаларында сақтаулы. Қазір лицензияланған элеваторлар жүктемесі 44%-ды құрайды. Жаңа өнімді қабылдауға элеваторларды босату мақсатында астықты тасымалдау әрі өткізу жұмыстары жалғасын тапты. Тамыз айынан қарашаға дейін 3,5 млн тонна астық тасымалданды.
Егіс алқаптарын әртараптандыру
Еліміз ауыл шаруашылығының үлкен әлеуетіне ие. Бұл, әрине, еліміздің әртараптандырылған әрі инклюзивті экономикалық өсуіне ықпал етеді. Мысалы, биылғы жалпы егіс көлемі 23,3 млн гектарды құрады, оның 21,1 млн гектары – жаздық егіс. Өткен жылмен салыстырғанда бидай алқабы 560,9 мың гектарға қысқарып, 13,1 млн гектарды құрады. Майлы дақылдар көлемі 135,5 мың гектарға ұлғайып, 2,9 млн гектарға жетті.
Нәтижесінде, қысқартылған алқаптарда әлеуметтік маңызы бар әрі жоғары рентабельді дақылдардың егіс алқаптары арта түсті. Сондай-ақ өңірлерде берік жемшөп базасын құру мақсатында жемдік дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Өнімдерді өткізу
Мемлекетіміз жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның ішінде 6,5–7,5 млн тоннасы – бидай. Экспорт географиясы 40-тан астам елді қамтиды. Дәстүрлі нарықтар – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис. Биылғы қараша айының соңына дейін 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнімді экспорттау көлемі 2,37 млн тонна, бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық.
Өзбекстанға жеткізілімдер көлемі 42%-ға өсіп, 944 мың тоннаны құрады, өткен жылы бұл көрсеткіш 665 мың тонна болған еді. Тәжікстанға жеткізілім 2023 жылғы 254 мың тоннадан 49%-ға артып, биыл 377 мың тоннаға дейін жетті. Қытайға экспорт көлемі 17%-ға артып, 355 мың тоннаға жетті (өткен жылы 304 мың тонна), Ауғанстанға жеткізілімдер көлемі 71%-ға ұлғайып, 115 мың тоннаны құрады (өткен жылы 67 мың тонна болған). Иранға экспорт көлемі 30 есеге дейін – 10 мың тоннадан 299 мың тоннаға артты.
Биыл экспорттық әлеует 12 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Негізгі нарықтар – Орталық Азия елдері, Қытай, Ауғанстан, Италия және басқа елдер. Сондай-ақ Әзербайжан, Ауғанстан (Түрікменстан арқылы транзитпен), Иран, Ирак, Солтүстік Африка елдері мен Еуропалық Одаққа Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізілетін астықты 2 млн тоннаға дейінгі көлемде тасымалдауды ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр.
Сонымен қатар нарыққа реттеуші ықпал тигізу мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ егіншілерден астық сатып алу шараларын қабылдайды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмаларын орындау аясында жаңа өнімді тікелей сатып алу жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Үкімет резервінен 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу арқылы 150 мың тонна өнімді нарықтық бағамен сатып алу ұсынылып отыр. Астықтың алғашқы сатып алуы шағын шаруа қожалықтарынан жүзеге асырылады, бұл өнімнің әділ бағамен сатылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ артық астықты сатып алу тетігін енгізу арқылы ішкі нарықтағы баға жағдайына делдалдар ықпалын барынша азайту көзделіп отыр.
Тыңайтқыштарды субсидиялау
Тыңайтқыштар нарығында ең көп таралғандар – аммиак селитрасы, аммофос, карбамид, аммоний сульфаты, сульфоаммофос, NPK (азот, фосфор, калий). Сонымен қатар аммоний нитраты мен аммофос жалпы тұтынудың 60%-дан астамын құрайды. Бізде тыңайтқыштардың үш түрі бойынша толық өндірістік цикл құрылған: аммиак селитрасы «ҚазАзот» АҚ-да, аммофос – «Қазфосфат» ЖШС-да, аммоний сульфаты – «ҚазАзот» АҚ-да және «Qarmet» ЖШС-да өндіріледі. Тыңайтқыштарға ғылыми қажеттілік физикалық салмақта 3,2 млн тоннаны құрайды, ал отандық өндірушілер қуаты осы қажеттіліктің 56%-ын, шамамен 1,8 млн тоннаны құрайды (оның ішінде «ҚазАзот» АҚ 420 мың тоннаны, ал «Қазфосфат» ЖШС 1 млн тоннаны өндіреді).
Қазір субсидияларды 60%-ға дейін ұлғайта отырып, аванстық өтінімдерді қарауға басымдықпен, отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Сондай-ақ 1 гектар егістік алқабына тыңайтқыш енгізу нормасы да ұлғайтылды. Бұл топырақты негізгі қоректік заттарға мол қылады. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдайға сәйкес шаруалар 1,3 млн тонна тыңайтқыш енгізді, былтырмен салыстырғанда екі есе көп. Шаруалардың субсидияларға деген қажеттіліктерін толық қанағаттандыру мақсатында тыңайтқыштарды субсидиялауға қосымша қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ өнім түрлерін кеңейтіп, минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін ұлғайту керек. Тыңайтқыш өндірушілерді жылжымалы құраммен уақтылы қамтамасыз етуге назар аударылады. Биыл саладағы несие құнын төмендету тәсілдері қайта қаралды. Алғаш рет алты тарату арнасын пайдалана отырып, дала жұмыстарын қаржыландыруға бәсекелестік жағдай жасалды. Ал Аграрлық несие корпорациясының тарапынан қаржыландыру көлемі 82,3 млрд теңгені құрады.
Кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешуге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры несие сомасының 85%-ын жабатын қарыздарға кепілдік беру тетігін енгізді. Сондай-ақ айналым қаражатын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы толықтыру мақсатында өңдеу кәсіпорындарын жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы да әзірленді. Ол егін мен шикізатты өткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық қайта өңдеу зауыттарының жүктемесін ұлғайтуға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту
Биыл 7 жыл мерзімге 5%-дық мөлшерлемемен 120 миллиард теңгеге ауқымды жеңілдікті лизинг бағдарламасы іске қосылды.
1 желтоқсанда шаруалар 212,9 млрд теңгеге 9 887 техниканы лизингке алды. Келесі жылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 200 млрд теңгеге дейін, ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бағдарлама бюджетін 450 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуда оң өсу динамикасын қамтамасыз етеді.
Бүгінде бізде 149,9 мың трактор, 38,7 мың комбайн, 5 мың егіс кешені, 76,4 мың тұқым сепкіш, 219 мыңға жуық топырақ өңдейтін және мамандандырылған техника бар. Кейінгі 8 жылда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі оң динамика көрсетті: 2017 жылғы 1,9%-дан 2023 жылы 4,5%-ға дейін (екі есе), технологиялық жаңарту нормасы 8-10%.
Биыл ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді:
- Қазақстанда өндірісі жолға қойылған техниканың импорттық аналогтерін субсидиялау мүмкіндігі алынып тасталды;
- Отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасы үшін жоғары норматив субсидияланады – 30%;
- Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға несиелер/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың сараланған тетігі қолданылды: отандық өндіріс техникасы үшін сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін, импорттық техника үшін 15%-ға дейін субсидияланады;
- Қазақстанда өндірісі жолға қойылмаған мамандандырылған техника үшін (мысалы, мақта, картоп жинау үшін) субсидия нормативі 25%–ға, ал қант қызылшасын жинау техникасы үшін 50%-ға дейін құрайды;
- Жаңа тәсілдер қосымша бюджет қаражатын тартпай-ақ отандық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.