
Жарыста қазіргі кезде Калифорния штатында тұрып жатқан Бақыткелді Қасенов те табысты өнер көрсетті. Біз бұған дейін бұл жігіттің қазан айында дзюдодан Нанкадағы «Nanka Fall Tournament», Сан-Хоседегі «San Jose open» турнирлерінде бас жүлдені олжалап, джиу-джитсудан Лос-Анджелестегі додада қола медальды мойнында жарқыратқаны жайында жазғанбыз. Бақыткелді Далласта да өзін жақсы қырынан көрсетіп, күміс медальға ие болды. Жартылай финалда Мэттью Лэндридің аяғын көктен келтірген Қасенов финалда Мэрлон Гарсияға есе жіберді. Бұл балуандардың екеуі де АҚШ-тан.
«Отбасыммен бірге Америкада тұрып жатқаныма екі жылдан асты. Бала кезімнен самбо мен дзюдоны серік етіп, Жетісу, Алматы облыстарының маңдайалды балуаны болдым, республикалық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көріндім. Жасым 35-ке таяп қалса да, спорттан әлі де қол үзген жоқпын. Қазір Лос-Анджелесте жаттығып, жоғарыда аталған спорт түрлерінен бөлек, джиу-джитсу, грэпплингтен бақ сынап жүрмін. Жеңіп алған жүлделерім де аз емес. Алдағы уақытта бұдан да ірі додаларда даралануды көздеймін. Мұхиттың арғы жағалауында да қазақтың мықтылығы мен тектілігін танытуға барынша күш саламын», дейді Бақыткелді балуан.
Турнирде атағы алысқа кеткен Харасава Хикаеси де күш сынасты. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Алыптармен айқасып жүрген Жапония жұлдызы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарында күміс медаль иеленді. Финалда даңқы жер жарған Франция дзюдошысы Тедди Ринерге ғана ұтылды. 2021 жылы Токио Олимпиадасының командалық сайысында да екінші орынды еншіледі. Одан бөлек, әлем чемпионатында 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль олжалады. Даңқты балуан Техас штатындағы турнирде өз салмағында топ жарды. Міне, осы жайттың өзі-ақ аталған жарыстың деңгейі қаншалықты жоғары болғанын аңғартады.