Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Республикалық мемлекеттік кәсіпорын ел аумағында транспланттау қызметін дамытуға жәрдемдесу қызметін іске асыру үшін құрылған. Яғни транспланттауды үйлестірумен айналысады. Министрлікпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жалпы, трансплантология – отандық медицинада бұрыннан бар, тәуір дамып келе жатқан бағыт. Республикалық медициналық орталықтар кейінгі үлгідегі жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтылған. Дәрігерлердің тәжірибесі мол. Сол себепті де білікті мамандар қол қусырып қарап отырмай, туыстық донордың көмегімен трансплантология жасауды мықтап меңгере бастады. Жағдайы күрделі науқастарды аман алып қалды.
Жаһандық статистикаға жүгінсек, дүниежүзі халықтарының 80 пайызы мәйіттік донорға, 20 пайызы туыстық донорға жүгінеді екен. Бізде дәрігерлер мәйіттік донордың көмегі туралы жиі айтқанымен, оны құқықтық тұрғыдан реттейтін тиісті заң қабылдай алмай отырмыз. Бұл жөнінде Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Сейітқазинов мынадай пікір білдірді:
«Донорлыққа қатысты халықтың пікірі әр алуан. Жұмыстың негізгі бағытының бірі ақпараттандыру болған соң, біз халықпен мейлінше жиі кездесіп тұрамыз. Негізі донорлықтың өзін медициналық және халықпен жұмыс істеу, яғни әлеуметтік бағыт деп екіге бөліп қарауға болады. Біз мәйіттік донорлармен жұмыс істеген соң, қоғам пікірін жақсы білеміз. Қазір бұл тақырып елде басы ашық күйінде қалып отыр. Бақилық болған кез келген адамның ағзасын донорлыққа аламыз деген заң шықса, дәл қазір қоғам мұны дұрыс қабылдамайды. Денсаулық сақтау саласындағы аса маңызды қадамды игеруге ел медицинасының әлеуеті жеткенмен, қоғам дайын емес. Дәрігерлердің өзі ашылып айта бермейді. Жалпы, бізге өңірдегі координаторлардан мәйіттік донор бар деген хабар келсе, бір минут та кідірмейміз. Жылдам әрекет етіп, барлық шаруаны назарда ұстаймыз. Елде қазір жеті трансплантация орталығы бар. Олар мәйіттік донорлармен жұмыс істей алады. Біз олармен әр кез тығыз байланыстамыз», дейді А.Сейітқазинов.
Мәйіттік донорға бақилық болған кез келген адамның ағзасы келе бермейді. Мәйіттік донордың ағзасын мидың өлімі фактісі тіркелгенде ғана алуға болады. Өйткені жаһан ғалымдары адамның миын ауыстыруға қанша әрекеттенгенімен, қазіргі дамыған медицинаның дәрмені жетпей тұр. Кездейсоқ апаттан қаза тапқандардың ағзасы донорлыққа жарай бермейді. Ал ми өлімі тіркелген жағдайда адам ағзасындағы жүрек, бауыр, бүйрек сында органдар жұмыс істеп тұрса, ол демек аппараттың, дәрінің күшімен жұмыс істеп тұр деген сөз. Дәрігерлер ми өлімін тіркесе, науқастың аппараттарда неше күн жататыны белгісіз, бірақ неше күн жатса да, ақтық сапарға аттанады. Өйткені ми өлімі тіркелген адамға таңылған аппарат тоқтаса, ағзалардың барлығы тоқтайды. Мұны айтып отырған себебіміз, қоғамда бауыры немесе туысы қаза тапса, бақилық болған адамның ағзасын рұқсатсыз алып, басқа адамға салады деген үрей, қорқыныш бар секілді.
«Қазір ақпараттың аздығынан болар, тұрғындар көп нәрсенің байыбына бара бермейді. Қайтыс болған адамның ағзасын ақтарып, органдарын алады деген сыңайда қате түсінік бар. Бұл – мүлде қате ой. Дәрігер науқастың туыстарының рұқсатынсыз заңсыз әрекетке барып, жаза арқалағысы келмейді. Сосын мидың өлімін дәрігерлер оңайлықпен қоя алмайды. Мидың тоқтағанын бір ғана дәрігер растамайды. Консилиум жасап, 4-5 дәрігер деректі нақтылап, қол қояды. Сонда ғана дәрігерлер өңірлік координаторларға хабар айтады. Аурухана дәрігерлері пациенттің туыстарымен донорлық туралы тіс жарып сөйлеспейді. Мұның барлығы координаторлардың жұмысы. Әрбір облыста біздің осындай бір-бір маманымыз бар. Ми өлімі тіркелген азаматтың туыстары донорлыққа келісім берсе ғана дәрігерлер іске кіріседі. Мәйіттік донорлықтың басқа жолы жоқ, бұрыннан солай», дейді А.Сейітқазинов.
Бүгінде еліміздің әрбір азаматы қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға алдын ала рұқсатын немесе қарсылығын білдіре алады. Бұл қызмет электронды үкімет порталында «Транспланттау мақсатында ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» туралы бөлімде қолжетімді. Бұл да – елде ағза донорлығын көбейту мақсатында іске асқан ауқымды жұмыстың бірі. Себебі бүгінде ағза донорлығы бойынша «күту парағында» 4 103 адам тіркелсе, оның ішінде 3 600 науқас бүйрек трансплантациясын күтеді. Бұл қатарда шамамен 103 бала бар. Тағы бір жайды айталық, мәйіттік донорлыққа қайтыс болған азамат көзі тірісінде рұқсатын бергенімен, өңірдегі координаторлар марқұмның отбасына мән-жайды баяндайды, рұқсатын тағы бір мәрте сұрайды.
Трансплантацияны үйлестіру және донорлық органдарды бөлу бөлімінің басшысы Қайрат Иманбаев электронды үкімет порталында мәйіттік донорлыққа қатысты шешім қалдырған тұрғын деректерді кез келген уақытта өзгерте алатынын айтады.
«Күту парағында» мәйіттік донорға зәру пациент көп. Ал күні ертең алдымыздан не күтіп тұрғанынан бейхабармыз. Өкінішке қарай, ағза донорлығына қатысты шешім қабылдауға келгенде жүрексінетіндер көп. Келісімін берсе, соңынан аңдып, өлімін тілеп жүреді деп ойлайтындар да кездеседі екен. Бұл енді тіпті ақылға сыймайды. Бүгінде «eGov.kz» порталында пікір білдіргендер саны 120 мыңға жуықтаған. Оның ішінде 6 782 адам донор болуға келісім берсе, 100 498 тұрғын келіспейтінін растаған. Жалпы, біздің айтпағымыз, тұрғындар донор болуға келіссе де, электронды үкімет порталы арқылы өз ойын білдіргені дұрыс. Сосын азаматтар бүгін донорлыққа келісімін берсе, күні ертең ойынан айнып, пікірін өзгертсе де өз еркі», дейді Қ.Иманбаев.
Мәйіттік донор табылды деген хабар түскенде, аурухана, трансплантация орталықтары, республикалық зертхана, санавиация, тағысын тағы мамандар тобы күш біріктіреді. Дәрігердің бір тобы мәйіттік донорды алу үшін шықса, екінші топ науқастың денсаулық жағдайына қатысты деректерді «күту парағының» базасына енгізеді. Бірінші топ ағзаны алғанша, әлгі автоматтандырылған платформа ағзаның «күту парағында» тұрған қай науқасқа келетінін нақтылайды. Мұның барлығы қас пен көздің арасында жылдам іске асатын әрекет. Неге десеңіздер, жүректі екінші адамға салу жиілігі шамамен төрт сағаттың шамасы. Сол секілді бауырды 6–8 сағатта, бүйректі 12 сағатта екінші адамның ағзасына салып үлгеру қажет. Биыл жыл басынан бері елімізде 5 мәйіттік донордың көмегімен 19 адам аман қалған. Бұл – әрине, дамыған медицинаның жемісі. Әрі мәйіттік донор табылса, барлық шаруаны шетке ысырып, бір мезетте іске кірісетін 70-ке жуық кісінің еңбегі.
«Елдегі ірі орталықтар трансплантация жасауға медициналық жағынан дайын. Білікті мамандар жеткілікті. Шетелде оқығандар қаншама. Тіл көзіміз тасқа, елімізде алғаш жүрегін ауыстырған пациенттің ахуалы жақсы. Ол саламатты өмір салтын насихаттап жүр. Біздіңше, халықтың донорлыққа қатысты пікірі өзгерсе, сала дамиды. Көпшілікпен кездесіп жүрген соң, донорлық туралы небір қаңқу әңгімелерді естиміз. Бұл жөнінде медицинада еңбек етіп жүрген дәрігер әріптестердің пікірі екіжақты болғанына кейде қайран қаламыз. Сондықтан емханада да әріптестермен мейлінше жиі кездесуге тырысамыз. Трансплантациядан, донорлықтан әрбір азамат хабардар болса, соның өзі бізге олжа. Жұмыс барысында түрлі сауалнама жүргізгенде ересектерге қарағанда жастар жағы донор болуға қарсы емесін біліп жатамыз. Бұл да қоғамдық көзқарастың бірте-бірте өзгеріп келе жатқанын ұқтырса керек», деді Қ.Иманбаев сөзін түйіндеп.
Осыған дейін салада еңбек етіп жүрген білікті дәрігерлер мәйіттік донорлықты заңмен реттеп, донорларды көбейту туралы ұсыныс тастағанымен, оған көпшілік аса назар аудара қоймады. Мәселеге қатысты ой-пікірін ашық айтатындар да саусақпен санарлық. Себебі мәйіттік донорлықты көбейтуді заңмен бекітуге дәл қазір қоғам дайын емес. Мұны дәрігерлер де жақсы түсініп отыр.