Айтыс • 10 Желтоқсан, 2024

Мейірбектің мерейі асты

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Amanat» партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. «Төрлет, еңбек адамы!» атты дәстүрлі дода биыл еңбек құндылығын ұлықтауға арналды.

Мейірбектің мерейі асты

Айтыс – халық жүрегінен орын алған атамұра өнер. Ғасыр сайын жаңарып, дәуірмен бірге жасап келе жатқан сөз сайысы ұлтымыздың рухани қайнары іспетті. «Алтын домбыраға» келген көрерменнің көптігінен Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында ине шаншар орын болған жоқ.

Алғашқы құттықтау сөз­ді Мәжіліс спикері, «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов жеткізді. Ол Пре­зи­денттің төл мәде­ниетімізге қамқорлық танытып, ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы айтыс­ты, ұлттық құндылық­тары­мызды, ұлттық спортымызды барынша қолдап келеді. Өткенде ғана Дүниежүзілік көшпелілер ойыны жоғары деңгейде өтті. Бұдан бөлек, биылдың өзін­де руханиятқа еңбегі сіңген біраз ұлы қайраткерлеріміздің мерейтойларын атап өт­тік. Солардың бәріне Прези­денті­міз ұдайы қолдау көрсетеді. Мемлекет басшысы әлемдік саясатта, жаһандық деңгейде ұлтымыздың рухын асқақта­тып, мемлекетіміздің мүддесін, халқымыздың намысын қорғап жүр», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс спикері қазіргі уақытта қоғамда Президент­тің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасы орныға бас­та­ғанына назар аударды. Аламан айтыстың да тақырыбы осыған бағытталғаны түпкілікті мақсаттан хабар береді. 

«Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы ма­мандықтары жылы» деп жария­лады. Қай уақытта да ақындар ерлік пен еңбекті жырлаған. Шын мәнінде, мемлекеттің ырыс-құтын, елдің береке-бірлігін шашау шығармай ұстап тұрған қарапайым еңбек адамдары ғой. Олар туралы қанша мәрте жырласақ та көптік етпейді деп ойлаймын. Сондықтан бүгінгі төріміз де, сөзіміз де еңбек адамдарына арналмақ», деді Е.Қошанов.

Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған көрнекті ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай дүбірлі доданың мәні мен маңызына тоқталып, қазылар алқасының құрамы мен ақындар қауымын таныстырды.

Айтыстың шымылдығын ақын, майдангер, жүз жас­тағы Қасымхан Алдабергенов арнауымен ашып берді. Ғасыр куәгерінің отты жыры көп­шіліктің көңілін сүйсіндірді. 1943 жылы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды қазақтың қабырғалы жазушылары мен зиялы қауым өкілдері Абай атындағы опера театрында соғыс кезіндегі халықтың еңсесін тік­теу үшін айтыс өткізген болатын. Оған Кенен, Маясар, Шашу­бай, Нартай, Нұрлыбек сынды бірінен бірі өткен дүлдүлдер қатысты. Сол тарихи айтыстың түндігін түріп, шымылдығын ашып берген 98 жастағы қарт Жамбыл еді. Кешегі сахнаға жүз жастағы Қасымхан ата шыққан кезде Жамбылдың өзі жарқ ете қалғандай әсер қалдырды.

«Келіп тұрмын мен сонау,

Бір ғасырдың түбінен.

Жол шегіп күндіз-түнімен,

Арқамда алтын қазына

Халқымның жиған жүгімен», деп толғаған қарт абыз, сөз соңында айтысқа қатысушы ақындарға батасын берді.

Ақсақал жырын аяқтай бере, еліміздің әр облысы­нан іріктелген талантты бал­дыр­­дыр­ғандар домбырасын қаққы­лап, өлеңін әуелете жөнелді. Қазақтың баяғы салтымен сөз бастап, ағалары мен әпкелеріне ақжол тіледі. Сахнада жүз жастағы ақсақал мен киіктің асығындай кішкентай балалар жыр айтып отыр. Өнердің ғана емес, тұтас өмірдің дидары еді бұл. Халық осынау үй­лесім үлгісіне тәнті болып, қарт жырау Қасымхан ата мен жас жыр­шыларға тікесінен тік тұрып қол соғып, құрмет білдірді.

Биылғы ережеге сай әр жұп ақынға жеке тақырып берілді. Тақырып ел ішінде қор­даланған мәселелерге байланысты таңдалып алынды. Ұлт­тық тәрбие, ауыл секілді тақы­рып­тармен қатар қоғамның жұлын­құртына айналған лудомания, нашақорлық секілді түйткілді түйіндер де айтыс сахнасында айтылды.

Сөз сайысының қорытын­дысы бойынша «Алтын домбыраны» қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алды. Бас бәйге иегеріне автокөлік кілті табысталды. Бірінші орынды Ақтөбенің арқалы ақыны Нұрбол Жауынбаев иеленді.  Ал екінші орынға Алматының аруы Айым Асылбекқызы лайық деп танылса, үшінші орынды Ұлытаудан келген Өміржан Көпбосын, қарағандылық Дидар Қами мен баянауылдық Аспанбек Шұғатай өзара бөлісті.

Үш айналым бойы ұшқыр­лық танытып, аламанның алдынан көрінген Мейірбек Сұлтанханның салмақты сөзі, уәлі уәжі көпшілік көңілін сүйіс­пеншілікке бөледі. Еліміздегі көңіл қуантар жағдайларды сүйініп жырлай да білді, олқылықтарды күйініп сынай да білді. «Ауыл – алтын бесік» тақырыбында айтысқан ол кей ауылдың жадағай жағдайын тілге тиек ете отырып, «Манежде өскен байларым, ойланыңдар, Қазақта бос бесікті тербетпейді» деп төгіп салды. Сонан кейін «Мем­лекетіміздің алдынан ақ күн туып, Әлемдік саяси-эконо­микалық тұрғыдан мықты ел болатынымызға үміт етіп, «Экспо-мен» шықпаған атағыңды Экспортпен шығарар күн туады», деп жырлады.

Айтыс демеушісі – кәсіпкер, меценат, Q4 «Тұлпар» компа­ниясының негізін қалаушы Талғат Сақан.

Жыр додасы ұлттық құнды­лықтарды дәріптеп, талантты ақындарға қолдау көрсетуде маңызды оқиға болды.