Экономика • 10 Желтоқсан, 2024

Жетістік те бар, күрмеулі мәселе де жоқ емес

69 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірде атқарылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Жетістік те бар, күрмеулі мәселе де жоқ емес

Брифингте облыс әкімі ең әуелі өңірдегі елеулі жаңалықтарға тоқталды. Оның бірі – Орталық Азиядағы ең ірі көпірдің ашылуы еді. 1 316 метр нысанның инфрақұрылымы жасалып, 19 шақырым жол салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған көпірдің өңір үшін стратегиялық маңызы зор. Облыстың шалғайдағы аудандары енді Қытай мен Ресей арасындағы транзиттік аудандарға айналады.

Сондай-ақ жыл көлеміндегі маңызды оқиғалардың енді бірі – Үлкен Нарын, Катонқарағай және Марқакөл аудандары қайта құрылып, тарихи әділдік орнағанын тілге тиек етті. Реформалардың оң нәтижелеріне 3 жыл бұрын қайта түлеген Тарбағатай мен Самар аудандарының тұрғындары да куә болған. Президент Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежай салу туралы шешімін жариялағанда өңір халқы шекарада жатқан шалғай аудандарды дамыту үшін жасаған өте маңызды қадам екенін сезді. Осы оқиғаларды баяндай келген облыс басшысы Ермек Беделбайұлы баян­даманы экономика саласына қарай ойыстырған.

– Президент тапсырмасына орай өңірдің экономикасын дамыту жолында тынбай еңбек етіп келеміз. Қазіргі таңда экономика өсімі 6,5 пайызды құраған. Өндірістік өнеркәсіп өнімі 65 пайызға жетіп, 2,1 трлн теңгені құраған. Біз инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыс істейміз. 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқынын екі есеге арттыру мақсатын қойдық. Ол үшін барлық сала белсенді және үйлесімді жұмыс істеуі тиіс дейді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінгі таңда 2032 жылға дейін 913 млрд теңгеге 40 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Оның ішінде ағымдағы жылы 46 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 478 жұмыс орны құрылды. Бұл жобалардың қатарына өңірдің экспорттық әлеуетін дамытуға және импортты алмастыруға әсер етуі тиіс екі зауыттың құрылысы кірді. Атап айтсақ, түрік инвесторының қатысуымен 1,5 млрд теңгеге «KazMetalExport» ЖШС түсті сынықтарды өңдеу зауыты және 1,2 млрд теңгеге «УК Трубтех» ЖШС полиэтилен құбырларын дайындау зауыты.

– Тарбағатай ауданында қуаттылығы жылына 25 млн тоннаға дейін, инвестиция көлемі 216 млрд теңге, 1000 жұмыс орны бар мыс өндіру және қайта өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинатын салу көзделген. Кәсіпорын өнімі ҚХР мен Еуразиялық экономикалық одақ ел­деріне экспортқа бағдарланған, – деп то­лықтырды әкім.

Экономиканы ілгері бастырып отырған саланың енді бірі – ауылшаруашылық саласы. Ауыл шаруашылығы Шығыс Қазақстан экономикасының күретамыры десе де артық айтқандық емес. Биыл дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі 25 пайызға өсіп, экспорт ұлғайды. Өңделген өнімдердің экспорты бір жылда 37,6 па­йыздан 65,5 пайызға дейін өскен. Күнбағыс майын өндіруден – Шығыс Қазақстан бірінші орында.

– ҚХР халықаралық көрмесінде «ВостокЭкоЛайн», «Сей-Нар» және «Янтарь УК» компанияларымен 11 млн доллардың келісімшартына қол қойылды. Самарқандта өткен IV «Қазақстан-Өзбекстан» халықаралық ынтымақтастық форумында 12 млн долларға келісімшарт жасалды. Ал Шан­хай­дағы VII халықаралық импорт көрмесі нәтижесінде 3 млн долларға келісімшарт жасалған, – деді өңір басшысы.

Еліміздегі су ресурстарының 40 па­йы­­зы біздің облыста. Өңірде 16 балық шаруашылығы 2 мың 200 тонна өнім өндіреді. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10 мыңға дейін ұлғайту жоспарланған. Өткен ғасырда құрып кеткен бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру де қолға алынды. Одан бөлек форель шаруашылығы да өңірдегі агроөндірістік кешеннің драйверіне айналмақ. Сол секілді туризм саласы да қарқын алған. Шығыс Қазақстан жыл бойы жұмыс істейтін туризмді дамытуға да ниетті. Өңірде Туристік ақпараттық орталықтар желісі кеңейіп келеді. Марқакөл мен Алтай аудандарында жаңа екі орталық ашылып жатыр.

– Өңірде туристердің назарын аудару үшін брендтік іс-шаралар өткізіп келеміз. Соның ішінде «AltaiFest – Өрлеу» жазғы фестивалі және «Шығыс Салбұрыны» құсбегілер мен бүркітшілер фестивалі. Бұдан бөлек, Бозанбай ауылында ұлттық спорт түрлерінің құзыреттілік орталығы ашылып жатыр. Оны әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан басқарады, – деп, ұлттық дәстүрдің де тыс қалмағандығы туралы сөз етті Ермек Беделбайұлы.

Сол секілді қонақжай үйлер де оң нәтиже берген. Бұл жоба тұрғындардың табыс көзіне айналды. Катонқарағайдағы Коробиха ауылы бүгінде бүкіл елге мәлім. Ондағы әрбір үй ала жаздай турист қабылдап, толайым табысқа жетіп отыр. Қазір қала іргесіндегі Зимовье және Поперечное ауылдары да осы бағытта дамып келеді. Табиғаты әсем, таулы аймаққа қысы-жазы келушілер жеткілікті. Айтқандай, Катонқарағай ауданында 4 жұлдызды отель мен 2-3 жұлдызды қонақүйлер салынады.

Туризм саласындағы ауыз толтырып айта кетер тағы бір жаңалық – Қытай тара­пымен бірлесіп Марқакөл және Қанас көлдері арасында трансшекаралық туристік маршрут ұйымдастыруды көздеп отыр. Ол үшін Марқакөл ауданын­дағы Теректі және Қытай жағындағы Ақтүбек ауылдары маңында жаңа шекара бекетін ашу және Марқакөл көліне дейінгі жол құрылысы мәселелері пысықталып жатыр. Шығыстың табиғаты мен дәрігерлердің кәсіби әлеуеті өңірде медициналық және санаториялық-курорттық туризмді дамытуға да ықпал етеді. Жол демекші, биыл Шығыста «Жол жылы» деп бекітілген. Оның да оң нәтижесі аз емес. Мәселен, жөндеу жұмыстары жыл басында басталған 392 шақырым республикалық жолдың 110 шақырымы аяқталды.

Білім, денсаулық сақтау сынды маңызды салаларды қаузай келген облыс басшысына журналистер тарапынан да аз сұрақ қойылмады. Бес сағатқа созылған брифингтегі сауалдардың дені экология саласына бағытталды. Алайда белгілі болғандай Өскеменнің ауа сапасы мамандардың назарында. Дей тұрғанмен қаланың қазаншұңқырда орналасқандығы да кедергі келтіреді. Сонымен қатар шекара шебінде жатқан Зайсан жұртшылығын алаңдатып отыр­ған газдандыру мәселесі де журналистер назарынан тыс қалмады. Облыс басшысының айтуынша Зайсан ауда­нында газ қоры жеті жылға жетуі мүмкін. Алай­да, оған әлі барлау жұмыстарын жүргізу қажет.

Баспасөз мәслихаты соңында облыс аумағындағы проблемалардың барлығы өз ретімен шешілетінін айтып сендірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы