Пікір • 10 Желтоқсан, 2024

Үнемшілдік мәдениеті

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыстың дамыған ел болуы білім, мәдениет, құндылықтарды сақтау, қа­рапайымдылық пен кішіпейілділік, мейірімділік секілді мінез-құлық, әдеп-әдеттің оң әсерінен екені белгілі. Бірақ елдің өркендеуі мен халықтың жақсы тұрмысы ең алдымен олардың үнемшілдік мәдениетінде жатыр.

Білім іздеп алғаш Ұлыбританияға келген кезде үй ішіндегі «дамыған» елдің көрінісіне таң қалдық. Әуежайдан алдын ала келісіп қойған пәтерге келдік. Сәуір айын­да елдің солтүстігінде күн суық, ызғар тартып тұрды. Жалдамалы пәтерге кірген кезде жылудың исі де сезілмеді. Жылу батареясы – қоңырсалқын. Жуынатын бөлмедегі қол жуғышта екі бұрағышы бар кран тұр. Бұл бөлмедегі электр жарығы моторлы құрылғымен қосылады, оң жақта иыққа қарай түсіп тұрған жіпті тартып қалған кезде жарық қосылады. Онда да электр жарығы деген аты болмаса, сығырайған ғана жарық.

Бұранды қол жуғыш біраз «қиындық» туғызды. Суығы мен ыстығы бөлек ағатын кранның «тілін тапқанша» суық суға жуынып, сабаққа кетеміз. Тілін тапқанда да, пластик бөтелкені екі ортасынан кесіп, екі кранды жалғап «орталықтандырылған су стансасын» орнаттық. Бұл идеямыз қолды жылы суға малып отыруға көмектеспеді. Бір жағынан суық, бір жағынан ыстық су қысыммен келіп қалғанда бір қолың күйіп, екіншісі тоңып жүргеніміз. Физика сабағын жарытпағанның нәтижесі осы тапқырлығымыздан көрінді.

Үйлердің көбісінде душ кабиналары, ваннасы болса да су толтырып түсе алмайсың, ұзақ шомылсаң, ыстық су бітіп қалады. Мұндағы су қоры бір шайынып қана шығуға жететінін кейін білдік қой. Біздегідей суды сарқыратып ағызып қою жоқ.

Үнемшіл ағылшындар сығырайған кіш­кене жарықпен отыра береді. Кешке жақын үйлерден жарқырап тұрған жарықты көр­мейсіз. Қысқы кезде жұмысқа немесе сыртқа шығарда жылуды сөндіріп кетеді, белгілі бір уақытта ғана пайдаланады. Мүлдем қоспайтындар да бар. Үйлерінде қалың киінеді, тіпті бас киіммен де жүре береді.

Бұл елде коммуналдық төлем – өте қымбат. Айына электр энергиясына, газға, суға белгілі бір мөлшері бар. Одан асса, тағы қосымша ақы төлейді. Сондықтан берілген межеден аспауға тырысады.

Тамақты сырттан жеу – мұнда атадан қалған дәстүр емес, бұл үнемшілдіктен пайда болған әдет. Өйткені күніге үш мәрте ас дайындауға электр, газ пайдаланылып, біраз шығындалады. Тиісінше ақысы да көп шы­ғатындықтан, оның үстіне уақыт кететіндіктен көп отбасы асхана, кафе, тез дайындалатын тағам орындарынан тамақтанғанды жөн көреді. Тіпті ертеңгісін шәй, кофе сатып алып, қолдарына ұстап кетіп бара жатады, үйлерінде шәйнекті де қоспайтын секілді.

Ал біз жарықты жарқыратып қоямыз, суды сарылдатып жуынамыз, жылуды тіпті терлеп жүрсек те басып қоймаймыз. Терезе ашып қойған ыңғайлырақ. Сосын барып коммуналдық төлем қымбат деп шағымданамыз. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда елімізде коммуналдық төлем ең төмен екенін білмейміз-ау.

Негізі елімізде енгізілген жылу бойын­ша норматив 21 градусты құрайды. Ал тұрғындар 23-25 градус жылуға үйреніп қалған, оны нормативке дейін төмендеткенде шағымдана бастайды. Үкімет 20-21 градус нормаға үйрену керек екенін жылда еске салып отырады. Қатты ыстыққа үйреніп алғанымыз сонша, орталықтандырылған желіге үлкен күш түсетінін, одан қалды өз денсаулығымызға да зиян екенін ескермейміз. Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің өзі бұл мәселеге арнайы тоқталды.

«Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек», деді Мемлекет басшысы.

Қазір әлемде су, энергия тапшылығы күшейіп барады. Сондықтан ағылшындар секілді тірлік етпесек те, қарапайым ереже­лерді сақтап, коммуналдық жүйені тиімді пайдаланып, билік бекіткен нормативпен жүрсек, ел экономикасына біраз үлесімізді қосар едік. Үнемшілдік артықшылығы көп екенін дамыған елдердің тәжірибесінен көріп отырмыз.

Бізге қымбат көрінгенімен, тұманды Альбион жұртының тұрмыс деңгейі жоғары. Сәйкесінше, табыстары нарық бағасына сай келеді. Дегенмен халық тұрмысының жақ­сы болуы үнемдей білумен де байланысты шығар...