Еліміздің ең үздік мәнерлеп сырғанаушысы қысқа бағдарламада 91,26 ұпай жиып, үшінші орынға табан тіреді. Ол тек 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2024 жылғы әлем чемпионы, ISU рейтингінің көшбасшысы, америкалық Илья Малинин (105,43 ұпай) мен Бейжің Олимпиадасының күміс (жекелеген есепте), қола (командалық есепте) жүлдегері, дүниежүзілік доданың үш дүркін финалисі, жапониялық Юма Кагиямадан (93,49 ұпай) қалып қойды.
Келесі күні еркін бағдарлама бойынша сайыстар өтті. Өкінішке қарай, шешуші сында Михаил өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Бұл жолы біраз қателіктер жіберді. Нәтижесінде, 162,49 ұпайды (қорытынды ұпайы – 253,75) қанағат тұтқан Шайдоров бесінші орында қалып қойды. Десек те жерлестеріміздің осы бәсі бөлек бәсекеге тұңғыш рет қатысып отырғанын ескерсек, осының өзін тәуір көрсеткіш деп бағалаған жөн.
Жарыстың бас жүлдесін Илья Малинин (282,12 ұпай) олжаласа, Юма Кагияма (281,72 ұпай) күміспен күптелді. Ал қола медальды Жапонияның тағы бір сырғанаушысы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Сюн Сато (270,82 ұпай) иеленді.