Айбын • 11 Желтоқсан, 2024

Бейбіт күннің қос батыры: генерал мен сарбаз

74 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, көпбалалы әке Жанасбек Пермабекпен жүздесті. Халық қаһарманы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтордің үйіне барып, жанұясымен танысты.

Бейбіт күннің қос батыры: генерал мен сарбаз

Бүгінде Жанасбектей жауынгермен бір сапта қызмет етіп жүргеніне мақтанатын ұландықтар көп. 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі – халқына адал сарбаз, отбасында үлгілі әке. Осылай деген генерал-майор Қайрат Үмбетов өнегелі отбасына арнайы келіп, балаларға базарлық сыйлап, қаруласының отбасымен жақынырақ танысуды жөн көрген.

«Ұлттық ұлан қолбасшылы­ғы қашанда қатарымызда қызмет етіп жүрген көпбалалы отбасы­лар­ға ерекше көңіл бөліп, оларға әлеуметтік қолдау танытып келе­ді. Бүгінгі кезекті қызметтік сапарымда осындай бір өнегелі отбасымен жүздесу сәті түсті», деді ол.

Көпшілікке мәлім, биыл мамырда Жанасбек көзсіз ерлік танытып, жұрт ықыласына ие болды. Өскемен қаласында Үлбі өзені­нің жағасында серуендеп жүрген ол суға батып, айналасынан көмек сұраған қызды байқайды. Өзен­нің қатты ағысына қарамастан, суға лап қойған Жанасбек бойжеткен­ді өзен жағасына шығарып, алғаш­қы медициналық көмек көрсет­кен. Жауынгердің жанкешті әрекеті­нің арқасында қыз өлім аузынан аман қалды. Бұл ерлігі үшін ефрейтор Мемлекет басшысы­ның Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

– Салқындығы шекеден өте­тұғын Үлбі өзені есіме түссе, денем қазір де тітіркеніп кетеді. ­Шы­нымды айтсам, суға түсуге құмар адамдар қатарынан емес­пін. Бірақ мұндай жағдайда әске­ри қыз­метші болғандықтан, де­реу шара қолданып, қорқыны­шың­ды ұмы­ту қажет. Өскеменді ке­сіп өтетін қай өзеннің болсын ағы­сы қатты. Ал көктем мезгілінде, яғни су көтерілген шақта өзенге түсу – тілсіз жаудың бір сәтте құрбанына айналумен бірдей. Сондықтан қала тұрғындарына суға түсуге рұқсат етілген иірімі аз арнайы жағаға барып, өзенге шомылмау­ға кеңес берер едім. Жалпы, кез келген адам тілсіз жаудан қорға­нып, сақтық шараларын есте ұста­ған дұрыс. Әсіресе, ағысы қатты өзендерде шомылғанда барынша абай болуларын сұраймын, – дейді Жанасбек.

Бұл оқиға оның есінде ұзаққа дейін қалары сөзсіз. Бірақ сол күні ефрейтор ағыстың қатты екенін аңғарғаннан кейін көмек қолын созуға қатар келген жолдасына суға түсуге кеңес бермеген. Асау толқынды Үлбі тұтастай үшеуін де ағызып әкетер деген ой қылаң берсе керек. Жанасбек Ұлттық ұланда 2011 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Әскери қызметкер жан шошырлық шақтағы тайынбас батыл әре­кетімен қаруластарының арасында да үлгі бола білді.

– Жанасбек бар жерде қо­йыл­ған тапсырма жоғары деңгей­де орындалады. Сондықтан қай­та-қайта қаузап, қойылған тапсырманы тәптіштеп, сұраудың да қажеті жоқ. Жанасбектей жауапкерші­лігі жоғары сенімді азаматтардың Ұлттық ұлан сапында қызмет етуі – біз үшін мақ­таныш. Өйткені ол кез келген уақытта нағыз жауынгерге тән жанкештілігімен өзгелерден биік тұрады. Сондай-ақ ол көмек сұрағанға қолұшын беруден еш жалыққан емес. Бәлкім, осындай адамгершілік қасиеттері­нен кейін бе екен, ұжымда сыйлы әрі абыройлы. Сонымен қатар оның домбыра шертіп, күй орындай алатын өнері барын біреу білсе, біреу білмес. Ол домбыра­ны мақамына келтіріп орындаған­да қазақ күйлерінің құдіретін сезі­ніп, бойыңды ерекше рух билейді, – дейді 6699 әскери бөлімінің 3-атқыштар ротасының командирі Шалқар Асихан.

Жаужүрек жауынгердің отбасында төрт бала бар. Қонаққа келген генерал балаларға базар­лық таратып, шаңыраққа шадыман қуаныш сыйлады. Айт­пақ­шы, Халық қаһарманы Қайрат Үмбетовтің өзі де оқу-жат­тығу ке­зінде қатардағы сарбазды граната жарылысынан құтқарып, ерен ерлік үлгісін көрсеткен еді. Бей­біт күннің қос батыры қоғамдағы оқиғаларға бейжай қарамай, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дары­ту қажеттігін сөз етті. Кеш соңын­да көпке үлгі болған көпбалалы отбасы шаңыраққа арнайы ат басын бұрған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары­на алғыс білдірді.