Заң мен Тәртіп • 11 Желтоқсан, 2024

Билер институты һәм дала демократиясы

67 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бала кезімізде «Аяз би» ертегісін қызыға оқып, оның биік парасаты мен қарапайымдылығын көкейімізге тоқып өстік. Өмірде болған бұрынғының атақты билері де қара қылды қақ жарған әділдігімен танылып, аңызға айналғаны мәлім. Ал қилы заманда үш жүздің басын қосып, ұлт бірлігінің рәмізіне айналған Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің ардақты есімдері еліміздің тарихынан өшпес орын алды.

Билер институты һәм дала демократиясы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

«Билер қазақ хандықтарының тарихында айтарлықтай рөл атқарды.  Олар рулық ұжым­дар­дың ортасында қалыптасып, билік тізгінін қолға алған соң, руластарымен тығыз байланыс жасап, руаралық және рулардан тыс қарым-қатынастарда олардың «табиғи» өкілдері әрі «қорғаушылары» ретінде таныл­ғандықтан, сұлтандар мен қожа­­­­лар­­­дың алдында мерейі үстем болды. Оның үстіне билер рулардың ішіндегі әлдеқайда бай, белгілі де ықпалды тұқым­дар­дан шыққан еді. Бірде-бір қазақ ханы айрықша және тө­тен­ше жағдайларда аса ма­ңызды әлеуметтік-экно­ми­ка­лық және әскери-саяси мәсе­ле­лерді ақылдасып шешу үшін ша­қырылатын билер кеңе­сіне жүгінбей тұра алмады. Би­лер­дің пікірін елемеу хан әуле­тінің беделін түсіріп, елден оқшауланып қалуына әкеліп соқты», деп жазды ғұлама ғалым Салық Зиманов.

Кейінгі кезде елімізде билер институтын қоғамдық бірлес­тіктер форматында жаңғыр­ту қолға алынып жатыр. Бұл халықтық бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты да­мытудың маңызды факторы болып саналатыны, сондықтан қоғамдағы азаматтық белсенділікті жандандырып, мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашу қажеттігі жөніндегі ұстанымымен үндес екені сөзсіз. Сондай-ақ бүгінгінің билері Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атап айтқан ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтардың бірі – елімізде Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету ісіне де аянбай атсалысары анық. Қазірдің өзінде олар осы бағытта қыруар жұмыс тындырып үлгерді.

Осыдан он жыл бұрын Қазақ­стан халқы Ассамблеясы өткізген Қоғамдық келісім кеңес­терінің қызметін үйлестіруге арналған республикалық семинарға қатыс­қанымыз бар. Сол жиында сөз алған Қазақстан халқы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық ассамблеясының өкілі түстік өңірде Қоғамдық келісім кеңестері ауылдық жерлерде Билер алқасы түрінде құрылып, ойдағыдай қызмет істеп жатқанын баяндаған.

«Бір мысал келтірейін. Бір ауыл­да тұратын бауыр­лас екі этнос жастарының арасында тұрмыстық негізде жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқандықтан, жарақат алып, ауруханаға түскендер болды. Бұл аяқастынан туындаған кикілжіңге жергілікті Билер алқасы дереу араласып, екі жақты тез арада бітімге келтірді. Кінәлілер ат-шапан айыптарын төлеп, кешірім сұрап, татуласып тынды. Әйтпегенде полицияға арыз жазылып, жастық қызбалықпен бір-біріне жұдырық ала жүгіргендер сотталып кететін еді. Мұның өзі оң мен солын танып үлгермеген балалары түрмеге тоғытылатын ата-аналардың жүрегіне қайғы салып, этносаралық араздық туын­­­дауы мүмкін еді. Билер алқасы, міне, осындай қауіпті алдын ала білді», деді ол.

Оған: «Ауыл билері аудандық мәслихаттар депутаттары мен ауыл­дық округтер әкімдері аудан басшыларына айтудан тай­сақтайтын көкейкесті мәселелерді көтере алып жүр ме?», деген сұрақ та қойылды.

Бұл сауалға: «Әрине! Мысалы, бі­з­дің бір аудандағы сумен қам­тамасыз ету жүйесі кезінде же­ке­шелендіріліп кеткендіктен, оның жұмысы жұрт көңілінен шық­пай, реніш көбейіп тұр еді. Осы мәселені өзге емес, Билер алқасы аудан әкімінің алдында батыл көтеріп, нәтижесінде тұрғындарды сумен қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылды», деген нық жауап берілген.

Соған қарағанда ана тіліміз бен ата салт-дәстүріміздің қай­мағы бұзылмаған қасиетті өңір Түркістан облысында Билер алқалары құрылып, баяғы заман­­­дағы дала демократиясын жаңаша жалғастырып жатқан сияқты. Осы игі бастамаға ұйыт­қы болған – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның ел өңірлерінде Қоғам­дық келісім кеңестерін құру туралы ұсынысына орай түркіс­тандықтар жергілікті тұр­ғын­дардың ділдік ерекшелігін ескере отырып, Қазақ елінің ежелгі халықтық билік органы болған билер институтын бүгінгі заманға үйлестіре жаңғыртуды қолға алған. Билер алқасының мүшелері де, оның төбебиі де ауылдағы ең беделді адамдардың арасынан таңдалып сайланады екен. Араларында ақсақалдармен қатар, келешегінен үміт күттіретін жастар да бар болып шықты.

«Ауылдық округтерде бұрын­нан ардагерлер кеңестері жұмыс істейтіндіктен, мұндай қоғамдық ұйымның қажеті қанша?» деген сауалға да орынды жауап берілген. Себебі ардагерлер кеңес­терінің күнделікті тірші­лікте атқаратын негізгі шаруасы – мұқтаждық көріп жүрген қарт­тарға қамқорлық жасау еке­ні мәлім. Елге беретінін беріп, бүгінде құрмет төрінде отырған ақсақалдардан ауылдағы ірілі-ұсақты мәселелердің бәріне араласып, кейде жергілікті шенеу­нік­­тердің міндерін беттеріне басатындай аса белсенділік күтудің өзі қисынсыз сияқты. Ардагерлер кейде өздерінің «базардан қайтқан жандар» екенін мойындап айтып қоятынын естіп жүрміз. Ал Билер алқасының мүшелерінің көбі – «базардың нағыз қайнаған ортасында жүргендер». Сондықтан да мәслихаттарға «қой аузынан шөп алмайтын момындарды» сайлауды ұнататын жергілікті әкімдердің «сүзгісінен» өтіп барып, сайланған депутаттардың айтуға дәті бармайтын көкейкесті мәселелерді солардың ғана көтере алатынына күмән келтіруге болмас. Сын түзелмей, мін түзелмейтіні де анық.

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігінің ақпаратына қара­­ғанда, билер атын ұстанған 15 үкіметтік емес ұйым «Ком­мер­циялық емес ұйымдар тура­­лы» заңға сәй­кес «Үкіметтік емес ұйымдар дерек­қо­рына» өз жұ­мы­сы туралы есеп тап­сыр­­ған. Солардың ішінде «Әділ билер» және «Қазақ билері алқа­сы» республикалық қоғамдық бір­лес­тіктері (РҚБ) және «Елорда билер кеңесі», «Шымкент билер алқасы», «Кереку билер алқасы» және «Ақмола билер алқасы» сынды қо­ғамдық бірлестіктер (ҚБ) бел­сен­ділігімен көзге түскен.

Мәселен, 2022 жылы Түркістан облысында құрылған «Әділ билер» РҚБ-ның қазір осы өңірдегі Түркістан қаласында, Төлеби және Сарыағаш аудандарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Қызылорда облысында филиал­дары бар. Олардың мүшелері қыстыгүні 3 ай бойы жолдарды қардан тазалау жұмыстарын ұйым­дастырған. 15 ауылдың арақ-шараптан бас тартуына ұйытқы болған. Сарыағаш, Ордабасы, Сайрам аудандарында 3 әлеуметтік дүкен ашқан. Былтыр әртүрлі этнос өкілдерінің арасында туындаған 3 мәселені дау шығармай шешіп, тараптарды татуластыра білген. Жетім-жесірлерге 8 тұрғын үй са­лып беруге бастамашылық жа­саған. Халықты алдап-арбаған алаяқ­тармен сөйлесіп, медиация арқылы 52 млн теңге қаражатты иелеріне қайтаруға ықпал еткен. Өздерінің қаражаты есебінен 120 үйге газ тартуға жәрдем берген. Бұған қоса жергілікті билер бюджет қаржысының жұмсалуына бақылау орнатып, атқарылған жұмыстардың сапасын қадағалап жүр.

«Атырау облыстық билер кеңесі» ҚБ мүшелері де белсенді. Олар 2019 жылдан бастап медиа­циямен және жанжалдардың алдын алу мәселесімен айналысып, жергілікті тұрғындардың ықы­ласына бөленген. Билер кеңесі мен облыстық сот өзара меморандумға қол қойған. Нә­тижесінде, 168-і даулы мәселе бітімгерлік жолмен шешілген. Қаралған істердің қатарында отбасын сақтау, алимент төлеу, пәтерден шығару, берешекті өтеу, жол-көлік оқиғалары салдарынан келтірілген залалды қалпына келтіру, көршілер арасындағы кикілжіңді шешу сияқты дау-дамайлар бар.

Алайда «Қазақтың бас биі», «Облыстың аға биі» сияқты лауа­зым­дарды ойлап шығарып, соған ұмтылу дана Абай бабамыз сынаған бес дұшпанымыздың бірі – мақтаншақтықтың белгісі. Осындай даңғойлықтан арылып, қоғамға пайдалы істермен айналысу, ұлт­тық құндылықтарымызды насихаттау және әлі де тыйылмай тұрған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу бүгінгі билердің беделін көте­рері хақ. Сонда халқымыздың атақты билері орнатқан дала демокра­тиясы қазіргі заңнама аясында жаңғыра жалғасын тауып, Әділетті Қазақстан құру ісіне елеулі үлес болып қосылары күмәнсіз.