Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көрме аясында жаңа өнімдер – жол құрылысы техникасы, жабдықтар мен аспаптар көпшілікке таныстырылды. Олар таяу болашақта жол құрылысы мен көлік инфрақұрылымының құрылысы туралы әдеттегі ұғымдарды өзгертпек.
«Жол саласын одан әрі дамыту бойынша бірқатар міндет тұр. Атап айтқанда, жолдың пайдалану жағдайын қамтамасыз етіп, сапасын арттыру керек. Сондай-ақ заманауи жол инфрақұрылымын құрып, ондағы қауіпсіздікті тиімді басқаруды қамтамасыз ету маңызды. Жазғы және қысқы жолдарды күтіп ұстаудың қажетті деңгейін қалыпты ұстау да өзекті», деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Биыл елімізде 12 мың шақырым жол жөндеу жұмысымен қамтылған. Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахан сияқты жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын 4 ірі жол жобасын қайта жаңғырту жұмысы аяқталып жатыр.
«Ірі жобалардың аяқталуына байланысты елдің транзиттік әлеуетін одан әрі жақсартуға қатысты жаңа жоба дайындау жұмысы басталды. 2029 жылға қарай ұзындығы 4 500 км құрайтын 12 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Қазір жобалық құжат дайындалып, қаржы көздері мен оларды тарту тетіктері пысықталды. Соңғы жобаларды іске асыру тәжірибесін ескеріп, мердігер мен жобалаушы жауапкершілігін арттыру мақсатында халықаралық қаржы институты қолдауымен бұл жобаларға EPCM келісімшарттары мен FIDIC қағидаттары енгізілді», деді М.Қарабаев.
Көрмеге «Q Smart-PM» асфальтының тұрақтылығын арттыруға арналған модификатор, «Q Smart-P» бетон жолдарының беріктігін нығайтатын қоспа, топырақты нықтап, нығыздауға қолданатын «Q Smart-S» материалы қойылды. Ал көктайғаққа қарсы «Q SmartAntiGlaze» экореагенті мен «Q Smart» жеке бренді, сондай-ақ ҚазжолҒЗИ-дың бірқатар әзірлемесі жан-жақты таныстырылды.
«2024 жыл институт тарихындағы маңызды кезең болды. 65 жылдық – жай ғана атаулы күн емес, көпжылдық еңбек пен жетістіктердің көрсеткіші. Ондаған жыл бойы жоғары кәсіпқойлықты, іске деген адалдық пен дамуға ұмтылып келе жатқан ұжымды мақтан тұтамыз», деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ басшысы Арман Әлібаева.
Бүгінде институт автомобиль жолдарын диагностикалау, материалдар сапасын бағалау мен жобаны ғылыми сүйемелдеуге арналған жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ұжымда ғылым докторлары мен кандидаттар, сондай-ақ жас мамандар бар. ҚазжолҒЗИ халықаралық өнертабыстарға 19 патент алды. Бұл оның ғылыми әзірлемелер жасау барысындағы көшбасшы екенін растайды.
ҚазжолҒЗИ жол саласы үшін бірқатар маңызды және бірегей цифрлық өнім жасады. Оның қатарында көше-жол желісі мен СУЭМ көпірлерді пайдалануды басқару жүйесін, жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасын, «Jolshy» цифрлық базасын, ашықтықты қамтамасыз етуге ықпал ететін «Jollab» зертханасына арналған электрондық платформа бар.
«Kaztraffic-2024» көрмесі ғылыми-техникалық бағыт, IT-индустрия, авиация, аграрлық сектор, өнеркәсіптік өндірістің барлық түрі, өндіруші кешен, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық өкілінің мақсаты мен мүддесін біріктірді. Әрбір келуші экспозицияларымен жеке танысуға, саланың әлемдік көшбасшыларының өкілдерімен тікелей сөйлесуге мүмкіндік алды.