Ипотека • 11 Желтоқсан, 2024

Жеңілдетілген ипотека: Депозит өсіп, жарна көлемі төмендейді

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Отбасы банк» жеңіл­детілген ипотекалық бағ­дарламаларға келер жылдан бастап біршама өзгеріс енгізбек. «Наурыз» бағдарламасының ипоте­ка­лық талаптары кү­шейіп, салым­шылардың депозитте жинауға тиіс қаражаты көбейеді. Сондай-ақ алғашқы жарнаны 10%-ға төмендету мәселесі кезекте тұр. Мұ­ның бәрін Үкімет отырысында «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләз­зат Ибрагимова айтты.

Жеңілдетілген ипотека: Депозит өсіп, жарна көлемі төмендейді

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бағдарламада біршама өзгеріс бар

«Наурыз» бағдарламасына сәйкес, салымшы депозитінде үй алуы үшін 1 млн теңге көлемінде қаражат болуы керек. Дегенмен бұл сома азаматтардың өтініші қабылданған соң, үй алуына жетпейді. Сондықтан банк бұл соманы көтеру туралы ойлана бастаған. Талқыға салған.

– Конкурстан өткен салымшы аз уақыт ішінде пәтер құнының 20%-ын салуға тиіс. Қазір 2,5 мыңнан астам өтініштің 39%-ында ғана 20%-ды құрайтын жарна бар. Сондықтан келесі жылы бағдарламаға қатысу үшін салымшылардың депозитінде 2 млн теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруды тездетеді. Аталған шара са­лым­шыларды қорғау үшін жа­салып отыр. Салымшылар ақ­ша іздеп, үйіне жөндеу жасап жүрмеуі керек. Конкурстан өт­кен соң, бірден баспанасына қо­ныстануы керек, – деп түсіндірді банк төрағасы Л.Ибрагимова.

Айтпақшы, шілде айында конкурстан өткен азаматтарға 20 пайыздық сомаға қатысты талаптарды орындауға 6 ай беріл­ген. Десе де, банк басшысының сөзінше, кейбір қатысушылар сол уақыттан бері аталған қара­жатты жинай алмаған.

«Наурыз» ипотекалық бағ­дар­ламасы бойынша таза әрлеу­дегі пәтерлерге алғашқы жарна көлемі төмендетіліп, минимал де­позит мөлшері артады. Бұл өзгеріс келер жылдың 1 қаңта­рынан бастап күшіне енеді. Келе­сі жылы бағдарламаға 300 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

– Талдау барысында екі мә­селе анықталды. Біріншіден, көптеген сатып алушы пәтердің дайын болғанын қалайды. Себебі жөндеу шығындары көбейеді. Осыған байланысты банк тұрғын үй-құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірнеше кездесу өткізді. Енді таза әрлеудегі пәтерлер бойынша бастапқы жарна 20%-дан 10%-ға дейін төмендейді. Бұл – ынталандыру шарасы, – деді банк басшысы.

Сондай-ақ «Отбасы банк» жеңілдетілген «Наурыз» бағдар­ламасын 2025 жылы да жал­ғастыру үшін 200 млрд теңгенің облигациясын шығармақшы.

– Бағдарламаларды жалғас­тыру үшін 2025 жылы қосымша 200 млрд теңгенің облигациясын шығарамыз. Банк облигацияларды 14-15%-дан нарықтың бағамымен шығарады. 7%-ға дейін мемлекеттен субсидияланады. Бірінші рет 24 қаңтарда бюджеттен 8 млрд 180 млн теңге бөлуді сұраймыз. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасының табыс­ты жүзеге асуына бюджет қа­ражатын бөлу үдерісін тездетуді ұсынамыз. Аталған бағдарлама жас отбасылар арасында сұранысқа ие. Сондықтан банк осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды жоспарлайды, – деді.

 

Сыйақы берілмеуі мүмкін

Біраз уақыт бұрын «От­­ба­сы банктің» депозиттер­ге тө­ленетін мемлекеттік сый­ақы­ны алып тастайтыны туралы ақ­па­рат тараған еді. Брифинг­те бас­қарма төрағасы Ләззат Ибра­ги­мова мемлекеттік сыйақы де­­по­­зит ашып, ипотекаға несие рә­сімдейтін азаматтарға бе­рі­летінін айтты. Ал депозит ашып, артынша салынған қара­жатын шығарып алатын­дарға берілмеуі мүмкін.

Демек алдағы уақытта «От­ба­сы банк» депозиттеріндегі мемлекеттік сыйақы төлеуге қатысты норма өзгереді. Қазір банк салымшыларына берілетін мемлекеттік сыйақының көлемі – 75-80 млрд теңге. Ал нормаларға өзгеріс енсе, ел бюджетіне түсе­тін салмақ азаймақ.

– Мемлекеттік сыйақы көлем жыл сайын артып келеді. Ел бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіп отыр. Қазіргі нормаларға сәйкес, салымшы 3 жыл бойы ақша жинап, депозитін шешіп алса, ол жиналған соманы сый­ақы­мен бірге, толық көлемде шығара алады. Біз осы мәселеге талдау жүргізіп жатырмыз. Ме­нің­ше, бәрі әділ болуы керек. Мем­­лекеттік сыйақы ең мұқ­­­таж, пә­тер алуға ниетті адам­­­дар­­ға берілуге тиіс. Банк осын­­­­дай өз­герістерді көздейді. Мем­­­­лекеттік сыйақы банктен ипо­те­­­каға үй алатын адамдарға ға­на бері­луі керек, – дейді Л.Ибрагимова.

 

Төрт облыста пәтер тапшылығы сезілмек

Банк төрағасының айтуынша, келер жылы 4 облыста пәтер тапшылығы сезілуі мүмкін. Себебі «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша 68 700 ұсыным берілген. Дегенмен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Атырау облыстарында тұрғын тапшылығы байқалады. Бұл келесі жылы да қайталануы ықтимал. Ал «Baspana Market» порталына ілінген пәтерлердің бағасы бір жыл бойы өзгермейді.

– 2024 жылдың басты бағ­дарламасы «Наурыз және «Отау» болды. Аталған бағдарламалар іске қосылғаннан кейін нарықта тұрғын үй бағасының көтерілуін болдырмау мақсатында «Baspana Market» порталында брондау қолға алынды. Құрылысшылар осы порталға өз пәтерлерін қойған­да 12 ай бойы пәтер баға­сын өсірмеуге тиіс. Қазір порталда 921 нысаннан тұратын 19 мыңға жуық пәтер бар, – деді төраға.

Еске сала кетейік, биыл «Нау­рыз» бен «Отау» бағдар­лама­лары арқылы 9 370 отбасы жаңа баспана алды.

– «Отбасы банктің» басты мақсатының бірі – салымшыларды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету. Банк 11 айдың ішінде 32 895 заем берді. Жалпы сомасы 571 млрд теңге болды. Оның ішінде кезекте тұрған са­лымшыларға 7 861 заем беріл­ді. «Отбасы банк» операторы болып есептелетін басқа ипоте­калық бағдарламаларда 25 034 отбасы жаңа пәтерге кірді. Оның 40%-ы «Наурыз» бен «Отау» бағдарламаларына тиесілі. Осы арқылы 9 370 отбасы жаңа бас­паналы болды. Жалпы сомасы – 240 млрд теңге. Бағдарламаны нақты жүзеге асыру маусым айы­нан басталды. Келесі жылдың басында жалғасады, – деген еді Л. Ибрагимова.