Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік берекесі. Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» деді.
Расымен де, жалпыұлттық идея – бірлік, оны ұрпағымыздың бойына сіңіруде жатыр. Халқымыздың «Тәрбие – тал бесіктен» деуі тегін емес. Ұядан ұшқан балапан секілді жақсы тәрбиемен қанаттанған бала өнегелі, қоғамға адал қызмет етеді.
Иә, озық дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылған бүгінгі таңда иманды да, тәрбиелі, білімді де, саламатты ұрпақ өсіру міндеті алда тұр. Сол себептен қазір еліміздегі оқу ошақтарында ұлттық тәрбиеге айрықша мән беріліп келеді. Оның түпкі, мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен адамзаттық құндылықтарды ұштастыра алатын тұлға тәрбиелеу болып табылады.
Рухы өршіл, білімі биік, ұлтын сыйлайтын жастар элитасы негізінен ЖОО-да қалыптасып, дамитыны белгілі. Бүгінгі біздің студенттер – сапалы білім алумен қатар, ғылым мен саламатты өмір салтын ұстанған, елім, жерім деген, болашағына зор сеніммен қарайтын азаматтар мен азаматшалар десем, асырып айтқандық емес. Университетімізде ата-баба дәстүрін қадірлей білетін бүгінгі күн талабына сай білікті де дарынды жастар легі қалыптасып келеді. Ең бастысы, ҚазҰТУ бәсекеге қабілетті инженер маман даярлауда білім беру мен тәрбиенің тал бесігіне айналған қарашаңырақ деу орынды секілді. Сонымен бірге, оқу ордамызда ана тіліміздің айбынын асқақтатып, ұлттық бай мұрамызды дәріптеуде біраз жұмыстар атқарылуда. Соның алғашқысы деп «Абай оқуларын» айтуға болады. Онда Абай өлеңдерін қазақ тілінен басқа әлемнің көптеген тілдерінде шетелдік студенттер жатқа оқып, әндерін қосыла шырқайды. Сондай-ақ, қыздарымыздың басын біріктіретін «Әй-керім» клубының да берер тағылымы мол. Қыздарымыз тарихымыздан белгілі сақ патшайымы Тұмар, ақыл-парасатымен, мейірбандығымен танылған Домалақ ана, Абайдың әжесі Зере, ел билігіне араласқан Айғаным, Ұлпан сынды данагөй апаларымыз жайлы біліп, ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз туралы көп мәліметтер алады.
Әрине, заман ағымына қарай студенттердің сұранысында да өзгеріс бар. Бірақ қандай жаңа шара болмасын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, дәстүрден үйренуден кенде емеспіз. Соңғы жылдары университет өміріне жаңаша реңмен енген «Үздік жас отбасы» байқауы, «ҚазҰТУ аруы мен жігіт сұлтаны», жастар театры, дәстүрлі әндер, халық билерінің мерекесіне айналған «ҚазҰТУ көктемі» фестивалі, поэзия, проза жанрында қалам тартып жүрген студенттеріміздің шығармалары топтастырылған алғашқы студенттік альманах – «Бәйшешектің» жарыққа шығуы, т.б. атауға болады. Бір сөзбен айтқанда, оқу ордамыздағы өтетін шаралардың бастысы, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру болып табылады.
Тәрбиенің басты нысаны елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу. Бұл тұрғыда Елбасы жастарға үлкен сенім артып отыр. «Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, Президенттің осы сенімін ақтау ұлтын сүйген азамат ретінде әрқайсымызға парыз деп білемін. «Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз» деген Елбасы сөзі жастарды қанаттандыруда.
Мемлекет басшысы тағы бірде: «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз», деді. Соның дәлеліндей, Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 1 наурызында тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталатын жаңа қоғамдық институт құрды. Бұл құрылым елімізде ұлтына, тіліне, дініне бөліп алаламай, барша қазақстандықтардың тең құқықта өмір сүруіне өз үлесін жоғары дәрежеде қосып келеді. Татулық, бірлік, келісім – ең асыл іс ел үшін. Қазақстан азаттық алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді. Ассамблея дербес қоғамдық институт болып құрылғанына да биыл 20 жыл толмақ. «Біздің ел – көп ұлтты ел. Кез келген отандасың – қай халықтың баласы болса да, ол сенің досың» деген қағиданы ту етіп көтерген Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде көптеген өзге ұлт жастары білім алуда. Қазіргі таңда ҚазҰТУ-де әлемнің 12 елінен 260 студент оқиды. Олардың 242-сі бакалавр болса, 17-сі магистрант және 1-еуі докторант. Барлығы да Қазақстанда, ҚазҰТУ-де білім алып жатқанын мақтан тұтады. Осы елдің жері мен салт-дәстүріне аса құрметпен қарайды. Елдің тіліне, ұлтқа деген сүйіспеншіліктері түрлі байқау мен басқосуларда сезіліп тұрады. Татулығы мен ынтымағы жарасқан елдің болашағы да табысты, ертеңі берекелі болады. Бұл тәуелсіз елдің басты бағыты, бет алысындағы бекем байламы.
Бауыржан ЕДІЛБАЕВ,
техника ғылымдарының
кандидаты, доцент, ҚазҰТУ-дің
Ақпараттық-талдамалық орталығының
директоры.
Алматы.