Бокс • 12 Желтоқсан, 2024

Жігіттерде – 10 жүлде

44 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таиландтағы Азия чемпио­натының финалында еліміз­дің тоғыз боксшысы өнер көрсетті. Жетеуі өзбектермен жұдырықтасса, қалған екеуі Тәжікстан, Қытай өкілдерімен күш сынас­ты. Нәтижесінде, аталған жарысты біздің жігіт­тер 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен қорытын­дылады.

Жігіттерде – 10 жүлде

Чемпионаттың соңғы күні көңілсіздеу басталды. 48 кг салмақ дәрежесіндегі Санжар Тәшкенбай Шодиер­жон Меликузиевпен қол­ғап түйіс­тірді. Бұған дейін қан­да­сымыз дәл осы өзбек бокс­шысын түрлі жауапты жарыстарда екі рет жеңген. Бірақ бұл жолы біз күткендей болмады. Қос өрен аянбай айқасты. Бәсеке барысында екеуінің де шекесі жарылып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Үшінші раундта Тәшкенбай нокдаунға түсті. Төрешілер соны есепке ала отырып, Меликузиевті жеңімпаз деп таныды.

Көп кешікпей тағы бір әлем чемпионымыз шаршы алаңға шықты. 54 кг салмақтағы Махмұд Сабыр­хан жастардың әлем бірін­шілігінің жеңім­пазы, ересектердің құр­лық чем­пионатының қола жүлде­гері Шахзод Мұзаф­фаровпен күш сынасты. 

Бәсеке басталған бетте тізгінді қолына алған Оралбек Ілиясовтың шәкірті уақыт өткен сайын қарқынын күшейте түсті. Мұзафаров барынша қарсылық көр­сеткенімен, Махмұдың шеберлік деңгейі одан бір бас жоғары екені анық аңғарылды. Жеңіс қазақ боксшысының еншісіне жазылды.

Одан кейін Қазақстан мен Өзбек­станның жуан жұдырықты жігіттері арасындағы төрт жекпе-жектің барлығы да «өзбек ағайындардың» пайдасына шешілді. Осы күнге дейін көрші елдің өкілдерін үнемі сабап келген Оразбек Асылқұлов (57 кг) шешуші тұста атақты Миразизбек Мирзахалиловқа лайықты қарсылық көрсетті. Бірінші раундта қандасымыз басым болды. Бірақ қалған екі кезеңде әлем, құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы соққыларын дәлірек жұмсап, жеңісті Оразбектің уысынан жұлып әкетті.

ва

Дулат Бекбауов (67 кг) пен Мужи­билло Тұрсыновтың кездесуі де кескі­лескен айқаспен өтті. Шеберлер шегінбей айқасты. Қазылар біраз ойлана-толғана келе жеңісті Тұрсыновқа берді. Бұл шешімге наразы болған Дулат марапаттау рәсіміне шығып, күміс медальді мойнына ілуден бас тартты.

Абылайхан Жүсіпов (71 кг) пен Ха­васбек Асадуллаев арасындағы сайыс­та да дәл сондай жағдай орын алды. Тең дәрежеде өткен бәсекеде төрешілер өзбектің ығына жығылды.

Чиангмайда өзін жақсы қырынан көрсеткен Диас Молжігітов (75 кг) шешуші тұста Джавохир Умматалиевтің осал тұсын таба алмады.

86 кг салмақ дәрежесінде жұды­рық­тасқан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәу­летов жастар арасындағы Азия бірін­шілігінің жеңімпазы (U-22) Жасурбек Юлдошевты жеңді. Сөйтіп, аталған жарыстың бұған дейінгі межелерінде қазақ пен өзбек боксшылары арасында тең есеп (2:2) тіркелсе, финалда екі жерлесіміз ғана жеңіске жетіп, қалған бесеуі жеңілістің кермек дәмін татты.

92 кг салмақтағы Сағындық Тоғамбай тәжістандық Парвиз Кәрімовтың тас-талқанын шығарды. Мырзағали Айт­жановтың шәкірті оны үш рет нок­даунға жібергеннен кейін бәсеке дереу тоқтатылды.

Аса ауыр салмақта айқасқан Айбек Оралбай команда капитанына тән мінез көрсетіп, қытайлық Әбудурешити Ремуладан басым түсті.

Осылайша, Таиландта өткен Азия чемпионатында еліміздің әнұраны төрт мәрте шырқалды. Бұл жарыстың бас жүлдесі мен күміс медалі кімдерге бұйырғанын жоғарыда айттық. Жар­тылай финалда сүрінген Ерасыл Жақ­пеков (80 кг) қоланы қанағат тұтты. Сәкен Бибосынов (51 кг), Бейбарыс Жексен (60 кг), Мұхамедсабыр Ба­зарбайұлы (63,5 кг) жеңіс тұғырына көтеріле алмай, елге еңселері түсіп оралды.

Командалық есепте біздің жігіттер екінші орын алды. Ал қоржынында 8 алтын, 2 күміс, 1 қоласы бар Өзбекстан жеке-дара көш бастаса, үздік үштікті Тәжікстан (1+1+3) түйіндеді.

Жарыс аяқталған бетте БАҚ өкіл­деріне сұхбат берген ұлттық құра­маның бас бапкері Қайрат Сәт­жанов: «Біз 67, 71 кг салмақ дәрежелерінде өткен финалдық сайыс­тарының нәти­же­лерімен келіс­пейміз. Бұл жерде тө­решілер тарапынан ағаттық кетті. Қалған жекпе-жектерде дұрыс ше­шім шығарылды. Шәкірттерімнің жі­берген қателік­терінің барлығын көрдім. Енді сол олқылықтардың орнын толтыру бағытында еңбек етеміз. Алдағы уақытта физика мен техникаға көбірек мән беруді көздеп отырмыз. Осы орайда, Нұрбек Оралбай бастаған мықты боксшыларымыздың біразы осы жарысқа қатыспағанын да ескерген жөн. Ең бастысы, бізде жақсы резерв бар. Дарынды жастарды ұлттық құрамаға тартамыз», деп ой түйді.