Театр • 12 Желтоқсан, 2024

Шежірелі өнер ордасы

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Семейде сан мыңдаған көрерменнің көңілінен орын алып, қаншама талант­тың еңсе тіктеуіне зор үлес қосып келе жатқан облыстық Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының 90 жылдық мерейтойы өтті. Қазақ театр тарихының бесігіне баланған бұл мекенде 1917 жылы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Ойқұдық жайлауында «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанған болатын.

Шежірелі өнер ордасы

Хакім Абайдың екінші әйелі Әйгерім­нің отауында «Еңлік-Кебек» шығармасы алғаш қойылғанда бір жағы сахна, екін­ші жағы көрермендер отыратын орын болып екі киіз үй тігіледі. Елу тиыннан билет сатылған. Барлығы 54 сом 50 тиын жиналған. Түскен қаражатты Құлжа­да­ғы ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына жөнелтілгені сол істің басы-қасынан табылған ерлердің азамат­тығы десек жарар. Бұл туралы он жетінші жылы Алаштың үнжариясы болған «Сарыарқа» газетінде жалпақ жұртқа жария болды.

Шыңғыстау бауырында сахналан­ған «Еңлік-Кебек» пьесасы Ойқұдықта туған ойлы дүние бір күннің жемісі емес. Тарих диірменін кері шегерсек, Семейде Абайдың дүниеден қайтқа­ны­на 10 жыл толуына орай өткен әде­би кешке, сол заман шеңберіндегі «Күн­шығыс» кеші сияқты мәдени һәм әдеби оты­рыстарға барып тіреледі. 25 қаң­тар 1914 жылғы Абайды еске алуға арнал­ған кештен әңгімеші Көкбай, дом­бырашы Әлмағанбет, скрипкашы Мұқа – Абайдың ақындық не болмаса әдеби мектебінің үлгі-сорабы аңдалады. 1915 жылы 13 ақпанда Семейдегі приказщиктер үйінде өткен ойын-сауық кеші. Біржан-Сара айтысы театр сахнасына бейімделіп, музыка-инсценировка ретінде қойылды. Төрт бөлімнен тұрған үлкен сауық кешті ұйымдастырушы Нәзипа Құлжанова делінеді мұрағат материалында. Архив құжатын ақтарсаңыз, Семейде 1917–1918 жылдары қазақ, орыс, татар труппаларының қызмет еткенін байқауға болады.

в

1920 жылы талапты қазақ жас­тары мен оқығандары «Ес-Аймақ» атты мә­дени-ағарту қоғамын құрды. Атауы­ның өзі аймақты есейту, санасын ояту мәнін үстеді. «Қазақ тілі» газетінің 1922 жыл­дың 22 ақпанындағы санында «Лу­на­чарский театрында қазақ сауығы бо­лады. Драманың соңын ала Иса ақын ­мен Жабайхан Дүбірұлы айтысады» делін­ген хабар тарайды. Бір айдан кейін дәл сондай хабарламада Иса мен Нұрлы­бек ақынның айтысқаны тарайды. Ал дәл ­сол жылы 17 желтоқсан күні педтехни­кум жастарының қатысуымен «Күншы­ғыс» сауық кеші өтті. Кейбір жерде бұл ­«Шы­ғыс» кеші деп те айтылып жүр.

Рас, Мұхтар Әуезов айтпақшы, кәсіби театр элементтері Қарқаралы маңын­дағы Қоянды, Қарқара жәрмеңкесіндегі жиын-тойға, тіптен одан әрі тереңдесек, қазақтың халық ауыз әдебиетіндегі жар-жар мен айтыс, салтты саралайтын, дәс­түрді дәріптейтін мыңжылдық мәде­ниетіміздің мәйегі болып шығады. Демек қазақ театрының діңгегі тіпті әріде қа­ғылғанын айғақтайтын дерек те жетерлік. Қазығымызды неғұрлым ары апарып қақсақ, театр аясы кеңейіп салары анық. Бұл өз шежіремізді шертіп, тарихтың қатпарлы сырын білсек деген лепесте айтылған ишара.

Театр тойы аясында алдымен «Абай театры тарих толқынында» респуб­лика­лық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция шымылдығын түрді. Ғылыми басқо­суда сөз алған М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты Семей фи­лиа­лының директоры, филология ғылым­дарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков Алаш кезеңінен бастау алған театр келешекте көрермен көңілінің кілтін тауып еңбектену жолы мен репертуарын байытуы туралы және өзекті мәселелер төңірегінде біршама ой айтты.

«Мұхтар Әуезовтің ұлт театры мен дра­матургиясы жайлы ойлары және оның трансформациялануы» тақыры­бында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан, «Қазақстандағы театр өнерінің қалыптасуы – Абай театрының маңызы» атты баяндамасымен өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атын­да­ғы Қазақ ұлттық өнер академиясы­­ның про­фессоры Бақыт Нұрпейіс театр­ туралы толғаныстарды орта­ға сал­­ды. Соны­мен қатар жергілікті ғалымдар мен өнер­танушылар да өзге тақырыптар жайында егжей-тегжейлі пікірлерімен бөлісті.

Конференцияның түйіні ре­тінде Абай атындағы театрдың қоғамдағы рөлі мен театрдың қалыптасуы мен да­муы, қазақ өнері мен мәдениетіне қос­қан үлесі жан-жақты қамтылған «Тарихы терең театр» атты кітаптың тұ­­сауы кесіліп, театр тарихының ма­ңыз­­ды кезеңдерін, белгілі өнер қайрат­кер­лерінің шығармашылығын, театр­дың ұлттық мәдениеттегі орнын баяндай­тын «Ойқұдықта маздаған театр» деректі фильмінің көрсетілімі ұсынылды.

Салтанатты іс-шара аясында Пар­ла­мент Сенатының төрағасы Мәу­лен Әшім­баев пен Мәдениет және ақ­па­рат ми­нистрі Аида Балаеваның құт­тық­тау хат­тары оқылды. Аймақ басшы­сы Нұр­лан Ұран­хаев театр ұжымы мен барша өнер­сүйер қауымды айтулы оқиғамен құт­тықтап, жаңа автобустың кілтін табыс етті.

«Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғалиақпар Төребаев сынды көрнекті тұлғалар құрған мәдени орталық өңі­ріміздің рухани құндылығының символына айналды. Театрдың 90 жыл­дық тарихында өнер саласындағы тола­ғай табыстардың шежіресі жазылды. Мұхтар Әуезов: «Театр – ең ұлы бейне­леу өнерінің бірі», деген екен. Бұл – облысымыздың ғана емес, бүкіл қазақ хал­қының рухани мақтанышы, ұлттық мә­дениеттің жарқын шамшырағы. Ынты­мағы жарасқан театр ұжымына шабытты шығармашылық жолға жаңа жарқын табыстар тілеймін!», – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге Абай атын­да­ғы театр­дың дамуы мен шығар­машылық жетістіктерге жет­кен өнер­паздар марапатталды. «Ең­бек ардагері» медалі Аль­мира Айдар­хановаға табыс етіл­ді. «Мәде­ниет саласының үздігі» төс­бел­гісі­мен Нұрбек Ташкенбаев, Талғат Тө­леубаев, Елена Обухова, Айдос Бай­­гелдин, Ерен Ахметов, Нұржан Хасе­нов, Әсел Нұрланова, Әлия Ха­ми­това марапатталды. Сон­дай-ақ Мәдениет және ақпарат ми­нистрінің Құрмет грамотасы, «Се­мей қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тоқсан жыл бойы қазақ театр өнерінің тынысына дем беріп, қазақ руханиятының қазанында қайнаған театр саласындағы көрнекті тұлғалардың ізін жалғаған әртістерге табыс етілді.

«Еңлік – Кебекпен» есік ашып, «Ес-Аймақпен» ер жетіп, еңсе тіктеген өнер ордасы келешекте де өнер туындыларымен өріс ашып, театр саласының тұғырын тіктеуге атсалысары анық.

 

Семей