Музей • 12 Желтоқсан, 2024

Қаламгер қазынасы

74 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атбасарға ат басын бұрған көзіқарақты жолаушы ұлт тарихы көркем бейнеленген көрнекті жазушы, Алаш мұрасының жанашыры Ілияс Есенберлиннің әдеби музейіне соқпай өтпес еді. Шағын қалаға рухани шырай беріп тұрған да осы музей. Тірнектеп жинаған жәдігерлерден қайсар рухты қаламгердің жанкешті еңбегі жарқырай көрініп тұрғандай.

Қаламгер қазынасы

Сурет: el.kz

Мұражай биыл өзінің жиырма бес жылды­ғын атап өтуде. Әуел баста салынуына жазушының жанашырлары мен артында қал­ған қара ормандай қалың елі, ойлы оқырмандары түрткі болған. Өтпелі кезеңнің өкпек желі елдің апшысын қуырып тұрған кезде салынды. Іргетасы қаланғаннан кейін ел игілігіне жарағанша бес жыл өткен. Ажарлы болып шығуына Қазақстан Республикасының құр­метті архитекторы Бірлік Ере­жепов көп еңбек сіңіріпті. Ба­ласы Қозыкөрпеш пен бауыры Рау­нақ­тың арқасында үш мыңнан астам жәдігер жинақталған.

– Әдеби музейдің төрт залы бар, – дейді музей меңгерушісі Ұл­болсын Комбатурова. – Біріншісі жазушының балалық және жас­тық шағын қамтиды, екіншісі Дү­ниежүзілік соғыс кезі, одан соң қаламгердің қажырлы еңбегінің ар­қасында жалпақ жұрттың рухани жан дүниесіне жылы ағыс болып құйылған әдеби еңбектері.

Ең бір құндысы – қайсар қалам­гердің өзі жұмыс істеген бөлмесі. Мына бір жерде ақ плащы, қол­жаз­балары, жазушының өз даусы жазылған таспа тұр. Оқырманға ой салу үшін тағы бір дерек келтіре кетелік. Асқақ рухты жазушы 1924 жылы Атбасар қаласында азапты кезеңді басынан өткерсе керек. Өзі тәрізді жетім балалармен бірге көпірдің астын паналаған. Жанашыр адамдар бір топ жетім баланы балалар үйіне тапсырған. Арада біраз уақыт өткен соң балалар үйі Қызылорда қаласына көшіріліпті. Сөз арасында айта кетейік, осы Атбасар қаласында жазушының әкесі 1895 жылы салған үй де сақталып қалыпты. Алыс-жа­қын ағайыны да осында. Баяғыда жетімдіктің азабын тартып жүрген кезінде ба­уырларына басып, мейі­рім төгуге мүмкіндіктері болмапты. ­Тек кіші бауыры Раунақты ғана пана­латса керек. 1940 жылы алапат соғыстың алдында әлі ешкімге белгісіз Ілияс аға Атбасарға атүсті соқса керек. Әйт­се де қаланың көнекөз қариялары бұл оқиғадан бейхабар. 1950 жылы да ат ізін салған. Онда да құшақ жайып қарсы алған ешкім болмаған. Әке-шешесінің қабірін іздеген деседі. Таба алмапты. Балапан басына, тұрым­тай тұсына сағалаған заманда қай ­жерден топырақ бұйырғаны белгі­сіз. Әйтеуір, осы қаланың маңында ­екені анық. Жалғыз әке-шешесі ғана емес, ет жақын туыстарының да қай­да жерленгені белгісіз. Қонақүйде бір қонып шығып, таңертең жүк таситын пойызға мініп, аттанып кет­кен деседі. Мұның барлығын тәптіштеп жазып отырғанымыз, қаламгердің тіршілікте теперішті аз көрмегенін ұқтыру.

Ұлболсын Даниярқызы жазу­шының майдан даласындағы ер­лігі туралы тәп-тәуір таратып айтады. «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарын көрсетіп, ауыр жара­қаты туралы да әңгімелеп берді. Осы жарақатынан кейін мүгедек болуы себепті әскер қатарынан босатыл­ған. Алаштың арғы-бергі тарихын, жауынгерлік рухын, ел қорғаған ерлердің теңдессіз іс-қимылын көр­сете білген жазушының осыншама ауыртпалықты басынан кеше жүріп, рухының сынбағандығы талайды таң-тамаша қалдырады.

– Біз Алматы, Мәскеу, Брюс­сель қалаларында тұратын туысқан­­­­да­рымен хабарласып тұрамыз, – дей­­ді әдеби музейдің меңгеруші­сі. – Осын­­­дай байланыстың арқасын­­да ке­­­йінгі ұрпаққа әдемі үлгі бере­­тін жә­ді­­герлер саны жыл өткен са­йын ­мо­лайып келеді. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі ұйымдастыр­ған «Рухани қазына-2018» респуб­ли­калық конкурсында үздік ұжым ретінде танылдық.

Әдеби ортадан шет жатқан музейге Алаштың игі жақсылары­ның талайы ат басын бұрыпты, рухы­на бас иген. Келер жылдың қаңтар ­айында Ілияс Есенберлиннің туға­ны­на 110 жыл толады. Әдеби музей ұжымы осы мерейтойға қапысыз қамдану үстінде. Жан алып, жан беріскен сан шайқаста ел қорғаған ерлердің есімін тірілтіп, ғасырлар қойнауынан аршып алып, туған халқымен табыстырған талантты жазушының өз есімі тағы бір әйгіленсе артық емес қой.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы