Тұлға • 12 Желтоқсан, 2024

«Садақта» шыңдалған

760 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 20–30-жылдарында ке­ңестік империя «ха­лық жауы» деген жаламен қа­зақ халқының мың­даған асыл аза­маттарын жа­зықсыз жаза­ла­ғанына тарих куә. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысынан он мыңнан астам адам түр­меге қамалды, ату жазасына кесілді, жер аударылды. Сондай қуғын-сүр­гінге ұшырағандардың бірі – Хамза Ыбыраев еді.

«Садақта» шыңдалған

Оның үлкен атасы Сәмтік би біраз жыл осы өңірде бо­лыс болған. Хамза бала кезі­нен Сәмтіктің баласы Ыбы­райдың қолында тәрбие көр­ген. Алғашқыда ауыл молдасынан оқып, кейінірек 1908-1910 жылдары әйгілі Абылай қажы Рамазановтың қазақ­ша-орысша ашқан үшжылдық мектебінде сауатын ашқан. Бұл мектепте онымен бірге Е.Досболов, Қ.Смағұлов, Б.Жақыпов, Қ.Алпысов, Қ.Қосшығұлов, Е.Байгаскин, А.Сүлейменов, Ш.Баймақанов, Ш.Баширов сынды адамдар оқыған. Олар сол кездегі қазақ интеллигенциясының қа­та­рында саналды. Өкінішке қа­рай, біразы қуғын-сүргіннің құр­банына айналды. 1911 жылы Абылай қажы Рамазанов жол көрсетіп, сол кісінің басқару­мен Сәмтік би немересі Хамза мен інісі Қанапияның баласы Ғаббасты Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне апарып оқу­ға түсіреді.

Хамза Ыбыраев медреседе үздік оқумен қатар қазақ шә­кірттерінің ана тілі мен қазақ әдебиетін дамыту жолын­да­ғы талпыныстарына белсене қатысады. Бұл туралы филология ғылымдарының док­торы, профессор Тұрсынбек Кәкі­шев «Садақ» атты кітабында жаза­ды: «1913 жылы «Қазақ» газетінің ­8 және 15 желтоқсанында «Ем­ле хақында» деген тақырып­пен медресе «Ғалияның» 17 шәкірті, атап айтқанда: Әбіл­ғазы Иманбеков, Бекмұхамет Хұсайнов, Ахметжан Күзем­баев, Ғайса Тоқтарбеков, Шаһмар­дан Ғұмаров, Нұғыман Манаев, Камаллиден Жайсақов, Ғаб­бас Қонқаев, Нұржан Еленов, Хам­за Ыбыраев, Мұнарбек Ермекта­сов, Мырзахмет  Қожақпанов, Зәкір Ғабдуллин, Маннан Тұрған­баев, Молдахмет Есжанов, Қапан Ғабдылкеев, Хұсайын Ажаров қол қойған мақала  жа­рияланады. Ол негізінен Ахмет Байтұрсынұлының араб ал­фавиті негізінде қазақ тілінде лайықталып, ықшамдалып күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан өміршең де ыңғайлы төте оқу жазуы – сұлу жәдит емлесін кеңінен қолданып, қазақ мектептерінде дәйекті оқыту жайына тоқталған ойлы мақала болатын».

Хамза Ыбыраев Бейім­бет Майлин мен Жиенғали Тілеп­бергеновтің редактор­лы­ғымен қолжазба түрінде шығып тұрған «Садақ» газе­тінде де біраз қызмет жасайды. «Қазақ» газетіне мақалаларын жіберіп тұрды. Мәселен, газет­тің 1915 жылғы 20 мамырдағы 128-нөмірінде жарияланған «Мұғалім қуу» атты мақаласын атап айтамыз. Ол медресені 1917 жылы үздік бітіріп, «имам хатиб уә мүд­дәрис» деген атаққа ие болады. «Имам» деген сөз жалпы жұртқа белгілі. «Хатиб» деген «елге уағыз айтуға», «мүд­дә­рис» дегені «медресеге дәріс оқуға жарамды» деген ма­ғы­наны білдіреді. Сол жылы медресені бітірген 69 қазақ жас­тарының ішінде осы атақ тек үшеуіне ғана беріліпті. Соның бірі – Хамза Ыбыраев. Ол медресені бітіріп, елге қай­тып келе жат­қанда 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында Бі­рінші бүкіл қазақ съезіне қа­тысады. Бұл жиында Алаш пар­тиясының көсемдері Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Бай­тұр­сынұлы, Міржақып Дулатұлы және тағы баcқаларымен кездесіп, танысады.

Елге оралғаннан кейін мек­теп ашып, бала оқытады. Тек бұл жұмысы іске аспай, төң­керіс пен Азамат соғысының әсерінен мектеп жабылады. Жаңа экономикалық саясат жылдары сауда ісіне жақсылап кіріскен Абылай қажы медре­се бітіріп келген сауатты Хамза­ны жұмысқа шақырады. Қажы екеуі  Қызылжар қаласында бірнеше дүкен ұстап, саудамен айналысады. Бұл іс Хамза отбасының материалдық жағ­дайын тәуір қылады. Бұл ты­ныштық та ұзаққа созылмады: үкіметке қарсы деп Хамза мен Абылайды түрмеге қамайды. Кейін Хамза Мағжан екеуі саяси айыппен тағы  да тоғытылады.

Бостандыққа шық­қан соң да алған білімін іске асыра алмай Ресей жерінде біраз қиыншылыққа тап болады. Соғыс кезінде Хамза еңбек әскерінде болғаны бар. Бар көр­ген қиянаты мен бір-ақ сәтте төрт баласынан айырылғаны жүрекке салмақ түсірмей қой­мады. Сонда да мойымады, от­басын аман сақтап, балаларын оқытумен айналыса берді. 

Осы тұлғаның біраз шығармасы қолды бо­лып, «Әубәкір молда», «Етекбай қарт» еңбектері ғана ба­сылып шықты. Хамза бар бол­ғаны 65 жас өмір сүрді. Сол аз ғұмырында талай адамға кө­­мектесіп, ақыл-кеңесін айтып, ағартушылықпен айналысып, көпшіліктің есінде қалды. Оның зор адамгершілігі мен қайырымдылығы, білімділігі мен парасаттылығы, кішіпейіл­ділігі мен мейірімділігі туралы көз­көрген жандар әлі күнге де­йін аңыз қылып айтып жүреді.

Хамзаның жұбайы Ақық – әйгілі Құлеке батырдан тарайтын Мақаштың Ілиясының қызы. Ақық туралы да жақсы сөз көп айтылады. Ел-жұрты Хам­заны «Сары Хамза» десе, жасы кішілерінің барлығы Ақықты «Ақ апа» деп атаған.

Хамза Ыбыраев балалары­ның сауат ашқанын, білім қу­ға­нын қалады. Өкінішке қарай, олардың есейіп, өскендерін көре алмады. Дүниеден өтерінің алдында жұбайы Ақық Ілиясова­ға балаларды оқыт деп өсиет қалдырған.

Қазіргі уақытта Хамзадан та­раған ұрпақ өсіп-өніп, бірта­лай жетістікке жетті. Ниязбек – физика-математика ғылымдары­ның докторы, профессор, Қараған­ды университетінің Молекула­лық нанофотоника институты­ның директоры. Қыздары – Салтанат біраз жыл педагогика саласында жұмыс атқарды, Гүлназ – заңгер, Қайыркен – кітапханашы, Алма – есепші, бәрі де отбасын құрып, бала, немере өсіріп жатыр.

«Тар жол тайғақ кешуде» қуғын-сүргіннің құрбаны болып, бойындағы бар қабілет-дарынын толық аша алмай арманда кеткен Хамза Ыбыраев сияқты  азаматтарды  еске алып, олардың адал еңбегін жас ұрпаққа насихаттау – бүгінгі ұрпаққа парыз. Асыл азаматтардың есімін ардақтайтын осы игі жолдан таймасақ екен.

 

Самат Жұматайұлы,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері