Марапат • 12 Желтоқсан, 2024

Тәуелсіздік ұрпақтары төрге озды

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Тәуелсіздік ұрпақ­тары» гранттар конкурсының жеңімпаздары мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлы­ғының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.

Тәуелсіздік ұрпақтары төрге озды

Биылғы «Дарын» сыйлығының жеңімпаздары қатарында түрлі байқаулар мен фестивальдердің лау­реаттары, спорттық жарыстардың жеңімпаздары, қоғам қайраткерлері мен белсенділер бар. Қазылар алқасы лауреаттарды «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Креативті бастамалар», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада» және «Халық шығармашылығы» аталымдары бойынша саралап, дауыс берген.

Марапаттау кезінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде ортақ мүдде мен мақсаттарды ұстанатын прогрессивті әрі дарынды буынның өсіп келе жатқанын атап өтті.

«Сіздер – халықтың үміті мен тіре­гісіздер. Ел Президенті жастар үшін үш басты бағдарды үнемі айтып келеді. Ол – білімге ұмтылу, еңбекқорлық және пат­рио­­тизм. Бұлар – мықты әрі табыс­ты ұлттың негізі болатын үш тұғыр. Демек ұлттың болашағын сіздер ай­қын­­дайсыздар. Сондықтан Мемлекет басшыс­ы жастарға үлкен үміт артады. Мем­лекет тарапынан жан-жақты қолдау­ды жалғастыра береді», деді министр.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері ретінде үздік жобалар ұсынған 30 жас таңдалыпты. Олардың жобалары мәдениет, ғылым, медиа, ақпараттық технологиялар, бизнес салаларын қамтиды. Биыл байқауға жаңа «Волонтерлік» деп аталатын бағыт қосылды.

«Бұл грант Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленді. Сондықтан бүгінгі марапаттарыңыз – үлкен жауап­кершілік. Ел Президентінің сенімін ақтайтындарыңызға шын жүректен сенемін. Әрдайым биіктерден көріні­ңіздер!» деді А.Балаева.

Сонымен қатар министр сөзін­де жастарға егемендік пен елдікті нығайтудағы негізгі құндылықтар туралы айтты.

«Президентіміз биылғы Ұлттық құрылтайда еліміз үшін маңызды бірнеше құндылықты атап өткен еді. Ол құндылықтар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Мемлекет басшысы белгілеп берген нақты құндылықтарды ұстану – жастардың дамуына, қоғамдық сананың өзгеруіне оң ықпал етері анық», деді министр.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсының әр жеңімпазына 3 млн теңге көлемінде жүлде берілді. Биыл конкурсқа 1 284 өтінім түсіп, оның 897-сі қабылданды.

«Дарын» жастар сыйлығының 20 же­ңім­пазына «Дарын» мемлекет­тік жастар сыйлығының лауреа­ты» ата­ғы беріліп, естелік статуэтка­ мен ақшалай сыйлық табысталды. Арасында «Журналистика» аталымы бойынша ат оздырған әріптесіміз Назерке Жұмабай да бар. Әріптесімізді атаулы сыйлығымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.