Егемен Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2024

Ер мерейін өсірген мақала

116 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел дзюдосы енді-енді еңсе тіктей бастаған ғасырлар тоғысында осы спорт түрін серік еткен сайыпқырандар жөнінде біраз мақала жаздық. Әсіресе жалындап өсіп келе жатқан дарынды жастарға көбірек көңіл бөлуге тырыстық. Сол кезде біздің назарымызға іліккен жас өрендердің бірі –Алмас Әлсенов.

Ер мерейін өсірген мақала

Ол – Қарағандының тумасы. Та­нысқан бетте-ақ Ал­мастың зиялы отбасын­да туып-өскені бірден байқалды. Тілі бай, сөзге шешен, ой-өресі биік. Жасы әлі 20-ға толмаған спортшымен жүздессең, тартымды әңгіменің тиегін ағытып, пайымды пікір айтып, жанындағы адамдарды өзіне еріксіз баурап алады. Сұхбат берсе де, шешіле сөйлейді. Кейін білдік, балуанның ата-анасы да тегін адамдар емес екен. Әкесі Жеңіс Қаменұлы – техника ғылымдарының кандидаты, доцент, ұзақ жыл Қарағанды техникалық университетінің Тау-кен ма­шинақұрылысы кафедрасында еңбек еткен. Анасы Гүлшара Мұқышева – техника ғылымдарының докторы, профессор, Қарағандыдағы техникалық лицей директоры және жоғарыда аталған университеттің кәсіподақ комитетінің төрағасы. Ал­мас­тың өзі де білімге құштар. Үш-төрт оқу орнын тәмам­даған, бірнеше шет тілін еркін меңгерген. Қа­шан көрсең де қолынан кітап түс­пейді. Үнемі оқып, зерттеп, зерделеп, ізденіп жүреді.

Алмас Әлсеновтің спорт­­тық көрсеткіштері де жақ­сы. Жастар арасында бір­қа­тар халықаралық турнирде жеңіс тұғырына көтеріліп, ересектердің ел чемпионатында жүлдегерлер санатына қосылғаннан кейін ұлттық құрама сапына қабылданды. Әуелі 90 кг, одан кейін 100 кг салмақ дәрежесінде күрес­ті. Уақыт оза еліміздің бетке­ұстар дзюдошыларының біріне айналды. Сол кездері тұлғасы келіскен, бітім-бол­мысы бөлек балуан жайында «Егемен Қазақстанға» мақала жазған едік.

Ғасырлар тоғысынан бері Әл­сеновпен кездесудің бір реті келмеді. Ара-тұра түр­лі жарыста жүлде алып жүр­гені туралы естіп жүрдік. Оған сырттай қуандық. Тата­миде өзіне бұйырған несібе­сін алғаннан кейін дзюдомен қош айтысқанымен, үлкен спорттан алыстаған жоқ. Әр жылдары Алмас Жеңісұлы Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті, Азия дзюдо ода­ғының маркетинг бойын­ша директоры, Еуропа дзюдо одағы президентінің кеңес­шісі қызметтерін абыройлы атқарды. Қарағандыда «Жеңіс» кәсіпқой дзюдо клубын құрды. Бір сөзбен айтсақ, осы спорт түрінің дамуына барынша үлес қосты.

Алмаспен арада бақандай 20 жыл өткеннен кейін ғана жо­лығудың сәті түсті. Был­тыр желтоқсан айында Ал­ма­­тыдағы Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайында «Жеңіс кубогі» деп аталатын дзю­дошылардың дүбірлі додасы дүркіреп тұрып өтті. Соның басы-қасында А.Әлсенов те жүрді. Кезінде мен көрген бозбала өмірдің біраз өтке­лінен өтіп, бизнес пен басшы­лық қызметте әбден ысыл­ған нағыз майталманға айна­лыпты. Қазіргі кезде Ал­мас Жеңіс­ұлы жер-жаһан­дағы 198 мемлекеттің ұлт­тық ұйымдарының басын бі­рік­тіріп отырған Халық­аралық дзюдо федерациясы (IJF) пре­зидентінің кеңесшісі қызметін атқарып жүр.

Мені көрген бетте ол бір­ден: «Бұл – біздің журналист ағамыз. Кезінде ең ал­ғашқы болып мені республи­камыздың бас басылымы «Егемен Қазақстанға» жазып, мерейімді бір өсіріп тастаған. Бұл мақала маған ерекше мотивация берді. Сол газеттің қиындысы менде әлі де сақ­таулы» деп айналасындағы адамдармен таныстырды. Сол кезде байқағаным, Ал­мас­тың жүріс-тұрысы мен сыртқы пішімі өзгергенімен, жандүниесі мен көңілі сол қалпында екен. Сол баяғы аңқылдаған Алмас!

Шыны керек, бүгінгі таң­да IJF президенті кеңесші­сінен дәл осындай мақтау сөз күт­пеген едім. Жазған мақалам да газеттің бір бұрышын алып жатқан шағын ғана дүние еді. Сонда да кейіпкерім еңбегімді бағалап, өзінің «Егемен Қа­зақ­станға» шыққанын зор мәр­тебе санаған. Ел газе­тінде шыққан мақала спортшы­ларға күш-қайрат, жігер сыйлайды екен. Соған кәдімгі­дей марқайып қалдым. Міне, ел газетінде жарық көрген ша­ғын ғана мақаланың, Алмас Әлсеновпен 20 жылдан кейін қайта кездесуіміздің тарихы осындай!