Жоба • 16 Желтоқсан, 2024

«Ауыл аманатының» үздік қатысушылары анықталды

105 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар арасындағы үздік шаруашылыққа арналған республикалық байқау қорытындыланды. Іс-шараға Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, тағы басқалар қатысты.

«Ауыл аманатының» үздік қатысушылары анықталды

Өз сөзінде Е.Қошанов осы күні халықтың шамамен 40%-ы ауылдық жерлерде тұратынын, сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасын­да ауыл тұрғындарының тұрмыс жағ­дайын жақсарту және әл-ауқатын арттыру мәселесіне ерекше назар аударғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Amanat» партиясы ел игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқан «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Биыл біздің партия жобаға қатысушылар арасындағы үздік шаруашылықтар мен кооперативтерді жұртқа көр­сету үшін арнайы байқау өткізді. Олардың тәжірибесі болашақ­та «Ауыл аманаты» жобасын жетіл­­­­ді­ру үшін пайдаланылады. Президент айтқандай, жаһандану дәуірінде халықты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Сондық­тан байқау аясында біз ауыл өмірі­не ерекше назар аударуды көздедік. Ауыл – біздің алтын бесігіміз, мәде­ниетіміздің, дәстүріміздің және рухани өміріміздің сарқылмас қайнары. Ауылға деген қамқорлық – әрқайсымыздың өткенге, бүгін­ге және болашаққа деген қамқор­лығымыз», деді ол.

Сонымен қатар Е.Қошанов мемлекет тарапынан жүйелі назар аударуды талап ететін бірқатар өзекті мәселені атап өтті. Бұл – ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындары үшін кепілсіз «тауарлық несие» енгізу, ауылдық округтер бюджетінің кіріс базасын арттыру және тағы басқа.

Өз кезегінде вице-премьер Т.Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған сәттен бастап 16 мыңға жуық ауыл тұрғыны жеке кәсібін бастау үшін 2,5% жеңілдікпен шағын несие алғанын, бұл 17 мыңнан аса жұмыс орнын құруға мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ ол қазір шағын несие алушылар өндіретін өнімді өткізуді жолға қоюға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.

Ал Премьер-министрдің кеңес­шісі Е.Тоғжанов жоба ауылдағы жұмыссыздық деңгейін айтарлық­тай төмендетуге арналғанын атап өтті. Сондықтан жобаның барлық артықшылығы туралы тұрғындарды дұрыс ақпарат­тандыру маңызды. Ол еліміздің барлық өңірінен байқауға қатысу үшін 250-ден аса өтінім келіп түскенін атап өтті. Қазылар алқасының шешімімен 30 өтінім 10 аталым бойынша жүлделі орындарға ие болды.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Қоскөл аулының тұрғыны Дамир Қадіров «Үздік кооператив» аталымын жеңіп алды. «Үздік ЖҚШ» аталымы бойынша бірінші орын Маңғыстау облысы Ақшұқыр аулынан Александра Григоловаға бұйырды. Ақтөбе облысы Саржанай аулының әкімі Медет Бекжанов Үздік ауыл әкімі атанды. «Үздік тауар кредиторы» аталымында Ақтөбе облысы Байқадам аулының тұрғыны Айгүл Төлеуова жеңіске жетті. Үздік сүт өнімі үшін бірінші орын Абай облысы Қарасу аулының тұрғыны Дарьян Жанболатоваға бұйырды. Қызылорда облысы Тасбөгет кентінің тұрғыны Гүлзира Ерниязова ет өнімдерін үздік өндіруші атанды. «Үздік аспаздық өнім» аталымы бойынша бірінші орынды Жетісу облысы Қарашоқы аулының тұрғыны Назгүл Шоқанова иеленді. Алматы облысы Қаракемер аулының азаматы Омар Лимтонов «Үздік көкөніс-бақша және жидек-жеміс өнімдері» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ауылдағы үздік аграрлық емес жоба үшін бірінші орын демалыс үйін ашып, кәсібін өркендетіп отырған Шығыс Қазақстан облысы Жаңа Үлбі аулының тұрғыны Жанна Абуғалиге берілді. Ал Батыс Қазақстан облысы Дарьинск аулының тұрғыны Сергей Каверин «Үздік қайта өңдеу кәсіпорны» аталымын жеңіп алды. Сонымен қатар Қызылорда облысы Бесарық аулының кәсіпкері Мұрат Сәрсенбаев жобаға қолдау білдіргені үшін Алғысхатпен марапатталды.

Байқауға қатысушылар «Ауыл аманаты» жобасы – мемлекет­тің Еңбек адамына деген қамқор­лығының жарқын үлгісі, ауыл тұрғын­дарының табысын арттыру­дың қарапайым әрі түсінікті құралы екенін атап өтті. Олар Мемлекет басшысына және «Amanat» партиясына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ Бесарық аулында «Ауыл аманаты» аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көр­месі өтті. Биыл ауылда аталған жоба аясында үлкен өндірістік орта­лық салынды. Онда картоптан жа­салған фри, наубайхана, конди­тер­лік цех, сондай-ақ жартылай да­й­ын өнімдер, пластик ыдыс-аяқ­тар, жұмысшыларға арналған қол­ғаптар, сабын, шұлық және ағаш бұ­йым­дар шығаратын кәсіпорындар өз жұ­мы­сын бастады. Сондай-ақ «Қызыл­орда» супермаркеті мен кафе ашылды.

Осы күні «Amanat» партиясы­ның тө­рағасы Мемлекет басшысы­ның тап­сырмасы бойынша ашыл­ған Қызылорда қаласының «Қорқыт ата» әуежайындағы жаңа терминал­дың жұмысымен танысты.