Әдебиет • Бүгін, 09:35

Сейіт ағамен сырласу

28 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2011 жыл. Ақпан айы. Ауа райы сан құбылып тұрған кез. Бірде боран, бірде аяз. Дәл сондай күні «Мәдени мұра» журналына Сейіт аға келді. Кәдімгі сыршыл ақын Сырбай Мәу­ленов «Қыр елінің Крыловы» деп атаған белгілі сатирик, этнограф, ел Тәуелсіздігіне аянбай еңбек еткен тұлға Сейіт Кенжеахметұлы.

Сейіт ағамен сырласу

Бойына артық ет жинамай, қашанда бәйгеге шабатын жыл­қыдай жарау жүретін қаламгер:

 – Президенттік мәдениет орта­лығына бір шаруамен келіп едім. «Мәдени мұра» журналы осында дегеннен кейін соға кетейін, деп күлімсіреп есіктен кірді.

Шұқшиып жазу жазып отыр­ған редакторымыз сатира саңла­ғының жадырап шыққан даусын есті­геннен кейін келген қонақты орнынан тұрып, қуана қарсы алды. Төрге шығарды.

– Секе, ертеде «Ана тілі» газе­тіне этно­графиялық дүниелеріңіз көп шығушы еді. Жұрт қызығып оқитын. Соларыңды бізге де бе­ріңіз. Келесі нөмірге ұсынайық. Қаламақыңызды төлейміз, – деп Дүкен­бай аға оны сөзге тартты.

– Жазылған дүние көп. Жария­лай­­­­мын десеңіздер бе­ремін. Қалам­ақы төле­­сеңіздер жақсы екен. Біз оны ұмытып кет­кен едік – деп ол кісі риза­шылық біл­дір­ді.

Кабинеттің іші кең. Атшап­тырым десе болады. Осында бас редактормен бірге бәріміз отырамыз.

Дүкенбай ағаның бір ерек­шелігі, жұмысқа уақытында ке­леді. Бір минут кешікпейді. Сондай тәртіп­ке үйренген. Біздің де сондай бол­ғанымызды ұнатады. Ол кісі барда бөлмеде шыбын ызы­ңы естілмейді. Тыныштықта жазу жазғанды жақсы көреді. Айына бір шы­ғатын журналда көп жұмыс жоқ. Әрі кетсе, бір нөмірді екі-үш күнде дайындаймыз. Содан кейін боспыз. Ал редакторымыз біз секілді емес. Уақытты қатты қадір­лейді. Қолы қалт етсе жазып жүрген шы­­ғар­­масын күзеп-түзей­ді. Кейде ақ парақ беті қызыл сиядан көрінбейді.

Екі қаламгердің басы қосыл­ған­нан кейін әңгіме көрігі қызды. Сейіт аға жазушының жа­қында бір республикалық басылымнан «Папирустағы жыр» атты әңгімесін оқығанын, соның бас кейіпкері орыстың әйгілі жазушысы Илья Эренбург туралы сұрады. Дүкенбай аға оны Мәс­кеу­дегі сая­жайына іздеп барғанға дейін басынан өткен оқиғаларды, атақ­ты суреткер қазақтың жас қалам­герін өте жылы қа­былдағанын бүге-шігесін қалдырмай айтты. Бұл әң­гімені біз де қызығып тың­дадық. Сөйтіп, отырғанда түс бол­ды. Сейіт ағамен бірге сыртқа шық­тым. Екеу­міздің бағы­тымыз бір екен. «Самал» шағын ауда­нынан сол жағалауға жүретін №10 автобусқа міндік. Адам лық толы. Бос орын жоқ.

Алдыңғы қатарда отырған бір жас жігітке: –Үлкен кісіге орын бересіз бе? – деп өтініш айтып едім, ол ештеңе естімегендей кейіп танытты. Соны байқаған Сейіт аға арқамнан қағып: – Айналайын, қажет емес. Бұларға қара­ғанда мен жаспын ғой. Алыс жер емес, қазір түсеміз. Тік тұр­ған денсаулыққа жақсы. Осылай тұра берейік, – деп, сипай қамшы­лап әзілдеді. Сөй­тіп, алтыншы аял­дамаға дейін тұрып барды. Одан соң Сейіт ағаны түр­лі жиында екі-үш мәрте көрдім. Со­дан кейін көп ұзамай дүние салды.

Биыл көзі тірі болса 85-ке келер еді.