Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2024

Ауылда жаңа амбулатория

125 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күніне орай Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

Ауылда жаңа амбулатория

Бумакөл ауылдық округіне қарасты Облавка ауылы шағын болғанымен, шекараның іргесінде тұрған стратегиялық елді мекен. Мемлекеттік шекара дәл ауыл жанынан ағатын Жайық өзені арқылы өтеді. Осыдан 10 жыл бұрын республика қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, өзеннің жыл сайын су құлатып келе жатқан жағалауы бекітілген еді. Ауылда 228 ересек тұрғын бар. Тәуелсіздік күні қарсаңында осы ауылда су жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді.

1

Жаңа нысан құрылысына 160 млн теңге жұмсалған. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жобаға тапсырыс берген – Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы екен. Құрылыс-монтаж жұмысы биылғы қыркүйек айында ғана басталса да, мердігер «Уральскстройинвест» компаниясы медициналық пуктті аз уақыт ішінде сапалы етіп салып шыққан.

«Біздің бұған дейін пайдаланып келген ғимаратымыз 1950 жылдары салынған көне үй еді. Қазір кіріп отырған жаңа ғимаратымыздың аумағы 155 шаршыметр. Мұнда дәрігерге дейінгі қарау, процедуралық, физиотерапиялық кабинеттер, медбикенің қабылдау бөлмесі және техникалық бұрыш бар. Қажетті құрал-жабдық дайын. Штатта медбике, техникалық қызметкер, күзетші және екі қазандық операторы жұмыс істейміз. Ауыл тұрғындарының денсаулығы ұдайы назарымызда. Дәл қазір ауылда бір жасқа дейінгі 2 бала, 14 жасқа дейінгі 48 бала бар. Есепте тұрған жүкті әйел жоқ. Біз бұл жерде науқастарды қабылдап, тексеріп, функционалдық міндеттерімізге кіретін процедураларды жүргіземіз», дейді медбике Гүлнәр Темірғалиева.

40 жылға жуық еңбек өтілінің 35 жылын осы ауылда медбике болып атқарған Гүлнәр Темірғалиқызы – өз ісінің жетік маманы.

Ауылдағы жаңа нысанның ашылу салтанатында Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Мұқтар Нұрмақов қатысып, тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жаңа медициналық пункттің ел игілігіне қызмет етуіне тілек білдірді. Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Мейрам Татаев заманауи аппараттармен жабдықталған жаңа ғимарат үшін мемлекет қамқорлығына алғыс айтты.

Бұл күні Бөрлі ауданындағы Ақсу ауылы тұрғындары да дәл осындай су жаңа медициналық бекетке ие болып, қуанышқа бөленді. Ақсу ауылдық округіне қарасты Ақсу және Жаңақоныс ауылдарында 510 адам тұрып жатыр. Енді олар бас ауырып, балтыр сыздаса ауданға сабылмай, жеңіл-желпі сырқат болса өз ауылында сапалы ем алатын болды. Ауылға биыл ғана жолдамамен келген медбике Гүлнәр Ғұсмановаға осыдан бұрын қызметтік пәтер берілген еді. Жас маман үшін алаңсыз қызмет ететін барлық жағдай жасалған.

«Біздің Бөрлі ауданында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы өте жақсы жүзеге асып келеді. Былтыр ғана Ақсай қаласының іргесіндегі Аралтал шағынауданында амбулатория пайдалануға берілді. Биыл күзден бері Қарағанды ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет, Жаңақоныс, Облавка, Ақсу ауылдарында амбулатория іске қосылды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады. Бұған қоса ауылда тұратын медицина қызметкерлері үшін «Соболь» маркалы 6 автокөлік берілді», дейді Бөрлі аудандық ауруханасының директоры Алтынай Баймұратова.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бөрлі ауданында болған оң жаңалықтың қатарына Қарашығанақ және Успен ауылдарындағы тұрғын үйлердің орталық су құбыры жүйесіне қосылып, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін айта кетейік. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан су желісінің жалпы ұзындығы 16,5 шақырым. Ауылда жаңа мұнара мен су қоймасы орнатылған.

 

Батыс Қазақстан облысы