Фото: sknews.kz
Биылғы кезеңнің қорытындысы бойынша отандық мұнай өңдеу саласы өнімнің негізгі түрлері бойынша оң серпінді көрсетіп жатыр. Отынды әкетуге енгізілген шектеулер ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Автобензин өндірісі 4,9 млн тоннаны құрады, бұл былтырғы деңгейден 2,1%-ға жоғары. Дизель отынын өндіру көлемі де ұлғайып, 4,9 млн тоннаға жеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға артық.
Ал, авиаотын өндіру көрсеткіші 21,4%-ға айтарлықтай өсіп, 0,68 млн тоннаны құрады. Сонымен қатар, мазут өндіру көлемі 1,8 млн тоннаға дейін төмендеген(өткен жылдың деңгейіне 85,7% – 2,1 млн тонна). Қысқартудың себебі мұнай өңдеу тереңдігінің 85%-дан 87%-ға дейін ұлғаюы болған, бұл қайта өңделетін өнімнің сапасын жақсартуға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
«Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 506,1 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе артық», деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Қабылданған шаралар мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандыруға және ел экономикасының стратегиялық маңызды салаларын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.