Аймақтар • 18 Желтоқсан, 2024

Ізгі бастамалар жаршысы

76 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті – этнос­аралық қарым-қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту.

Ізгі бастамалар жаршысы

Осы орайда Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біре­гейлікті және бәсекеге қабі­летті ұлтты қалыптастыру үдері­сінде жемісті жұмыс істеп келеді. Тарих қойнауына кетіп бара жатқан жыл ішінде татулық пен бірліктің мызғымас тұғыры ретінде өңірде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған бірқыдыру бірегей жобаларды атқарды.

Ізгі істің ізашары іспетті Ұлу жылының шымылдығы үш ма­ңызды оқиғамен түрілді: кенен ой мен кемел әрекеттің ордасы Ұлттық құрылтай өзінің ІІІ отырысын наурыз айында өңірімізде өткізді; қоғамда құқықтық нормалары бар институт ретінде қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясы сәуір айында өзі­нің кезекті 33-сессиясын «Бір­лік. Жасампаздық. Өрлеу» тақы­рыбына арнады; 2 қыр­күйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын ұсынды.

Президент осы үш оқиға барысында еліміздің саясат пен экономикадан бас­тап, білім мен мәдениетке дейінгі барл­ы­қ саладағы бағыт-бағдарын ай­қындап берді. Халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығай­татын тәуелсіздік және отан­шылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық секілді негізгі идео­логиялық тұжырымдарды қадап айтты.

Мемлекет басшысы заң мен тәртіп, еңбек­сүйгіштік пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жа­ңашылдық сияқты идеялық негіздерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан күтпеген және жылдам дамып келе жатқан ХХІ ғасырда өзінің лайықты орнын табады деп атап көрсетті.

Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негіз­делген және халықтың әл-ауқа­тын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.

Бұл жолда әрқашан біздің ұлттық сипа­тымыздың ерекше­лігі болып келген ашық­тық пен толеранттылық көмекке келеді. Әсіресе, еліміздегі тұ­рақ­­ты­лықты, бірлікті сақтау, көпэтносты, көпконфессиялы мемлекеттің ішінде бір орта қа­лып­тастыру, мемлекеттік саясат­тың бірізділігін жүргізу бары­сында халқымыздың осы аталған игі қасиеттері жетекші рөл атқарады.

«Адал адам – адал еңбек – адал табыс» – бөлінбейтін ұғым. Бұл үш баған – озық және табыс­ты елге айналудың басты кілті. Бұл жерде балалар мен жастарды тәрбиелеуге, оларға осы озық құндылықтарды сіңіруге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіруді жалғастыруымыз керек. Жаңа буын арасында осы құндылықтарды насихаттау ХХІ ғасырдың жаһандық қауіп-қатерлерін еңсеруге сенімді негіз болады.

Мемлекет басшысы алдағы жылдарға үш басым міндетті айқындап берді. Біріншіден, Ассамблея қызметін жаңа гума­ни­тарлық-идеологиялық доктринамен үйлестіру:

– патриотизм, мәдениет пен дәстүрлерге құрмет негізінде және заманауи әдістерді пайдалану арқылы жастарды тәр­биелеу мен құндылықтарды насихатт­ау;

– жалпы, Отанға тиесілілік, толеранттылық және тілдер­ді меңгеру негізінде жалпы­азаматтық сананы нығайту.

Екіншіден, жаңа сын-қа­терлер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру:

– нашақорлық, ойынқұ­марлық, зорлық-зомбы­лық, вандализм, ысырапшылық сияқты бес әлеуметтік кеселге қарсы күрес;

– бейбітшілік пен келісімді сақтау, этносаралық араздықты тұтатуға және этностық белгілер бойынша кемсітушілікке жол бермеу;

– бірлікті нығайту, қоғамды бөлу, азаматтарды ақпараттық соғыстарға тарту әрекеттеріне қарсы тұру.

Үшіншіден, Ассамблеяның институционалдық әлеуетін ны­ғайту:

– мемлекеттік органдармен, Парламентпен, мәслихаттармен өзара іс-қимылды кеңейту;

– шешімдер қабылдау, мем­лекеттік бағдарламалар мен бас­қа да бастамаларды әзірлеу, іске асырудағы рөлін арттыру;

– жастар бағытын дамыту, жастарды ассамблея қызметіне тарту;

– Достық үйлерінің интеграция және жобаларды жүзеге асыру орталықтары ретіндегі рөлін күшейту.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ халқының төңірегіне топтасуды түпкі өзегі ете отырып, қазақстандық патриотизм мен біртектілікті берік орнықтыруға және этносаралық келісімді қамтамасыз етуге қызмет етіп келеді. Осы мақсатқа жету жолында оның жүздеген шаралары іске асып, қазақстандық тұтастық бүгінде күнделікті өмірлік нормаға айналды. Бұл міндеттер аясында туындайтын кешенді де келелі жұмыстарды атқаруға ассамблеямен бір сапта облыстық басқармалар, аудан әкімдері, оқу орындары, жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам институттары өз әлеуетін сарқа жұмсап келеді.

Атырау облысында Қазақстан халқы ассамблея­сының құра­мында 18 этномәдени бірлес­тік бар. Облыс орталығындағы Достық үйі – осы этнос өкіл­дерінің басын қосқан ортақ шаңырағы, шығармашылық әлеуетін әйгілейтін мәдени ошағы. Мұнда этномәдени бір­лес­тіктердің түрлі ұлттық ме­рекелері және қайырымдылық іс-шаралары өтеді. Қызметтің басым бөлігі этносаралық ке­лісімді нығайту, патриотизмді насихаттау идеясын тарату, этносаралық дау-жанжалдың алдын алу бағытында болып келеді. «Татулық» татар-башқұрт, Аты­рау облысының «Орыс-сла­вян казактар қауымдастығы» филиалы, «Иверия» грузин, «Былина» орыс, «Тхоньиль-Атырау» кә­ріс, «Светоч-Атырау» славян, «Довира» украин, «Видер­гебурт» неміс, «Еділ-Жайық» қарақалпақ, «Ынтымақ» өзбек, «Новруз» әзербайжан, «Вайнах» чешен-ингуш, «Алия» еврей, «Пәр­вәз» ұйғыр, «Каспий» дағыстан, Атырау облысының дүнген этномәдени бірлестіктері республика бойынша шығар­машылық ұжымдарымен де, қайырымдылық керуенімен де кеңінен танымал. Жарғақ құлағы жастыққа тимей атқаратын жұ­мыстары, әуелгі кезекте, қа­сиет­ті Атырау жерінде қолайлы эт­носаралық климат құруға және қалыптастыруға бағытталған.

Өңірде облыстық ассамблея құрылымдары – Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Жур­налистер клубы, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі, Ғылыми-сарап­тамалық топ, Медиация ка­бинеті, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университеті Қазақстан халқы ассамблеясы институты белсенді жұмыс жүр­гізіп келеді.

Жыл басынан бері Қазақстан халқы ассамблея­сының қоғам­дық келісім мен жалпыұлт­тық бір­лікті дамыту саласындағы мемле­кеттік саясатты іске асыру жө­ніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында облыста 700-ден аса іс-шара өтіп, 23 мыңнан аса адам қамтылды.

Қарашада Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблея­сының XXVІІІ сессиясы өтті. Аймақ басшысы ретінде облыс­тағы ассамблея қызметінің жұмысына оң баға бере келіп, жыл ішінде жүзеге асқан жұмыс­тарымен жан-жақты таныс­тым. Жиында өңірдегі білім беру, тәрбие, мемлекеттік тілді дәріптеу, жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, этносаралық келі­сімді нығайту секілді тақы­рыптар жан-жақты талданды.

Сондай-ақ этносаралық ке­лісімді нығайтуға, бірлік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесі үшін сала қызметкерлері – ассамблея өкілдерін «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе мен «Светоч-Атырау» славян этномәдени бірлестігінің төр­айы­мы Раиса Биткованы және «Алия» еврей этномәдени бір­лес­тігінің төрағасы Михаил Ща­ди­ловты Құттықтау хатпен ұлықтап, Ассамблея жаста­ры мен Аналар кеңесінің мүшелеріне Алғыс хат табыстадым.

Атқарылған жұмыс ауқымды, оның бәрін атап шығу мүмкін емес, бәлкім, шарт та болмас. Ең бастысы, осы жылдағы атқарылған игі істеріміз – осы жолдағы әрбір қадам бізді бір үйдің баласындай үйіріп, бір қолдың саласындай біріктірді.

Қазақстан халқы ассамблея­сы қазақтың қанына сіңген жақсы қасиеттің заңды жалғасы іспеттес болып қабылданады. Ассамблея ұйытқы болған ізгі бастама ұлттар арасындағы достық, қоғамдық және рухани ке­лісімді бекіте түсті. Түрлі этностар өкілдерінің ассамблея­ның арқасында қайта түлеп, тамырын танып, ортақ асыл арнаға қосылған жарқын жүзін көргенде атқарылған істің баян­ды болғанына қуанасың. Тұрақтылық, келісім мен бірлікті ту етіп, қазақ халқының маңына топтасқан біртұтас қазақстандық ұлттың қабырғасын қатайтуда ассамблея атқарар іс әлі өте көп. Ассамблея үшін, ең алдымен, ел мүддесі жоғары тұрады.

 

Серік ШӘПКЕНОВ,

Атырау облысының әкімі,

Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы