Арада жылдар өтті. Біз де есейдік. Жылдар бойы журналистиканың жолында жүрдік. Атқа да міндік. Бас газеттің тізгіні қолға тиді. Бір күні газеттің бірінші бетіне мынандай тақырып қойдық: «Оңалуыңызбен, оралуыңызбен, Ораға!». Мұның себебі былай еді.
Соның алдында Оралбай аға Әбдікәрімов бәрімізді қатты қорқытты. Астана – Қарағанды жолында көлігі аварияға түсті. Түскенде де қатты түсті. Әйтеуір, түбі қайыр, құдай қақты. Ұзақ емделіп, жұмысқа үш айдан кейін бір-ақ шықты. Ол кезде Сенат төрағасы болатын. Жаңағы тақырыпты ертеңінде газеттегі Сенаттың жалпы отырысынан жазылған есепке қойып едік. Ешкім артық көрген жоқ. Оралбайдай азаматымыздың науқасынан оңалуы, қызметіне оралуы ел қуанар жақсылық екенін солай айтуға тырысқанбыз.
Одан бері де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Халқымыздың ардақты азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов сексеннің сеңгіріне шығыпты. Қуаныш. Мерей.
«Жамал апа» дегенде жалт қараймын,
Кең далам кіріп келе жатқандай-ақ!
Сағи Жиенбаевтың әйгілі әнші Жамал Омароваға арнаған өлеңі осылай аяқталушы еді. Әр көргенде көңіліңді өсіретін, сайын даланың атырабына салт атпен салдыртып шыға келгендей күй кешіретін аяулы адамдар болады.
Оралбай аға сондай адамдардың сойынан.
Осыдан талай жыл бұрынғы бір жай еске түседі. Сенаттың бұрынғы депутаты, Желтоқсан ақиқатын ашуға ерен еңбек сіңірген қайраткер азаматымыз Сабыр Қасымовтың үйіндеміз. Ет келді. Енді турау керек. Кім турайды? «Оралбай болса ғой, Оралбай турар еді...», дейді қонақтардың бірі жайлап жымиып. «Қай Оралбай?» – «Өзіміздің Оралбай»... Сөйтсек, ол кісі Оралбай Әбдікәрімовтің ағайындас ағасы болып келеді екен. Орекеңнің Сенат төрағасы кезі. Жаңағы сөзге таңданамыз, әрине. Неге олай дейтінін сұраймыз. «Ой, біздің Оралбайдың ет турауы кәдімгі өнер. Жақында ғана қонақта етті өзі турамақшы болып бәрімізді қинады емес пе? «Ореке, ыңғайсыз болады, тураушы табылады» деп жатырмыз жан-жақтан. Сөйтсек те қоймайды, «Аз адаммен, өзіміз ғана отырмыз ғой, турайыншы енді, ет турағанды жақсы көремін» деп...».
Дастарқан басындағы сол әңгімеден кейін Фариза Оңғарсынованың Оралбай Әбдікәрімов туралы жазған мақаласындағы мына бір жолдарға қайтадан қадала қарағаным бар: «Өзім Оралбайды сонау жылдары алғаш көріп, ол сонадайдан бұрылып жарқылдай сәлемдескенде, бұрын сырттай ғана атын естігенмен, «көп шенеуніктің бірі шығар» деп жүретін ойымнан бірден арылып, «қазақтың даласына тартқан не деген кең азамат» деп сүйсінгенім есімде». Былайынша ұсақ жай, тіпті газеттегі мақалаға кіріктіруге ыңғайсыздай көрінетін әлгі мысалдың өзі-ақ дәл осы күндері өмірінің тағы бір белесіне көтеріліп отырған ардақты азаматымыздың адамдық ажарын да, қазақы қанық қалпын да, тұп-тұнық таза табиғатын да айшықты аша алады. Фариза мақаласының «Даладай дарқан жан» деп аталғаны да сондықтан.
Ана жылы естен кетпес жарқын күндерді бастан кешкенім бар. Бір жеті бойы қазақтың жеті бірдей жарқын перзентінің ортасында жүрдім. Атақ, лауазымдарын айтпай-ақ, аты-жөндерін жай атап өтсем де бұл бағама келісерсіз: Салық Зиманов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Әбіш Кекілбаев, Оралбай Әбдікәрімов... Теңіз жағасындағы демалысты ұйымдастырушылар осы топқа мені де қосыпты. Сол керемет күндердің бірінде Оралбай аға кешкі астан кейін өзіне шақырған. Жеке коттеджге тоқтаған еді. Мемлекеттік хатшы кезі. Әншейінде көбіне әйгілі ағалардың әсерлі әңгімесін тыңдаумен тынып, сөзге ара-арасында ғана араласып қоятын кісіңіз сол кеште бір ағылды дейсіз. Түннің бір уағына дейін ақтарыла сөйледі. Айызым қана тыңдадым. Бұрынғыдан да жақынырақ тани түстім. Бағалай түстім. Тіпті жақсы көріп кеттім.
Оралбай ағаның ойындағы тазалықтың, бойындағы тектіліктің түп-тамыры оның өскен жерінде, туған елінде жатқандай. Өз атасы Оразбек – аты қазақ тарихына енген Жолболды батырдың бір ұрпағы. Өскен жері – Нұра. Сайын Сарыарқаның осынау нулы да сулы өңірінен қазақтың талай арысы шыққан ғой. Сол құйқалы жерде дүниеге келген Оралбай жас күнінен алдындағы арқа сүйер ағаларын өнеге тұтқан. Мәскеуде оқу бітірген бір ағайыны сол кездің өзінде Кеңес одағының Сыртқы істер министрлігінде, кейіннен КСРО-ның шетелдегі елшіліктерінде қызмет істепті. Әлгі дипломат ағаның ауылға бір келіп-кеткенінің өзі жас Оралбайға үйренетін үздік үлгідей әсер етеді екен. «Бала кезімнен кітапқұмар болдым. Қолыма түскен кітапты тауысып оқығанша дегбірім қалмайтын» дегені де бар. Мұны Фариза Оңғарсынова: «Оралбайдың жас күнінде кітапты көп оқитынын байқаған анасы: «Көзіңді ауыртасың – кітаптан бас алмайтының не?» десе: «Апа, мен өскенде райком болам, ал райком көп білуі керек» деген ұлының жауабына іштей таңданатын», деп жазған. Газетке берген бір сұхбатында ол: «Расында, бала кезімде осындай биікке жетейін, дәрежелі қызмет істейін деген арман болған жоқ. Әрине, бойымызда әкеміздің қанымен, анамыздың сүтімен сіңген бір қасиет болғаны анық. Ол – адалдық десем болады. Мен осы ұстанымнан бір қадам шегінген жоқпын», деген. Ақ-адал сөзі.
Иә, ол адалдықтан бір қадам шегініп көрмеген. Өмір бойы дау жинауға, жау жинауға таптырмайтын қызметтерде жүрсе де, кісі көңілін қалдырмауға болмайтын шешімдер қабылдауға тиісті лауазымдарды иеленсе де соңынан сөз ертпейтіні, кісілігіне, кішілігіне кіршік түсіртпейтіні сондықтан. Әйтпесе, Оралбай сонау 1980 жылда-ақ Қарағанды қалалық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары болған ғой. Сонда жүріп талайды әшкерелемеді дейсіз бе? Әйтпесе, Оралбай Қарағандының обкомында, артынша Орталық комитеттің ұйымдастыру-партиялық және кадрлық жұмыс бөлімінде меңгеруші болған ғой. Сонда жүріп талайды бюроға түсіріп, «бұйраламады» дейсіз бе? Әйтпесе, Оралбай Жоғары тәртіптік кеңестің төрағасы, Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы болған ғой. Сонда жүріп ол анықтатқан материалдар бойынша талайлар жазасын алмады дейсіз бе? Жарайды, оны қояйық. Оралбай Әбдікәрімов Президент Әкімшілігінің басшысы кезінде талайлардың қызметте өрлеуіне араласқанымен бірге талайлардың қызметтен төмендеуіне де араласты ғой. Сонда әлгілердің бәрі мұның әділдігіне разы болып кетті, өз бағасын білгізгеніне өмір бойы алғысын айтумен өтті дейсіз бе? Басшы болу деген сол. Біреуді разы етсең, екеуді наразы етесің. Дауды азайтсаң, жауды көбейтесің. Басқа жол жоқ. Иә, Оралбай ағамыз бері қойғанда қырық жыл бойы дәйім оттың ортасында, желдің өтінде жүрді. Күйіп кетпегенмен, күйеленетіндей уақыт. Бірақ Орекең әлі сол баяғы Фариза жазатындай «ажарынан адалдық төгіліп тұрған» күйінде. Жарқылдап жүреді, қарқылдап күледі. Ел-жұртының құрмет тұтқан көңілін біледі.
Әйтпесе, оның да өмірде бастан кешкен қиындығы аз емес. Жасынан аса бергенде әкесі Әбдікәрім қайтыс болған. Отыз алты жасында жесір қалған Бибіжан анамыз тістелеп жүріп жеткізген төрт ұлды. Өзіміз көріп, қолынан дәм таттық, жарықтық бір жөні бөлек жан еді. «Апамның басынан құс ұшырған жоқпыз. Қолымыздан келгенше алақанымызға салып, аялап бақтық. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, 98 жасында дүниеден озды. Сәкен Сейфуллинді көрген, талай тарихи уақиғаларды білетін танымы терең жан еді», деп елжірей әңгімелейді Орекең.
Оралбай Әбдікәрімовтің қызмет жолы төселген тақтайдай тегіс бола қоймаған. Әуелгі бетте қызметте көрген құқайы да бір басына жетіп жатыр. Қарағандыда қазақтың үлесі 8 пайыз, Теміртауда 3 пайыз болып тұрған кезде де (жалпы облыста да жетісіп тұрғаны шамалы еді – 13 пайыз ғана) осы елдің иесі ғой деп азаматтарды қызметке итермелегенде алдынан кедергі қойылып, бұл тап бір білгенін істеп, ұлт саясатын белден басып жатқандай айыптағандар да аз табылмаған. Сондай-сондайдан күйінгенде қалалық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіндегі Оралбай өзінің мамандығы бойынша мұғалімдікке кетуге де сұранады, Сортировка деген жердегі балалар үйіндегі қараусыз жәудір көздерге жаны ашып, директоры қайта-қайта ауыса беретін сол орынға баруға да бекінеді. «Соның да ыңғайы келмеді. Мені басқа жұмысқа ауыстырып жіберіп, тілімді тістедім де қалдым», дейді өзі.
Қарағанды облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі қызметінде жүргенінде алғаш танысқан адамы Оралбайдың жұмыс десе жанын салатын жақсы қасиетін, ұйымдастырушылық қабілетін, адамдығын, адалдығын, тазалығын тиісінше бағалады. Ол жылдарда Оралбай үлкен өмір мектебінен өтті. Қайта құрудың жылымығы тұсында Алматыға ауысып, Орталық Комитеттің ұйымдастыру-партиялық және кадрлық жұмыс бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары, меңгерушісі қызметтерінің барлығын түп-түгел сатылап атқарып шыққан оның тәуелсіздік жылдарында құрылған жаңа аппараттың да ұйымдық құрылымын басқаруы, Президент Аппараты басшысының орынбасары, Президент Әкімшілігінің басшысы қызметтерін атқаруы әбден табиғи жай еді.
Сол жылдарда Оралбай ағаның іскерлік қабілетіне өзіміздің де көзіміз талай рет жеткен. Абайдың 150 жылдығында қатты қапылдық. Бірін тартсаң, біріне жетпей жататын ол шақта жас мемлекетке ЮНЕСКО деңгейінде аталған алғашқы алып тойды өткізу оңайға түскен жоқ. Сондайда Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары ретінде тойдың Семей жаққа, қалған облыстарға қатысты шаруасының бәріне байланысты Оралбай ағаға телефондаймыз «кремлёвкамен». Ол кезде аппараттың рөлі де күшті, мүмкіндігі де мол. Мысалы, ұйымдастыру бөлімінде сексен қызметкер жұмыс істейтін. «Ореке, бір өтініш бар еді...», деп бастаймыз. «Ой, қайдағы өтініш... Сенің өтінішіңнің аяғы тапсырмаға айналып кетеді», деп күледі Орекең. Деуін дегенмен, айтар жерге айтады. Аз күннің аясында «тапсырмам» орындалып сала береді. Сөйтіп, Абай тойын абыроймен атап өтуге атсалысқанбыз.
Оралбай ағаның қағидатты мәселеде қатып қалатын қасиеті, туралығы, беттілігі, әділдігі, тазалығы ел басшылығы тарапынан лайықты бағаланды. Мұны оған дәйім қиын міндеттер жүктелгенінен, Жоғары тәртіптік кеңестің, Сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясының, билік партиясы жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағалығына тағайындалып, мемлекеттік қызметте тәртіп орнатудың, әсіресе сыбайлас жемқорлықпен бітіспес майдан ашудың тапсырылуынан да көруге болады. Бұл жолда ол табандылық танытты. «Егемен Қазақстанда» 2012 жылғы 8 желтоқсан жарияланған мақаласында: «Кез келген өркениетті қоғам үшін жемқорлыққа қарсы әрекет ету – ең маңызды мәселелердің бірі. Жемқорлық мемлекетті ішінен ірітіп-шірітеді, елдің қол жеткізген жетістіктерін жоққа шығарады. Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты басымдықтарының бірі осы қасіретпен, әсіресе мемлекеттік қызмет саласында күрес болуы кездейсоқтық емес», деп жазды. Тап осылай жазды – қасірет деп. Қарамағындағы қызметкері жемқорлықпен шатысқан басшы орнынан кетуі керек деген мәселені көтерді. Жемқорлыққа ұрынған адамды сол қызметке ұсынғандардың жауаптылығын қарауды ұсынды. Жемқорлық фактілерін хабарлаған адамдарды жақтады. Елдегі шенеуніктердің жақын туыстарының дерекқорын жасатуды қолдады. Айтқандай, оның осы бастамасы жеріне кезінде жетпей қалды – былықты байлығының біразын бажасының, балдызының, жездесінің, нағашысының атына жазып қойғандардың мұртын балта шаппай тұрды талай жыл. Оларға тықыр енді таянып жатыр.
Осыдан он жылдай бұрын, жасы жетпіске келер шақта Оралбай Әбдікәрімов тағы бір жауапты да сауапты шаруаға кірісті. Ол құрған республикалық «Қансонар» қоғамдық қорының мақсаты – халқымыздың аңшылық дәстүрлерін дамыту, қазақ жеті қазынаның біріне балаған төл иттерді – тазы мен төбетті сақтап қалу, көбейту, ұлттық құндылық ретінде дәріптеу. Бергі уақыттың өзінде, өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында бізде шамамен төрт мыңнан астам тазы болғанын академик А.Слудский жазып кеткен екен. Атақты ғалым тазының стандартын да белгілепті. Қазір сол тазы құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Журналист Байқал Байәділге берген сұхбатында: «Тазы халықтың өткеніне бейжай қарамайтын аға буынның кез келгеніне таңсық емес. Мәселен, өзім бала күнімде дегдар тазыны көп көрдім. Сұлулығы қандай, болмысы қандай, ал мінезін тіпті сипаттауға сөз жетпейді. Таза қанды тазының келбетіне көзің тоймаушы еді ғой. Шіркіндердің дегдарлығы сондай, сыпа, талғампаз. Құтты иесінің өз мінезі тәрізді. Тамақты талғап ішеді, ешқашан аштығын білдірмейді. Қазір ғой тегі азған соң бұралқыға айналғаны. Таза қазақы тазының өзі емес, шата, тұқымы азған ит. Қорадағы тауықтың басып жатқан жұмыртқасын ұрлап жейтіндер де солар», дейді Оралбай аға. Төбеттің жағдайының да одан озғаны шамалы. Бүгінде қазақ даласында 500-дей ғана таза қанды тазы мен төбет қалған деп саналады. Қордың қазақы төбетке қатысты қызметі туралы былай ақтарылады: «Алдымен ит тұқымын, оның стандартын анықтау керек болды. Бұл ұлан-ғайыр жұмыс болатын. Кәдімгі бір шөмеле шөптен жалғыз инені іздегендей, машақаты көп шаруа. Бірнеше өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырдық. Осының тұрқы төбетке келеді-ау деген 600-ге жуық ит жиналды. Соншама иттің тек алпысы ғана таза тұқымды төбет болып шықты. Қалғандары будандасқан, тегі басқа, тұқымы күмәнді иттер. Көзі көрген куәгерлердің сипаттауынша, қазақтың маң төбетінің тұрқы ересен ірі, терісі мықты, жүні арасына ине өтпестей қалың болып келеді. Беталды адамға үрмейді, қабамын деп ұмтылуды білмейді. Ал бала-шағаға тіптен мейірбан. Солай бола тұра мал ішіне пиғылы жат, суық қолды сұғанақтарды өлсе кіргізбейді. Төбеттің маңдайына жазылған дүние мал бағу, қотанды күзету, жеті атасынан бері осы жауапкершіліктің жүгін қия баспай атқарған. Бағзы заманда маң төбеттер үйшік дегенді білмеген. Арқаның атан түйені алып жығатын, түкірген түкірігің жерге мұз болып түсетін ақырған аяздарында қотан күзетіп, қар үстінде жатқан. Яғни қазақ даласының табиғатымен бірге жаратылып, бар қиыншылығына көндігіп өскен ит. Ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да төзімді. Кейбіреуінің салмағы жүз килодан да асып жығылады. Ал жуан өңештен құмығып шығатын қаһарлы даусы жеті қырдың астынан естіліп жатады. Қанша жерден айлалы, азулы болса да, қасқыр атаулы қазақы төбет жатқан қотанға ене алмайды. Міне, бағзы заманда ұлтымыздың ырысына қорған болған төл иттеріміздің тағдыры дәл осылай сабақталады». Осы сөздерден-ақ Оралбай ағамыздың қолға алған ісіне қандайлық жауаптылықпен қарайтынын, оған біліктілікпен, байыптылықпен кіріскенін көргенбіз. Ол кісінің бастаған шаруасын жеріне жеткізбей тынбайтынын бір адамдай білетіндіктен де «Қансонар» қоры тазы мен төбетті сақтап қала алатынына, келер ұрпақтарымыздың сауабын ала алатынына сенгенбіз. Дәл солай болды да. Ел басшылығының оң қабағының арқасында 2022 жылы елімізде тазы және төбет тұқымын сақтау туралы заң қабылданды. Сол тұста Мәжіліс депутаты ретінде заң жобасын жетілдіретін жұмыс тобының мүшесі болғанымыз, палатаның кеңейтілген отырысында осы тақырыпта сөйлегеніміз де бар. Заңның негізгі мақсаты – қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін белгілеу, генетикалық сапасын ғылыми бағалау, селекциялық сараптамалар жүргізу, жинақтау арқылы осы тұқымдарды сақтауға қажетті ғылыми база құру.
Далалық даралықтың, қазақы кеңдіктің келісті көрінісі деуге қай жағынан да келетін Оралбайдай азаматымыздың бұл мерейжасы – біздің ортақ қуанышымыз. Асылдарымызды ардақтай алсақ, олардың ірі ісіне, жүрісіне, тұрысына, күлісіне қуана білсек, біз өзіміз де адам ретінде өсеміз, халық ретінде өркендейміз. «Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жаман болады-дағы» дегенді Абай айтып кетті ғой.
Мақаланың бас жағында Сағи сөзін келтіріп едік, Сағи сөзімен түйіндейік.
«Сағынтып талай жыр туар,
Оралар әлі-ақ сан жыршы.
Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым, аман-сау жүрші»!
Қарт дегенге ағамыз ренжімес. Жақында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы адамзаттың жасаруына байланысты жаңа жіктелім жасап шықты. Соның өзінде де 75 пен 90-ның арасы мосқал жасқа, қарттыққа, 90-нан әрі қарай ұзақ жасқа жатқызылған. Ұзақ өмір сүрудің қартаюдан басқа жолы жоқ. Ар таймаса, әр таю да, қартаю да ештеңе етпейді.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты