Кенжебаев Жүнісбек аға 1923 жылғы еді. Ол – анамның тұла бойы тұңғышы, мен – сүт кенжесімін. Арамыз – жиырма жеті жыл. Нағашы атам мен әжем жалғыз қызынан туған Жүнісбек ағаны шешем босанысымен бауырына салыпты. Сондықтан фамилиясы нағашымның атында. Бұл сыр кейін ашылды.
Жүнісбек аға 1942 жылы 18 жасында Қызылорда облысы, Сырдария (қазіргі Шиелі) ауданы, Бірлестік ауылынан жиырмаға жуық өз қатарымен Ұлы Отан соғысына аттанады. Олар әскери дайындықтан өтіп, атқыштар дивизиясына қосылады. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан аға 1944 жылы ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Зуылдаған оқтың бірі кеуденің жүрек маңынан тиіп, жауырыннан бір-ақ шыққан. Майданда ағаға дала госпиталі бар, қала госпиталі бар, барлығы 9 мәрте ота жасалған. «Ажал жоқ болса, амансың» деген сол, 1944 жылы ауылға бір қолсыз мүгедек болып оралған. Келісімен Шымкенттегі Н.Крупская атындағы педагогикалық институтқа оқуға түскен. Оны бітіріп, жоғары білімімен туған ауылы – Бірлестіктің жеті жылдық, кейіннен онжылдық мектебінде өзі дүниеден өткенше қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
Ағаның сол иығындағы оқ сынықтары 1954 жылдарға дейін жүріп, ақыры етімен бітіп кетіпті. Алайда, мына тағдырды айтсайшы. Соғыста оқ пен оттан, талай отадан аман қалған Жүнісбек аға 1972 жылы 49 жасында соқырішекке жасалған жай ғана операциядан қайтыс болды. Артында он үш жастан төмен үйелмелі-сүйелмелі қыздары қалды. Бейнетқор, жанкешті аға Жеңістің 30 жылдығына да жетпеді. Майданда кеудесіне тағып қайтқан Жауынгерлік Қызыл Ту, екінші дәрежелі «Даңқ» ордендері мен көптеген медальдары үшін ардагерлерге берілген жеңілдіктерді де пайдалана алған жоқ.
Ағаның қайтыс болуы да көз алдымда. Ауруханаға, палатасына кіргенімде аға биік керуеттің үстінде сандырықтап «Петро! Петро!» деп, әлдекімді көмекке шақырғандай дауыстады. «Майдан шебі көз алдына келіп жатыр ма екен» деп ойладым. Маңдайынан шыпылдап суық тер шығып жатты. Оны орамалмен сүрттім. Жаспын ғой, ағаның өлім алдындағы соңғы сәт екенін қайдан сезейін... Есіктің алдына келе бере бұрылып: «Аға, мен тағы келем ғой...» дегенмін. Ол маған өткір жанарымен тесіліп қарағандай болды. Бұл менің ең соңғы көруім және ақырғы тілдесуім екен. Менен кейін бір сағаттан соң үзілген.
...Бала күннен көргенім Жүнісбек ағаның сол қолы жоқ, семіп қалған. Семген қол кәстөмнің жеңіне емес, шалбарының ішіне салынады. Аға ылғи ықшам, әрі жеңіл киінеді. Қолы жоқ болған соң, киілген кәстөмнің бір жеңі қолапайсыз желпілдеп тұрады. Басына жазда кепка, қыста қолдан тігілген тымақ киеді. Шашы аса қалың емес. Өңі қараторы. Көзі өткір. Бойы ортадан сұңғақ. Ширақ қимылдап, ширақ тұрады. Жаяу жүргенінде қасына анау-мынау адам ентігіп ере алмайды немесе желіп жүреді.
Соғыстан бұрын Жүнісбек аға, қазіргіше айтқанда, жігіттің сұлтаны болған. Өнердің барлық түріне шебер. Домбырамен күй ойнап, әуелете ән салып, сырнай тартқан. Оған суырып салма ақындығы қосылып, ойын-тойдың көркіне айналған. Бұдан да басқа ер жігітке қатысты барлық өнерді меңгеріпті. Тазы ұстап, қыранды түлкіге салған.
Жүнісбек аға керемет биолог та еді. Ташкенттен неше түрлі жеміс көшеттерін әкеліп өсіріп, оны бірімен бірін будандастырып, жаңа өнім түрін алуға әуес болған. Мұны тілмен айтып жеткізу қиын. Жеміс өсіру, оны баптау ағаның ең сүйікті ісі деп те ойлайтынмын. Жеңгемнің айтуынша, «осы ғылымнан, өз тәжірибемнен кітап жазамын» дейді екен. Өмірі болғанда, жазар ма еді. Өйткені, ағаның Мичуриннің кітаптарын жинауы тегін емес-тін. Мектептің өзіне қатысты бау-бақшасы болды. Мұның жұмысына жауапты біздің аға. Бір жылы осы учаскеде сәбіз, жоңышқа көп егілді. Менің жетінші сыныпқа көшкен кезім. Көкем қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Төрт қанатты киіз үйдің етегі түрулі. Үйдің ішінде жиналған ағайындар көп. Тек Жүнісбек аға жоқ. Үш ай жазғы каникул кезінде тыным таппай, шопандар үшін «қызыл отау» деп аталатын көшпелі кітапханада жұмыс істейтін. Хабар жеткізілген болар, ағаны жұрт күтіп отыр. Нәдір молда көкеме қайта-қайта дем салады. Көкем тілге келе алмайды. Ыңқылы күшейді... Бір кезде үй сыртына атымен сатырлата шауып, Жүнісбек аға келді. Көкемнің екі жанары есік жаққа ауды. Ағаны көрді. «Келдің бе?» дегендей, жанарынан моншақ-моншақ жас төгілсін... Оны апам сақалына жеткізбей сүрткілеуде. Жүнісбек аға көкемнің еті қашып сыйдиған, әлсіз білегінен ұстай, еңкілдеп қоя берді.
– Яшүкір! – деді дауысы қарлығыңқырап барынша естіртіп. – Кешір мені, кешір! Иә «әке» деп, иә «жезде» деп айта алмадым-ау уақытында... Яшүкір, кеш! Әке, кешірші мені! – деді. «Әке» деген сөзді құлағына тақап айтты. Көкем кеудесі жасқа жуылып, кемсеңдей берді. Қатты ыңқылы да әлсізденіп бара жатты... Сол жерде отырғандардың бәрі: «Шіркін-ай, қайтсін енді, туған әке мен бала ғой», – десті көздерінің ылғалын сүрткіштей. Мен дәл осы сәт киіз үйден сыртқа атып шықтым.
«Аға шынында да біздің аға екен ғой», – дедім күбірлей, көз жасыма ерік беріп. Арада көп уақыт өтпей, әкем бақилық болды.
Аға өте балажан да еді. Дастарқан басында отырса немесе газет-журналдар оқи қалса, үйіндегі барлық балалары үстіне өрмелеп, арқасына шығып, тізесіне жабысып, ағаның ойын алаң етеді. Әжем көрсе аналарға: «Әй, түсіңдер әкелеріңнің үстінен, түге!» дейді дауысын көтере. Тыңдайтын олар жоқ. Аға Зағираны – Жақан төре, Рысбекті – оң қолым, Қамашты – сол қолым, қыздарын «Дариғашым, Микашым, Ләззатым, қанаттарым менің» деуден жалықпайтын. Балаларымен қайта жаны жадырай түсетін. Тек ең кенжесі Айгүлді көре алмады...
Қанат жеңгейдің де өмірі ұзақ болмай, ағадан кейін дүние салды. Ағаға ұқсап, ұлдары Рысбек пен Қамаш намысты болды. Әке-шешесінің жоқтығын білдірмей, қарындастарына барынша қамқорлық жасады. Оларды оқытты, құтты орындарына қондырды. Балалық шағымның куәгерлері болған Зағира мен Рысбек те ерте дүниеден озды.
Адам тәубеге келмесе тағы болмайды. Қара шаңырақ баяғы өз орнында. Онда Қамаш інім мен Күлшәй келін өз немерелерін сүйіп отыр. Екеуі де аға жұмыс істеген мектепте ұстаз.
Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің сайтынан («Көз алдымнан кетпейтін көріністер») оқуға болады.