Бұл жерде науқастар психотропты заттарға тәуелді болудың басты себептерін анықтап одан құтылудың жолын үйренеді. Сол тұрғыда оларға білікті психолог, психотерапевт, нарколог мамандар көмекке келеді. Дәрігерлер рецидив, ескі әдеттің қайталануының алдын алады. Науқастың жағдайын нашарлатпаудың жолын көрсетеді. Мектептің мамандары науқастың өзіне емес, отбасы мүшелеріне де психологиялық жәрдем береді, ақыл-кеңесін ұсынады. Мұндай іс-шара айына бір рет өткізілетін болады. Егер қажеттілік туындаса, іс-шара санына шектеу қойылмайды.
Мұнда ең біріншіден психикалық белсенді зат – алкогольді ішімдік, есірткі, ойынқұмарлыққа тәуелді болған жандар емделеді. Психикалық дерттің бір ерекшелігі адамның сана-сезімі бұзылады. Хирургиялық тұрғыда науқасты операциямен емдеуге болады. Психикалық тұрғыда маман дәрігерлер санадағы ауытқушылықтармен күреседі. Бірінші кезекте науқастың өмірге деген көзқарасын өзгертуге тырысады. Қоршаған ортамен байланысын қалыпқа түсіруге әрекеттенеді. Орталықта алты мыңнан астам адам психотропты заттарға тәуелділік бойынша есепте тұр. Сананы улайтын заттарға еліткен адам толық жазылып кетпейді. Біраз уақыт ремиссияда, яғни үзілісте жүруі мүмкін. Дегенмен рухани күш-жігерімен тәуелділіктен құтылған науқастар да бар. Мектепте пациенттердің жақын туыстары да психологиялық көмек алады. Оның ертеңгі күні нашақорлық, маскүнемдік, лудоманияға қарсы күресте көрсеткіш нәтижесін жақсартуға септігі мол. Тек орталықта тіркеуде тұрғандар емес, емделуге намыстанып жүрген азаматтар да анонимді түрде осында келіп, дәрігерлерге қаралып кетуіне болады немесе психикалық белсенді затқа тәуелділікке ұрынған науқастың жақын туыс, ағайындары оны осы жерге әкеліп жасырын түрде емдете алады. Орталықта алкогольді ішімдікпен есепке алынғандар көп. Алты мыңнан жоғары науқастың мыңнан астамы есірткі бойынша тіркеуде тұрса, қалғаны спирттік ішімдікке құмартқан жандар», деді психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев.
Маманның айтуынша, бүгінде қоғамдағы жастар арасында синтетикалық есірткі түрлері тез тарап жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде қазір синтетикалық есірткінің мыңнан астам түрі шығады. Жыл сайын жасанды есірткілер саны көбейіп барады. Мегаполистің бас наркологі синтетикалық есірткінің бірнеше қаупін атап өтті. Оның біріншісі, адам бір-екі қолданғаннан оған тәуелді болып қалады. Екіншіден, оның миға әсер ету жылдамдығы өте тез. Үшіншіден, жасанды есірткінің белгісін анықтау өте қиын. Бірнеше сағаттан кейін қан сынамасынан синтетикалық есірткіден ешқандай белгі табылмайды.
«Бейресми статистика бойынша, Шымкент шаһарындағы жастардың 20%-ы синтетикалық есірткі тұтынады. Бұл ақпаратты сауалнама, зерттеулер жүргізген қоғам белсенділері беріп отыр. Осындай ақпаратқа сенсек, Алматы мен Астана қаласы жастарының 50%-ы, яғни тең жартысы синтетикалық есірткі қолданады екен. Ресми түрде жасанды есірткі пайдаланатын жастар саны аз. Нақты статистиканы анықтай алмауымыздың себебі, психикалық денсаулық орталығы кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге ата-аналарының рұқсатынсыз ешқандай сауалнамалық зерттеу жүргізе алмайды. Дегенмен жастардың келешегіне мемлекет те алаңдайды. Сондықтан Үкімет қолдауымен нашақорлықпен күреске байланысты Жол картасы аясында алдағы уақытта жастар арасында статистикалық зерттеуді жоспарлап отырмыз», деді С.Мыңбаев.
Айта кету керек, бүгінде психикалық денсаулық орталығында 435 науқасқа арналған орын бар. Онда жалпы наркологиялық, психиатриялық, оңалту, жасырын емдеу бөлімшелері жұмыс істейді. Орталық ғимараты өте ескі. Қала әкімдігі осыған орай жаңа ғимарат кешенін салуды жоспарлар отыр.
ШЫМКЕНТ