Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Жаңа туристік электр пойызы жолға шықты
Елімізде қыстың қыраулы күндерінде де демалысты мәнді-мағыналы өткізуге мүмкіндік мол. Арқаның қысы туризмге таптырмас рекреациялық география. «Арқада Бурабайға жер жетпейді» деп Мағжан Жұмабай жырлағандай, қашанда Бурабайдың орны бөлек. Оның артықшылығы –демалушыларға ең әуелі қызмет көрсету сапасына ерекше назар аударады. Осы орайда Президенттің Іс басқармасы, «Бурабай даму» серіктестігі, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы бірлесіп ауқымды жобаны қолға алды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Бурабайға қатынайтын «Астана – Бурабай курорты» жаңа туристік электр пойызы іске қосылды. Бұл бағыттың ерекшелігі – курорттық аймаққа еш аялдамасыз 2 сағат 26 минутта жетуге болады. Аталған туристік пойызда 6 вагон бар, 574 жолаушы сыяды. Билет құны – 2 500-2 700 теңге аралығында. Алғашқы күннің өзінде туристік пойызбен 100-ден астам жолаушы сапар шекті. Келушілерге мерекелік фуршет, викториналық сұрақтар ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Жалпы, Астанадан Бурабай курортына дейін әртүрлі кестемен күніне 5 пойыз қатынайды екен.
Президент Іс басқармасының «Бурабай даму» ведомстволық кәсіпорны басшылығы Астана қаласы мен Ақмола облысының туристік операторларымен бірлесіп жыл сайын саяхаттаушыларға тиімді түрлі сапар ұйымдастырып келеді. Бұл бастама табысты іске асса, келешекте туристік пойыз бағыты кеңейіп, тұрғындардың демалысқа таптырмайтын елді мекендерге баруына жол ашуы мүмкін екенін айтады, теміржол қызметкерлері. Қазір Бурабай аймағы – қыс қызықтарын тамашалауға өте қолайлы мекен. Оған Президент Іс басқармасының баспасөз қызметі бір топ медиа мейманды Бурабайдың қысқы табиғатымен таныстырғанда көз жеткіздік.
Таңғаларлық интерактивті кешен
Бұған дейін қоғамда халқымыздың ерлік тарихы заманға сай сандық жүйеге енуге тиіс дейтін әңгіме жиі айтылып жүретін-ді. Біз сол бір аңсарлы істің оң нәтиже беріп жатқанын көзбен көріп, көзайым болдық. Бүгінгі digital дәуірінде еліміздің ұлттық ерекшеліктері, тарихы, мәдениеті бір кешенге тоғыстырылған Бурабайдағы Мультимедиялық интерактивті арнаға шілде айында қайта жаңғыртудан өткеннен кейінгі аралықта жеті мыңнан астам адам барып, тамашалап қайтқан екен.
Бүгінде бұл Мультимедиялық интерактивті кешен (МИК) еліміздегі ең жоғары технологиялық музейдің біріне айналған. Заманауи анимациялық, аудиовизуалды технологияларды пайдалану әрбір саяхаттаушыға қазақ мәдениетінің бірегей атмосферасын сезінуге, ел тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік береді.
Келісті кешеннің күніне 500-ге дейін адам қабылдауға мүмкіндігі бар. Енді ондағы негізгі ерекшеліктерге ішінара тоқтала кетейік. Мәселен, «Куб 360» залы – бейнені жаңғыртудың бірегей технологиясы бар еліміздегі жалғыз зал. Бес проектор, екі мүйістегі экран 270 градус панорамалық кескін жасайды. Перифериялық форматы арқылы адамзаттың алғашқы нүктесінен бүгінгі дәуірге дейінгі уақыттың қысқаша тарихын ғарыштан көргендей әсерде қалдырады.
Туристерді таңғалдырудан жалықпайтын кешендегі креативті бастамалардың бірі – 3D форматында Абылай ханның бейнесін, «Астана опера» солистерінің орындауындағы қазақ билерін тамашалауға болады. Бұған қоса 3D форматында садақ ату, қылыштасу арқылы өзіңді бір сәт ежелгі заманның батыр сарбазы сезініп, өткен заманға саяхаттап қайтасың. Интеллектуалдық оқыту ойын технологиялары (интерактивті экспозициялар) балалар мен шетелдік қонақтарға ұлттық музыкалық аспаптар, ою-өрнектер, сондай-ақ қазақ даласының жануарлар әлемі мен өсімдіктері туралы білуге көмектеседі. Келесі бір қақпаға енсеңіз қазақ ру-тайпаларының таңбаларын елдің интерактивті картасында біріктіретін рәміздік ағашты көруге болады.
Мұндай форматтағы экс-курсиялар мектеп оқушыларына тарихты оңай әрі тез түсінуге көмектесетіні, өскелең ұрпақ ұмытылмас әсер алып, халқымыздың мәдени мұрасы туралы білімін кеңейте түсері сөзсіз.
Марал шаруашылығының әлеуеті мол
Сапар барысында «Бурабай» ұлттық паркінің марал өсіретін шаруашылығына аялдадық. Мүйізі мен сүті мың да бір сырқатқа ем марал шаруашылығының тыныс-тіршілігі туристерді ерекше қызықтыратын орын екені байқалады.
Шаруашылық мамандарының айтуынша, осы маңды мекендейтін маралдың тарғыл бұғы тұқымдасы Қызыл кітапқа енген. Маралдың бұл түрі баяу көбейетіндіктен ерекше күтім керек. Жылына орта есеппен 30 бас қозықа туады. Қыстан шығып, жазға жеткенде маралдың мүйізін кеседі. Екі жүзге жуық маралдың табиғи ортада өсіп өнуіне барлық жағдай жасалған. Бүгінде алты жүз гектар алқап осы жануарлардың тұрақты мекеніне айналған.
«Бұғылардың мүйізін кесу науқаны мамыр айының аяғында басталады. Алынған шикізат өңделіп, Бурабай ауданындағы сауықтыру орындарына жөнелтіледі. Пантамен емдеу тәсілі дәстүрлі және халық медицинасында кеңінен қолданылады. Сүйекке айнала қоймаған жас мүйіздерде биологиялық белсенді заттар қоры көп кездеседі. Пантаның ғажайып емдік қасиетін ғалымдар маралдардың қорегімен байланыстырады. Кербез жануарлар шөптің тамырын таңдап жейді», дейді шаруашылық қызметкері Жақсылық Асхат.
Бурабайдың сауықтыру туризмі шетелдік туристер арасында танымал бола бастаған. Ұлттық парктің ендігі жоспары шаруашылықты кеңейтіп, өндірісті жолға қою. Онда пантадан түрлі препарат алуға мүмкіндік туады. Ақмола облысында емдеу-сауықтыру туризімімен қазір 50-ге жуық шипажай айналысса, әзірге 10-ы ғана пантамен емдеу әдісін қолданады. Келешекте олардың саны артуы мүмкін.
Жергілікті халыққа тиімді баға
Көрікті жерді көрген жақсы, алайда оны күтіп баптау, табиғатын сақтау – нәзік, өзекті мәселе. Осы ретте биыл Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге орай, еліміздегі өзге де табиғи парктермен қатар, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркіне кіру тәртібі де өзгеріп, жаңа тариф енгізілді. Бұл өзгеріс «Бурабай» ұлттық паркінің биосферасын сақтау, туристерге барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр. Сонымен қатар Ұлттық парк аумағында, оған іргелес орналасқан жерлерде тұратын елді мекендердің халқына тиімді болу жағы да ескерілгенін айта кеткен жөн.
– Бұрын Ұлттық парктерге келгені үшін алынатын төлем республикалық бюджетке түссе, Салық кодексіне өзгеріс енуіне байланысты енді ол қаражат Ұлттық парктердің өз есебінде болады. Бурабай – еліміздегі халық ең көп келетін Ұлттық парк. Биыл келген турис саны 1 миллионнан асты, жыл санап бұл көрсеткіш өсіп келе жатыр. Әрине турист көп болған сайын жергілікті табиғатқа да үлкен салмақ түседі. Қоқыс көбейеді, топырақ эрозияға ұшырайды, тау-тастар бүлінеді. Өрт қаупі күшейеді. Жұмыс күшін көбейтуге тура келеді. Оның барлығы қосымша шығынды қажет етеді, – дейді «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары Венера Нұғманова.
Қазір «Бурабай» паркіне кіретін тұстарда автоматтандырылған 5 өткізу-бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Төлемді Kaspi, Halyk Bank QR-кодтары арқылы жасауға болады. Сонымен қатар төлем терминалдары орналастырылып жатқаны байқалады.
– 2017 жылы енгізілген тариф жеті жылдан бері алғаш рет өзгертіліп отыр. «Бурабай» ұлттық паркінің аумағында тұратын, сондай-ақ ұлттық паркпен іргелес елді мекендердің 26,5 мың халқына өту тегін. Ешқандай төлем алынбайды, яғни жергілікті халықтың мүддесі ескерілді. Туристердің келгені жақсы, әрине. Бірақ осы жерде өмір сүріп жатқан адамдардың жағдайын ойлау керек, – дейді В.Нұғманова.
Венера ханымның айтуынша, «Бурабайда» экожүйені қорғауға бағытталған арнайы табиғат қорғау режімі бар. Орманды өрттен қорғау, жаңа көшет отырғызу, аң-құстар мен балықтарды қорғау, оларға қысқы азық-түлік әзірлеу, қоршаған ортаға бақылау жүргізу, қалдықтарды тазалау сияқты жұмыстар жыл бойы жүреді.
1 қарашадан бері Абылай хан алаңының маңында да ақылы автотұрақ енгізілген. Бұл шешім көлік қатынасын реттеуге бағытталған. Тұрақта алғашқы 10 минут тегін тұруға болады, одан кейінгі әр сағаты – 150 теңге. Ақылы паркинг 150 көлікке есептелген, тәулік бойы жұмыс істейді, ондағы барлық жүйе автоматтандырылған. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға да арнайы орындар қарастырылған.
− Бұл шара ең алдымен жүргізушілердің уақытын тиімді пайдалануға ықпал етеді. Өйткені ретсіз көлік қою салдарынан көптеген адам бос орын таба алмай қиналады. Оған балама ретінде жақын маңда 67 орынға арналған тегін паркинг те бар. Ақылы паркингтен түскен барлық қаражат туристік аймақтың инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыруға жұмсалады, − дейді «Бурабай даму» ЖШС бас директорының орынбасары Сүлеймен Қадыров.
Бұдан соң курорттық аймақтағы «Қазақстан Лапландиясына» аяңдадық. Қыс маусымында Аяз ата резиденциясының аумағына келген үлкен-кішілерге бұғы, хаски иттерін жеккен шанамен, атшанамен серуендеуге болады. Ертегілерде кездесетін бақсының үйі де осы маңда. Зәу биіктен шанамен зулап, коньки, шаңғы тебуге жағдай жасалған. Бұл маңда қарда жүретін көліктер де жүйіткиді. Ең бастысы, қызмет көрсету сапасы жоғары. Ақмола облысы бұрыннан туризмге таптырмайтын өңірлердің бірі саналады. Осыған дейін ұлттық паркке 1 млн адам барған. Жыл соңына дейін туристер саны одан да асады деген сөз.