Мирас • 19 Желтоқсан, 2024

Халық өнерінің ордасы

54 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыс­тық халық шығар­ма­шы­лығы орталығы 80 жыл­дық мерейтойын атап өтті. Өңірдегі бүкіл мәдени іс-шараның ұйытқысы болып отырған өнер мен мә­дениет ордасы 1944 жылы 1 желтоқсанда облысара­лық «Халық шығармашы­лы­ғы үйі» болып ашылған екен.

Халық өнерінің ордасы

Суреттерді түсірген – Мақсат ТҰЯҚ

Бүгінде Мәулет Жұбатов басқарып отырған ор­нық­ты орталық облыс­тың түкпір-түкпіріндегі 267 клуб мекемесіне, сондай-ақ 111 ха­лық­­тық (үлгілі) көркемөнерпаз ұжы­­мына жетекшілік етеді. Яғни өңір­дегі ауылдық, аудандық клуб мекемелерінің қызметін, өне­рін өркендету, жан-жақты әдістеме­лік көмек көрсету бағытында жұмыс істейді.

Осы кезге дейін ел ішінен шық­қан талай өнерпаздың ба­ғын ашқан, үлкен өнерге жолдама берген «Балдәурен» балалар шығармашылығы байқауын, «Дала дарындары» шығармашыл жастар фестивальдарын өткізетін де осы облыстық шығармашылық орталығы ғой.

«Талай өнерпаздың бағын аш­қан» деген сөзімізге дәлел аз емес. Бүгінде күллі қазақ танитын Қазақстанның еңбек сіңірген қай­­­раткері, ақын, әнші-термеші Қа­тимолла Бердіғалиев, «Құр­мет» орденінің иегері, Қазақстан Ком­позиторлар одағының мү­ше­­сі, әнші-композитор Донеділ Қа­жымов, Қазақ КСР-ның еңбек сіңір­ген мәдениет қызметкері, айтыс­кер ақын Шолпан Қыдырниязо­­ва, Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі, ақын-жазушы, ұстаз Дариға Мұштанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-ком­позитор Жаскелең Ғайсаға­лиев, «Әзіл әлемі» әзіл-ысқақ театры­ның директоры Тұрсынбек Қабатов, өнертану PhD, профессор Асхат Маеми­ров, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ғ.Құрманғалиев атын­да­ғы облыстық филармония ән­шісі Сәуле Таудаева, «Ерен ең­бегі үшін» медалінің иегері Жаңыл­­сын Хасанова, танымал әртіс Гүл­нар Селбаева және басқалары дәл осы облыстық халық шығармашы­­лығы орталығын туған үйім, түп төркі­­нім деп санайды.

апр

Орталық ұйымдастыратын Қа­­зақ­станның халық әртісі, әнші-ком­позитор Ескендір Хасанғалиев әндерінің халықаралық «Атамекен» ән фестивалі де дәстүрлі іс-шараға айналған.

Орталық жанынан ашылған «Әдіскер» клубы аудандық мәдени-демалыс мекемелерінің жұмысын жан-жақты жақсарту үшін қызмет етіп жүр. Орталықтың осы кезге дейінгі толағай табысына 45 жылдан астам сахналық ғұмыры бар, республика бойынша үздік халықтық «Ақжайық» би ұжымы мен 30 жылдық тарихы бар үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблінің де қосқан үлесі көп.

Бір қуанарлығы, кейінгі кезде Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталы­ғы ғылыми-зерттеу орталығы, дәс­түрлі ұлттық өнердің іргетасы ретінде қалыптасып келеді. Бұл сөзімізге әйгілі жырау Мара­бай Құлжабайұлының мерейтойына орай өткізілген кешенді шаралар куә. Кейінгі жылдары ғана орталықтың мұрындық болуымен «Жыр-бастау» және «Марабайтаным», «Қаламгер құді­реті» шығармашылық жобалары, «Дана дәстүр» тағылым-тәрбие кеш­тері, халық шығармашылығы­на арналған «Өнер өрісі» іс-шаралары, «Тағылым тұмары», «Өнер – таным», «Руханият», «Мәдени жол – 80» жобалары қолға алынды. Биыл 80 жылдық мерейтой аясында Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві қорындағы құжаттар зерделеніп, көптеген тарихи дерек жарыққа шықты. Мәдени мұраға салмақты дүние­лер қосылды. Мәселен, архивтен табылған «Жаскелең-Қоңырша» лиро-эпостық жыры жеке кітап болып жарық көрді.

Дәл осы «Жаскелең-Қоңырша» атты жыр жинағын қолымызға алып, ғажап әсерге бөлендік. Өйткені кітапша оралдық талантты суретші Асхат Әбдешевтің таңғажайып графикалық туындыларымен безендірілген екен. Баяғы Батырлар жыры мен халық ертегілерінің үлгісінде тың дүние болып шыққан.

«Бұл жырды халық ақыны Елеусін Сахипов 1948 жылы архивке тапсырған екен. «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 21-томында «Жаскелең» жырының тағы бір нұсқасы басылған. Ол батысқазақстандық жыршы ақсақал Иманғали Бекмағамбетовтен жазып алынған. Біз осы екі нұсқаны салыстырып, бірінде жоқ тұстарын біріне қосып, ортақ дүние жасап шықтық. Осы шығарманы белгілі жыршы Фархат Оразов батыс­тық жыр мектебінің мақамымен жырлап шықты. Мына кітапта берілген QR код арқылы бұл жырды да толық тыңдауға болады. Жинақ Батыс Қазақстан облыстық мәс­лихатының VI шақырылым депутаты, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Мағауия Есмағұловтың қаржылай демеушілігімен жарық көрді», дейді осы жинақтың редакторы, көне жырды архивтен тауып, оқырманға қайта ұсынған Нұрлан Сәдір.

Айтпақшы, Батыс Қазақстан облысының 1700 домбырашысы Құрманғазының «Адай», «Бал­бырауын» күйлерін орындап, Қа­зақстанның рекордтар кітабына енгенін біздің оқырмандарымыз естіген шығар. Ал «Ақжайық» телеарнасының эфирінде өтетін «Інжу-маржан» тележобасы ар­қылы 100-ден астам өнерпаздың шы­ғармашылығы таспаға жазылды. 1500 биші қатысқан «Биле, Jastyq» ауқымды акциясы да, 1945 жылдан бастау алған облыс­тық ақындар айтысы да – осы орталық ұйымдастырған жүйелі жұмыс нәтижесі.

Халық шығармашылығы орта­лығының өз үйінде өткен мерей­тойлық іс-шараға өңір басшысы Нариман Төреғалиев арнайы ке­ліп, құрмет көрсетті. Ғасырға жуық уақыт бойы халық өнерін дәріп­теп, ұлттық құндылықтарды таратып отырған орталық ұжымына алғыс айтқан облыс әкімі Райса Шынтемірова, Донеділ Қажымов, Гүлсім Қадешева, Беркінғали Ғабделов, Әбіл Жоламанов, Медхат Қамбетов, Айман Қуатова, Нәбира Сайынова, Райхан Көжекешева, Қарлығаш Айтқалиева, Рысты Жайылғанова, Гүлбану Қуанышева, Венера Қажымова, Жаңылсын Мұханбетжанова сынды өнер ардагерлері мен майталмандарын Алғысхатпен марапаттады.

Әріптестерінің мерейтойына арнайы келген Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов, Ақтөбе облыс­тық халық шығармашылығы орта­лығы директоры Гүлзира Қалие­ва, Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директоры­ның орынбасары Нұрболат Құдысов, Қарағанды облыстық мәдени-сауық және халық шы­ғар­машылығының ғылыми-әдіс­темелік орталығы директоры Индира Қанафина, орынбасары Алтынай Нұрманбаева, Қоста­най облысы қөркемөнерпаздар­дың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының директоры Дәмер Қалқаев, Қоста­най облыстық халық шығармашы­лығы бөлімінің басшысы Гүлнар Молдашева, Қызылорда облыс­тық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы­ның көркемдік жетекшісі Руслан Бурабай, ақпараттандыру секто­рының меңгерушісі Қонысбек Мәлік сахна төрінен мерейлі мерекеге орай ізгі тілектерін жеткізіп, түрлі сый-сыяпат ұсынды.

Мерейтойлық концертте қа­зақ­тың сүйікті дәстүрлі әншісі Наркенже Серікбаева, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы, әнші-актер Асхат Үрпеков, Атырау об­лысынан келген домбырашы, ха­лықаралық, республикалық бай­қаулардың жеңімпазы Жәнібек Жәмиев, ақтөбелік «Сақ-Тау» тобы өнер көрсетті.

Ғасырға жуық жолы бар, қа­зына толы қоры бар іргелі алтын орданың өз әнұраны да бар екен! Сөзін оралдық ақын Абдул Рахметов, әнін жергілікті сазгер Ербол Ақбасов жазған жаңа шы­ғарманы мәдениет саласының үздігі, әнші Жаскелең Ғайсағалиев, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов және әнші Жаңыл­сын Хасанова орындап, халық қоше­метіне бөленді.

Мерейтой аясында орталық­­тың бір топ қызметкері «Қазақстан­­дық салалық мәдениет, спорт және ақ­парат қызметкерлерінің кәсіп­тік одағы» қоғамдық бірлестігі­нің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, тағы бір пара қызметкер Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қармасының Алғысхатымен марапат­талды.

 

Батыс Қазақстан облысы