Әлем • Бүгін, 08:50

Бундестаг Германия үкіметіне сенімсіздік білдірді

19 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бундестаг Олаф Шольц үкіметіне сенім­сіздік вотумын қабылдады. Депутат­тардың көбі қазіргі канцлерге қарсы дауыс берген.

Бундестаг Германия үкіметіне сенімсіздік білдірді

ВВС таратқан мәліметке сүйенсек, Олаф Шольцті қолдап 207 депутат сөз сөйлеген, 394-і қарсы дауыс беріп, 116-сы қалыс қалған. Бұл мәселені Олаф Шольцтің өзі парламент алдында көтерген. Енді ел президенті 21 күн ішінде Бундестагты тарату-таратпау туралы шешім қабылдауы қажет. Ал Франк-Вальтер Штайнмайер бұған дейін елге тұрақтылық пен әрекет ете алатын үкімет қажет деп мәлімдеген еді. Осыған қарап Бундестагты таратады деп айтуға себеп бар. Жаңа сайлау Германияда 2025 жылдың 23 ақпанында өтеді.

Сауалнамалар нәтижесі көрсеткендей, Фрид­рих Мерц басқаратын ХДО/ХСО христиандық пар­тияларының коалициясы әскери шығындарды ұл­ғайтуға, заңсыз иммигранттарға шекараны жабу­­ға, Украинаға «Таурус» зымырандарын жет­кізуге уәде берген еді. Енді оған сайлаушылардың 30%-дан ас­тамы қолдау көрсетпек. Екінші орын­да оң­шыл популистік «Германия үшін балама» партиясы­на сайлаушылардың 20%-ға жуығы дауыс беруге ­да­йын. Әлеуметтік-демократиялық партия шамамен ­­17%, ал жасылдар 11% дауыс жинай алады-мыс.

Шольц коалициясы қарашаның басында Гер­мания канцлері Еркін демократиялық партияның жетекшісі, қаржы министрі Кристиан Линднерді қызметінен босатқаннан кейін ыдыраған. Оның артынан үш әріптесінің екеуі отставкаға кеткен, бұл іс жүзінде басқарушы коалицияның ыдырауына әкелді. Қазір Министрлер кабинетінде социал-демократтар мен жасылдар қалды, ал Парламентте көпшіліктің қолдауының болмауы оның жұмысын қиындатып отыр. Өйткені Шольцтің орталық солшыл социал-демократтары мен жасылдары инфрақұрылымды модернизациялауды, жасыл энергияға көшуді қаржыландыруды және қарыз қаражатын пайдаланып өнеркәсіп пен Украинаға көмектесуді қалайды. Бірақ Кристиан Линднердің Германияның либералды еркін демократиялық партиясы қарыз алуға үзілді-кесілді қарсы болып, оның орнына салықты, әлеуметтік шығындарды қысқартуды және көміртегі бейтараптығына көшуді кейінге қалдыруды талап етіп отыр.