Әйелдер арасындағы сайыста Софья Самоделкинаға тең келер ешкім болмады. 17 жастағы чемпион Мәскеуде туып-өсіп, Қазақстан азаматтығын биыл ғана алғанымен, бізге бөтен емес екен. Анасы Марина Крылова Алматы облысының Ұзынағаш ауылында туған. Кейін жиырма жылдай Теміртау қаласында тұрған. Мәнерлеп сырғанауды балдырған кезінен серік еткен Софья бірден дара дарынымен танылды, қатарластарының алды болды. Уақыт оза келе бірқатар халықаралық жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Елімізге келген бойда ел біріншілігінде алтыннан алқа тағып, ұлттық команданың сапына қабылданды. Биыл Эстонияда өткен Таллин кубогі мен Астанада ұйымдастырылған Денис Теннің мемориалында күміс медальге ие болды. Енді міне, Қарағандыдағы бәсекеде бас жүлдені олжалап отыр. Жарыста екінші, үшінші орындарды астаналық Зере Сарабалина, алматылық София Фарафонова иеленді.
Ерлер арасындағы сайысқа Михаил Шайдоров қатыспады. Еліміздің ең үздік мәнерлеп сырғанаушысы биылғы маусымда Денис Теннің мемориалында алтын алса, Қытайдағы додада күміспен күптелді. Франциядағы турнирде төртінші орынды иеленсе, жуырда ғана Гренобльде өткен финалдық Гран-приде бесінші сатыға табан тіреді. Сол себепті де ұлттық құрама бапкерлері Шайдоровқа демалыс беруді жөн көрді. Қарағанды мұз айдынында астаналық Диас Жиренбаев алдына жан салмады. Екінші, үшінші орындарды алматылық Никита Кривошеев пен қызылордалық Артур Смағұлов еншіледі.