Экологиялық акция шеңберінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдегі ауылдардың тіршілігін жақсартып, тұрғындардың қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды ынталандыру мақсатында «Үлгілі ауыл» байқауы өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылы бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі І орынды Шардара ауданы Көксу ауылы иеленсе, ІІ орын Сарыағаш ауданы Мәдениет ауылына, ІІІ орын Созақ ауданы Жартытөбе ауылына бұйырды. Байқау ережесіне сәйкес бас жүлде иегеріне, Шарбұлақ ауылына қажетті әлеуметтік нысан анықталып, 2025 жылға аталған нысанның құрылысына облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Екі кезеңде өткізілген байқаудың аудандық кезеңіне 16 аудан, қаладан жалпы 75 ауыл қатысқан. Нәтижесінде, облыстық кезеңге 16 ауыл жолдама алып, бақ сынады.
Акция барысында білім беру, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері де белсенділік танытты. Облыстағы 2 500-ден астам білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, халықты қоршаған ортаны ластамауға үйрету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейтін 2000-ға жуық ашық сабақ, 650 кездесу, 960 дөңгелек үстел өткізілді. Медициналық нысандардың аумағында 11 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 62 мыңдай ағаш түптері әктелді. Сондай-ақ туристік нысандар аумағында санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әзірленген жол картасына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, «Шаға» туристік-рекрациялық орталығы, «Ақмешіт» жерасты үңгірі, «Домалақ ана» кесенесі мен бұлағы, Бибі Мәриям, Шахан ата, Үкаша ата, Гаухар ана кесенелері, Арыс музей ғимараты, Шаммат Ишан музейі, Ерубаев музейі сынды киелі, тарихи орындарда тазалау жұмыстары жүргізілді. Волонтерлік ұйымдардың бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер қауымдастығы құрылып, «Бұл сенің өңірің» акциясы негізінде тимбилдинг өтті. Жастар «Taza Alem» ұлттық жобасы бойынша «Қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың борышы» тақырыбы аясында өзен, көл маңдарын тазалады. Ерікті жастар арасында «Эко волонтер» атты киелі өлкелер мен өзен, тауларда қоқыс іздеу сайысы өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық 11 этно мәдени бірлестіктер мүшелері де аумақтық сенбіліктерге белсене қатысты. Этностар көп орналасқан Сайрам, Сауран, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Төлеби аудандарында Ассамблея жастары «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбындағы плогинг сайыстары арқылы айналаны тазарту акцияларын өткізді. Сайрам ауданында «Қоқыстан құнды заттар жасау идеялары» жүзеге асырылып келеді. Бұл орайда «Generation» қоғамдық бірлестігі аудандағы білім беру ұйымдарымен бірлесе өткізген экологиялық акциялар кезінде 15 тоннаға жуық қайталама шикізат сатып алынып, қайта өңдеуге жіберілді. Табиғи жолмен энергия көзін ашып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту жөнінде де бірқатар іс-шара атқарылды. Мысалы, «Өгем», «ЭКО-Атамекен» қоғамдық бірлестіктері Сайрам-Өгем, Қаратау қорықтарында табиғатты қорғау мақсатында бірнеше экоакция өткізіп, жергілікті тұрғындар мен туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосты.
«Amanat» партиясының «Таза Қазақстан» акциясы шеңберіндегі «Таза бейсенбі» апталығында саяси ұйымның облыстағы мүшелері белсенділік танытты. Маусым айынан бері тұрақты негізде ұйымдастырылған апталық облыстың барлық ауданында өтіп, өзен, көлдер жағалауларынан, тау бөктерінен, тарихи, киелі орындардан, көпшіліктің демалыс орындары болып белгіленген аймақтардан 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Күзгі мезгілде қарқынды жүрген тал егу жұмыстарына партия өкілдері елеулі үлес қосты. Апталықтың маңызын арттыру мақсатында экологиялық тазалық жұмыстарын көпшілік қадір тұтатын, киелі жер деп байыптап, қасиетті орынға балайтын аумақтарда өткізу дәстүрге айналды.
Жетісай қаласында ұйымдастырылған жалпыхалықтық сенбілікте республикалық, облыстық маңызы бар автожолдар мен ішкі көшелердің бойы, сонымен қатар, арық-атыздар қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сенбілікке 13 техника мен мыңнан астам адам жұмылдырылып, 10 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жалпы экологиялық акция басталғаннан бері облыстағы сенбіліктер мен тазалық жұмыстарына 1500-ден астам техника жұмылдырылып, миллионға жуық ағаш отырғызылды, 3 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында сәуір айынан бастап жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 2 880 қоқыс үйіндісі анықталып, толық ретке келтірілді. Қыс мезгілінде республикалық, облыстық маңызы бар жолдар мен аяқжолдарды қардан тазарту жұмыстарының орындалу барысы қатаң бақылауға алынған.
Түркістан облысы