«Kazunite» компаниясының «Тұлға инженериясы» жобасы шеңберінде жарыққа шыққан журнал 6-12 жас аралығындағы балаларға арналған екен.
Балалардың ойлау жүйесін дамытып, өзін және өмірді түсінуге, айқын мақсаттар қоя білуге және соған ұмтылуға баулитын мотивациялық әңгімелер мен психологиялық жаттығулар қамтылған еңбек «Менің армандарым» деп аталады. Журналды қолына алған бала өзінің арман-мақсатын жазып, берілген сұрақтарға жауап бере отырып, тапсырмаларды бояйды.
Авторлары отандық журналистика саласында өзіндік орны бар, бірнеше танымдық кітаптардың авторы, бүгінде АҚШ-та білімін жалғастырып жүрген танымал журналист Нәзира Байырбек пен «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Гүлмира Аймағанбет.
«Журналды дайындаған екі автор, біріміз – Қазақстанда, біріміз – Америкада жүріп, жұмыс істеп, оқып, өзімізді дамытып жүріп, қазақтың ботақандары да қазіргіден де дамыған, жақсы өмірге лайық болса деп осы журналды ақ тілекпен дайындадық. Журналистикада 20 жылдай қызмет етіп, әлем елдерінің біразын көріп, біріміз 5, біріміз 6 бала өсіріп, «қалай балаларымызды мықты адам етіп өсірсек екен?» деген сұрақпен 20 жылдай ізденген анамыз. Журналды дамыған елдердегі жоғары деңгейлі қоғамға лайық бала тәрбиелеу тәжірибелерін көріп отырып, жасадық. Оған, әлбетте өз балаларымызға қолданған эксперименттер үлес қосты», дейді авторлар.