04 Ақпан, 2015

Ауыл шаруашылығын инфрақұрылым дамытады

1636 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
IMG_4727Дүниежүзілік экономикалық кеңістіктегі бәсекелестік кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне ықпал етіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жолболашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған инфрақұрылымға қатысты мәселелердің өзектілігі де осыған байланысты. Дүниежүзіндегі мемлекеттерді шарпыған экономикалық-қаржылық дағдарыс мемлекеттердің ішкі қуатына сынақ болары сөзсіз және оған дайындығы мықты ел ғана төтеп береді. Дағдарыс бір мемлекетті тұралатса, екіншілерінен «сырғып» өте шығуы да ықтимал. Сондықтан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бас­тамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады» деп ерекше атап көрсетті. «Қазақстан-2020» Страте­гиясы мен Елбасының осы жолғы Жолдауының арасында өндірісті және әлеу­мет­тік инфрақұрылымды өркен­детудің жолын меңзейтін байланыс бар. Мәселенің өзектілігі мемлекеттің азық-түлік қауіп­сіздігіне қол жеткізудегі не­гізгі тетігі болып табылатын ауыл шаруашылығындағы ең­бек өнімділігіне өндірістік инфрақұрылымның тікелей, ал әлеуметтік инфрақұрылымның жанама әсер ететіндігімен тү­сіндіріледі. Қазақстанның аграрлық секторын реформалау оның заңнамалық базасын жасаудан бастау алды. Елі­міздің заңнамасы Қазақ­станның аграрлық секторының реформациясы болып табылады. Заң актілерінің арасында ауыл шаруашылығы өндірістік инфрақұрылымының дамуы­на айрықша ықпал еткен 1992 жылғы 14 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ауылшаруа­шы­лы­ғы кәсіпорындарының мүлкін жекешелендіру ерек­шеліктері туралы», 1993 жылғы 6 ма­мырдағы «Агроөнер­кәсіптік кешен саласындағы несиелеу мен мемлекеттік іс-шараның қаржыландыруы туралы» заңдары мен «Мемлекеттің ауыл шаруашылығының нарықтық инфрақұрылымын дамытуға қатысуының кей­бір мәселелері туралы» Қазақ­стан Республикасы Yкіме­тінің 1998 жылғы 11 тамы­зындағы қаулысын ерекше атап өткен жөн. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы «Астық туралы» Заңы мен 2001 жылғы 24 қаңтардағы «Жер туралы» Заңы ауыл шаруашылығының дамуына маңызды ықпал етті. Ауыл шаруашылығының құрылымын реформалау үдерісінің барысында маңызды өзгерістер болды. Ауылдағы шаруалардың маңдай терімен өндірілген өнімді өңдеумен айналысатын ет комбинаттары, сүт комбинаттары, элева­­тор­лар, қант зауыттары секіл­ді бұрынғы мемлекеттік мен­шіктегі кәсіпорындар қайта құрылды. Бұрынғы алпауыт кәсіпорындардың орнына шағын өндірушілер желісі көбейді. Соңғы уақытта ауыл­­шаруашылық өнімдерін ұқса­татын кәсіпорындардың саны 5 мыңнан асып жығылады. Ауыл шаруашылығын ­тех­­ни­­­калық құралдармен, қосал­­­қы бөлшектермен, ­ми­не­рал­­­ды тың­айтқыштар­мен және өсімдік зиянкесте­рі­не қол­данатын дәрі-дәрмек­­тер­мен жеке­меншік кәсіп­орын­дар қамта­масыз етеді және жөн­деу қызметтерін көрсетеді. Ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетті салала­рын дамыту және ауылшаруа­шы­лық өнімдерінің басымдық сипатқа ие түрлерін өнді­ру­ді ырғақты жолға қою мақ­сатында Үкімет бағдарла­малар бекітті. Ол арқылы аграрлық саланы жаңа деңгейге көтер­ген агротехнологиялар келді, ішкі нарықтағы импорт­тық өнімдерді азайтуға, экспорт­тық әлеуетті күшейтуге бағыт­таған маркетингтік страте­гия жасалды. Алайда, ауыл шаруашылығына жүр­гізіл­ген реформаның алғаш­қы жылдарындағы қиын­шылықтар аграрлық сала­ның нарық жағдайында қалыпта­суына, оның өндірістік инфра­құрылымының дамуына салқынын тигізбей қоймады. Жылдар бойы қалыптасып қалған өңіраралық және салааралық шаруашылық байланыстардың бұзылуы ауыл шаруашылығын күйзе­лісті дағдарысқа ұшырат­қаны белгілі. Алдын ала дайын­дықсыз, ойластырылмай, ауыл шаруашылығының аумақтық және салалық ерекшеліктері ескерілмей жүзеге асырылған жекешелендіру үдерісі осы саладағы өнімділікті құлды­ратты. Аграрлық сала мен өндірістік инфрақұрылымды дамыту арасындағы, яғни ауылшаруашылық өнімін өндіру мен оны тұтынушыға жеткізу арасындағы алшақ­тық күшейе түсті. Өндіру мен ұқсату, сату үдерістері арасындағы байланыстың нашарлығы ауыл шаруа­шы­лығына сіңірген еңбектің зая кетуіне, шығынның молаюына әкеліп отырды. Ауыл шаруашылығының дамуына көлденең тұрған жағдайлардың барлығы да осы агроөнеркәсіптік кешеннің ерекшеліктерін ескермеуден орын алды. Мемлекеттік реттеу мен араласуды барынша азайтып, нарыққа ба­сымдық берілді. Жеке­меншікті және фермерлікті дамыту ауыл шаруашылығын, агроөнеркәсіптік кешенді қайта құрудың, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемасын шешудің тетігі етіп алынды. Реформаның нәтижесі көрсеткендей, сол кезде нарықты тым асыра бағалағанымыз және агро­өнеркәсіптік кешенді дамытуда мемлекеттің рөлін тым төмендетіп жібергеніміз де байқалды. Мұнымен қатар, «фермер елді асырайды» деген ойдың теориялық та, эко­номикалық жағынан да нақ­тыланған дәлелі болған жоқ. Уақытында көптеген отан­дық экономистер бұл ұста­нымды құптамағанымен, олардың дәлелдері ескерілмеді. Кез келген мемлекетте экономиканы реформалау барысында алдымен инфра­құрылымды дамытуға басым бағыт беріледі. Өндірістік инфрақұрылымды құрудың түрлі кезеңдерінің өндірістік үдерістің дамуына да түрлі әсері болатыны белгілі. Өндіріс қалай дамыса, оның инфрақұрылымы да соған сәйкес ілгері басуы тиіс. Олар бір-біріне баламалы сипат алуы керек. Еліміз экономикасының аграрлық секторы ырғақты дамуы үшін өндірілген өнімнің көлемі емес, оны ұқсату бәйге атындай қатар еріп отырса игі. Ол өнім өндіруді ұйымдастыру, ауылшаруашылық ресурстарын тиімді пайдаланудағы маңызды күш өндірістік инфрақұрылым екені айқын. Ауылшаруашылық өнді­рісі, онда өндірген өнімді ұқса­ту, тұтыну деңгейіне жет­кізу, оны сату міне, осы­ның барлығы да қалыпты ырғақ­қа түсу үшін өндірістік инфра­құрылым саланың қосалқы жүйесіне айналуы тиіс. Сарап­тама көрсеткендей, ауыл­ша­руашылық өндірісінің түпкі нәтижесі оған қызмет көрсететін, яғни өндірілген өнімді ұқсататын саланың қан­шалықты дамуына, деңгейіне байланысты. Соны­мен қатар, өнімді, шикізатты мол өндіру үшін жасалатын өндірістік инфрақұрылымның дамуымен қатар, оның өнімін тиімді пайдалануды көздеуіміз тиіс. Бұл – өте маңызды. Шаруашылықтың салаларында меншік түріне қарамай өнім өндіру өндірісі дамыды, ал нарыққа көшу үдерісінің өзі инфрақұрылымның дамуын талап етті, оған қолай­лылық туғызды. Бұрын ауыл­­шаруашылық өндірісін кеңейтуге күш салынатын. Жердің барлығын айқыш-ұйқыш жыртып, астық өндір­дік. Ұн комбинаты облыста жалғыз ғана, тіпті кейбір жерлерде болмады. Ал қалған мәселелердің барлығы артқа шегеріліп, екінші кезектегі міндеттерге айналып отырды. Сол себепті де еліміздегі өндірілген өнімнің 25 пайызы тұтынушыларға жеткен жоқ. Ауыл шаруашылығы Қа­зақстанда халық шаруа­шы­лығының маңызды, басты саласы болып табылады. Алай­да, қосымша өндірістердің қолдауы болмайынша ауыл шаруашылығы алға бас­пай­ды. Егіннің көлемі, мал ба­сы­ның саны артқан са­йын­ ғылым мен техника­ның жетістіктерін енгізген заманауи қызмет көрсетуші саланың да маңызы арта түседі. Инфрақұрылымның жаңа түрлері де пайда бола бастайды. Осыған байланысты инфрақұрылымның дәстүрлі саласы саналатын тасымал көлігі, байланыс, материалдық-техникалық қам­тамасыз ету, жөндеу қызметі секілді басқа да өндіріске қажетті қызметтер дами түседі. Нарықтың келуімен, соған орай меншіктің жаңа түрінің қалыптасуына, ша­руашылықты ұйымдас­ты­рудың жаңа түріне байланысты ауылшаруашылық өндірісімен қатар жүретін қызметтер тармақталып, бөлек құрылымға айналды. Олардың басты қызметі ауыл шаруашылығына ақылы қызмет көрсету болып табылады. Нарықтық қатынас үдерісінің қалыптасуы кезе­ңінде өндірістік инфра­құры­лымның жаңа элементтерінің пайда болуы күшейе түсті. Олар бөлініп шығып өздігінен, дербес қалыптаса бастады. Демек, нарықтың шең­берінде белгілі бір қызмет атқаратын және мамандан­ды­рылған ұйымдастырушы күш, яғни «нарықтық инсти­туттар» болмай және ол мем­лекеттің реттеуінсіз ауыл ша­руашылығының дамуы мүмкін емес. Қазақстанда 2010-2014 жылдарға арналған агро­өнер­кәсіптік кешенді дамыту бағ­дарламасын жүзеге асыру үшін республика бюд­жетінде 1035963,72 миллион теңге қарастырылған болатын. Тек Қостанай облы­сы­ның өзіне ғана соңғы үш жыл ішінде кө­ліктік инфра­құрылымды дамы­ту мақсатында 16336,58 миллион теңге бөлінді. Демек, мем­лекет агроөнеркәсіптік кешені инфрақұрылымының дамуы­на жүйелі түрде көңіл ауда­рып отырады. Бұл ауыл­шаруа­шылық өнімде­рін өнді­ру мен оны өңдеуге қажетті ­деген барлық жағдайлардың ту­ғызылып отырғанын көрсетеді. Сансызбай ЖИЕНТАЕВ, А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік универси­­­тетінің профессоры, экономика ғылым­дарының докторы. ҚОСТАНАЙ.