Халықаралық қарым-қатынасты нығайтады
Мемлекет басшысының ұсынуын қараған сенаторлар отставкаға кетуіне байланысты Ботагөз Ералиева мен Қамбар Нұрышевті Жоғарғы сот судьясы қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатуралар алдын ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.
Сонымен қатар палата отырысында Сенат тағайындаған Жоғары аудиторлық палатасы мүшесінің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы мәселе қаралды. Бұған дейін Рашит Ахметовтің атынан өзін Жоғары аудиторлық палатаның мүшелігінен босату туралы өтініш келіп түскен еді. Регламентке сәйкес бұл мәселе Қаржы және бюджет комитетінде алдын ала талқыланды. Ашық дауыс беріп, депутаттар аталған шешімді қолдады.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар қаралып, ратификацияланды.
Бұл заңдарды мақұлдау – халықаралық қатынастарды нығайтып, бірлескен экономикалық жобаларды тұрақты іске асыруға көмектеседі. Сондай-ақ аталған құжаттарды ратификациялау ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, отандық бизнесті халықаралық деңгейде ілгерілетуде сауда кедергілерін жоюға және елдің сауда-экономикалық дамуын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дипломатиялық қызмет, халықаралық шарттар және дамуға ресми көмек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Заң ел Президентінің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатымен әзірленді.
– Мақұлданған заң дипломатиялық қызмет заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, заң аясында дипломатиялық қызметке тұру, еңбек ету және біліктілікті арттыруға қатысты жекелеген мәселелер нақтыланып отыр. Сондай-ақ дипломаттардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілген. Заңның мақұлдануы дипломатиялық қызмет органдарының жұмысын дамытуға және халықаралық шарттар жасасу үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.
Есірткі таратушы мен өндірушінің жазасы бірдей ме?
Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Аталған заңға депутаттар бастамашы болған еді. Онда бірқатар маңызды норма қарастырылған. Есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен курьерлер функцияларын орындайтын адамдарға жаза сараланады. Ұйымдастырушылармен күрес күшейтіліп, бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұзарту жазасы қарастырылады. Сондай-ақ қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамдарға, сол сияқты есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз өндіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгілей отырып, неғұрлым қатаң қылмыстық жауаптылық шараларын енгізу ұсынылады. Бұл есірткінің айналымына байланысты қызмет бабын теріс пайдалануға қарсы тежеуші фактор болмақ.
– Заң нормаларына сәйкес Қылмыстық кодексте есірткі өндірісімен айналысатындардың және оларды таратушылардың аражігі ажыратылып, жауапкершіліктері қайта қаралды. Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға «күшті әсер ететін заттар» жаңа ұғымы енгізіліп, олардың айналымы реттелетін болды. Мақұлданған заң алдағы уақытта азаматтарымыздың құқықтарының қорғалуын арттыруға және есірткі қылмысымен күрестің тиімділігін күшейтуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат спикері.
Балалар үйіндегі балдырғандар саны азаймақ
Екі оқылымда қаралып, мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң М.Әшімбаев атап өткендей, білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Заңда жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған құқықтық нормалар қамтылған. Заңмен Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамаға сәйкес қосымша білім беру ұйымдарына қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жасау тәртібі, онлайн-оқыту түрі және техникалық және кәсіптік оқыту ұйымдарындағы академиялық ұтқырлық қағидаты, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан, мектептерде әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету тетіктері белгіленеді. Бұған қоса заң арқылы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту саласында қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тәртібі енгізіледі. Заңнан күтілетін нәтижелер білім беру үдерісінің сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту екенін атап өткен жөн.
– Осы заң бірқатар саладағы құқықтық қатынастарды одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заңда ата-анасынан айырылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалардың жекелеген санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған түзетулер топтамасы қарастырылған. Заң аясында мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласын жетілдіруге арналған жаңа нормалар да бар. Мақұлданған заң балалар үйіндегі балдырғандар санын азайтуға, мектепке дейінгі білім саласын жетілдіруге және еңбек адамдарын дәріптеуге мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді палата төрағасы.
Биржалық саудаға мемлекеттік бақылау күшейеді
Бұған қоса Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржа саудасы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Бұл заңға да депутаттар бастамашы болды. Заң шеңберінде тауар биржаларының қызметі саласындағы реттеудің негізгі мақсаттары мен қағидаттарын айқындау, Үкіметтің, уәкілетті және монополияға қарсы органдардың құзыреттерін кеңейту, тауар биржаларын шағын және микробизнес субъектілері санатынан шығару, тауар биржаларының брокерлері мен клирингтік орталықтарын лицензиялауды енгізу және тағы басқа нормалар көзделген.
– Биржалық сауда және инвестиция жөніндегі заңға сәйкес бірқатар нақты шара қарастырылған. Олардың қатарында биржалық саудаға қатысушылардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту және тауар биржаларын шағын кәсіпкерлік субъектілері қатарынан алып тастау сияқты қадамдар бар. Инвесторлардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету шаралары да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, ел аумағындағы инвестициялық қызмет туралы деректерді пайдалану үшін арнайы инвесторлар тізілімі жүргізіледі. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тексеру жүргізу туралы шешімдері прокурормен міндетті түрде келісілгеннен кейін ғана қабылданады, – деді Сенат спикері.
Сондай-ақ палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Андрей Лукин университеттердегі әскери кафедраларда берілетін білім сапасына алаңдаушылық білдірді. Сенатор әскери кафедра оқытушыларының біліктіліктері олардың мамандықтарына міндетті түрде сәйкес болуын заңнамалық тұрғыдан бекітуді, сондай-ақ студенттерді өздері оқып жүрген шетелдік азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында оқыту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Ал Амангелді Нұғманов шағын және орта сектордың өнеркәсіптік кәсіпорындарына коммуналдық қызметтердің тарифтік саясатын қайта қарау қажет екенін айтты.
– Отандық шикізат өңдеу, өнімдер мен қызметтер өндіру және оларды сату саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың ең өзекті мәселесінің бірі газ бен коммуналдық қызметтердің жоғары тарифтері болып отыр. Кейінгі жылдары табиғи газ тарифтері үнемі өсіп, екі жылда газ бағасы 200%-дан аса көтерілді. Бұл кіші және орта кәсіпорындардың қаржылық жүктемесін айтарлықтай арттырды, – деп атап өтті сенатор.
Оның айтуынша, бекітілген тарифтеу жүйесі жүктемені әділетсіз бөлуге алып келеді. Уақтылы шара қабылданбаса, кәсіпорындардың өндіріс қарқынының төмендеу қаупі бар, бұл өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға теріс әсер етеді. Сенатор А.Нұғманов осы проблемаларды шешуге шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған газ бен электр энергиясының тариф саясатын қайта қарауды ұсынды.
Нурия Ниязова соғыс ардагерлері туралы электрондық деректер базасын құрудың маңызды екенін атап өтті. Сенатор мұндай мәліметтер базасы әзірлеу болашақ ұрпақ үшін тарихи сананы сақтау жолындағы маңызды қадам деп есептейді.
Ғалиасқар Сарыбаев Үкіметтің назарын авиациялық инфрақұрылымның негізгі проблемаларына аударды және оларды шешуге арналған бірқатар нақты ұсыныс жасады.
Ернұр Әйткенов академик Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың инфрақұрылымдық жағдайына және ондағы жабдықтардың тозуына алаңдаушылық танытты.
– Арнадағы сорғы қондырғысының тозуы өте күрделі деңгейге 90%-ға жетті. Бұл жабдық тиімділігінің төмендеуіне, энергия шығындарының көбеюіне және төтенше жағдай қаупінің арта түсуіне әкелді. Уағында қайта жаңғыртпасақ, біз су мен жабдықтауда үзіліске тап болуымыз мүмкін, бұл ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының, ауыл шаруашылығының жұмысына және адамдардың күнделікті өміріне әсер етеді, – деді депутат.
Сенатор ескірген жабдықтың салдарынан арнаны жөндеу және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету шығындары едәуір арта түскенін айтты. Оның пікірінше, егер уақтылы шара қабылданбаса, өндіріс көлемінің қысқаруы, әлеуметтік шиеленістің өсуі және елеулі экологиялық қатер төнуі мүмкін.
– 2028 жылға дейін 19 сорғы қондырғысын қайта құруды қамтитын арнаны жаңарту жобасы өте маңызды. Алайда қазіргі уақытта 2025 жылы тек бес агрегатты қайта құруға қажетті 10,8 млрд теңгеден 1,5 млрд теңге ғана бөлінді. Бұл барлық жұмысты орындауға жеткіліксіз, – деді сенатор.
Геннадий Шиповских әскерилендірілген теміржол күзеті қызметкерлерін алаңдатқан түйткілдерге тоқталды. Бұл қызметке қажетті мәртебе беру және оны техникалық тұрғыдан күшейтуге қаржыландыруды ұлғайтқан жөн. Депутаттың пікірінше, аталған мәселені оң шешуге осындай бастамалар қажет.
Руслан Рүстемов отандық кинода қолданылатын және қазақ тілінің тазалығына қауіп төндіретін жаргондар мен сленгтерге наразы екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, мұндай үрдіс жастардың бойында ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыруға және қазақ тілін дамытуға кері әсерін тигізеді.