Түркістанның 1 500 жылдығында газет тілшісі Сүлеймен Мәметтің «Түркістан шаһарына – арнайы мәртебе» деген шағын мақаласы жарияланған. «Түркістан – топырағы киелі. Екінші Мекке деп тегін аталмаса керек. Соны ата-бабаларымыз өткен ғасырларда-ақ көрегендікпен танып-білген. Ұлтына қорған болған аруақтыларын сонда апарып Жер-ананың құшағына тапсырып отырған. Бір ғана Түркістан шаһары ғана емес, оның айналасында жұрт мінәжат ететін тоқсаннан аса киелі орындар бар» деген оймақтай ғана ойын айтады. Осылай дей келе, журналист бұл барымызды бағалауға, жоғымызды түгендеуге жол ашып, киелі қаладағы бүгінгі игілікті іс жалғасын тауып жасарып, жаңарып, қала кілемдей түрлене беретінін тілге тиек еткен. Сондай-ақ шаһар мәртебесінің отандық дәрежеге көтерілуі ұлт рухын асқақтатып, мерейін үстем ететіні туралы мақала зиялы қауымның да қолдауына ие болады.
«Газет тілшісі ретінде Түркістанның мерейтойында бірнеше әріптеспен бірге мен де күнделікті сол жақтан мақала жазып тұрдық. Бір күні қасымыздағы Қазақ-түрік университетінде жұмыс істейтін түріктер «Біз Түркістанды екінші Мекке деп есептейміз» деді. Сөйтіп 2000 жылы газет бетіне киелі өлкеге мәртебе беріп, абыройын асқақтату қажет екенін айтып мақала жаздым. Осы бірауыз сөзім қоғамда резонанс тудырған соң академиктер Рахманқұл Бердібаев, Мұрат Жұрынов, Халық әртісі Райымбек Сейтметовтен пікір алып екінші рет «Түркістанға ерекше мәртебе беру керек» деп қайтадан мақала дайындадым», дейді Сүлеймен Мәмет. Алайда бұл бастаманың қазіргі елордамызға астана мәртебесі беріліп, дүркіреп тұрған кезеңінде көтерілгенін билік бірден құп көрмепті. Тіпті газет тілшісінің көтерген елдік мәселесі майшаммен қаралып, жұмыстан шығару туралы тапсырма берілген.
«Мақалам жарыққа шыққаннан кейін редакция басшылығы шұғыл түрде жұмысқа шақыртып алды. «Түркістанды Астанамен салыстырғаның не?» деп сұрақтың астына алды. Түркістан мен Астана қаласының арасындағы айырмашылықты түсіндіріп, айтқым келген ойымды соңына дейін түсіндіріп бақтым. Бір күні басшылық қайтадан редакцияға тез жетуімді бұйырды. Жұмысқа келсем, менің мәселем қайта қаралып, жоғары жақта шу болып жатыр екен. Ұзын сөздің қысқасы, жоғарыдағылар мені жұмыстан шығару туралы тапсырма берген. Содан не керек, академиктер мен әртістің айтқан диктафондағы сөзімен, менің түсініктемеммен сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев танысып шыққан. Министр тура адам еді. «Тілшінің пікірі орынды. Бұл сөзді ол ойдан шығарып отырған жоқ. Зиялы қауымның да пікірі келтірілген. Осымен бұл дауды доғарыңдар. Президент әкімшілігіне жағдайды өзім түсіндіремін» деп тоқ етерін айтты. Соның арқасында жұмыста қалдым», дейді естелігімен бөліскен Сүлеймен Мәмет.
Жалпы, бұл ғана емес, «Егемен Қазақстан» газеті елдің тұрмыс-тіршілігінен бастап ұлттық мәселеге дейін жоғарыға жеткізіп, халықтың көзі, құлағы һәм тілі ретінде өз міндетін атқарып жүр. Мәселен, газет ардагері Сүлеймен Мәмет кезінде Астанаға алғаш келгенде қалада жалғыз қазақ мектебі болған. Сол кезеңде газет бетінде көтерілген бас қаладағы ана тілінің жағдайы, қазақ мектебін көбейту туралы көкейкесті мәселе де қолдау тапқаны рас.