Қазақстан • Бүгін, 15:52

Мұнай саласы бойынша маңызды құжаттарға қол қойылды

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанадағы KAZENERGY қауымдастығы алаңында 2 маңызды құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мұнай саласы бойынша маңызды құжаттарға қол қойылды

Атап айтқанда, KAZENERGY қауымдастығы мен Қазақстанның мұнайшы-геологтар қоғамы ҚБ арасындағы әріптестік туралы келісімге және аталған қоғам мен «Энергия» талдау орталығы (KAZENERGY еншілес компаниясы) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

KAZENERGY қауымдастығының Бас директоры Жандос Нұрмағанбетовтің айтуынша, Қазақстанның мұнайшы-геологтар қоғамымен көпжылдық ынтымақтастық – форумдар, конференциялар, бірлескен жобалар сияқты бағыттарды қамтиды. Бұл өзара іс-қимылдың маңызды кезеңдерінің бірі – 2010 жылы Қазақстанның мұнай-газ және геологиялық салаларын дамытуға бағытталған әріптестік туралы шартқа қол қою болды. Жаңа келісім жаңа перспективалар ашатын және өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін кеңейтетін заманауи тенденцияларды, инновацияларды, ғылыми әзірлемелерді ескереді.

Ғ.Мүсіреп.

Көпжылдық еңбектің нәтижесі іспетті «Қазақстан мұнай және газ кен орындарының алғаш ашушылары» атты кітапты KAZENERGY қауымдастығына сыйға тартқан Қазақстанның мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов әріптестік қатынастарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Айтуынша, Қашаған кен орнының ашылуына орайластырылған бірлескен ғылыми-практикалық конференция ынтымақтастықтың маңызды кезеңі болмақ. 2025 жылы өтетіні жоспарға алынған аталған іс-шара – мұнай-геология саласы мамандары арасында  ұсыныстар мен үздік тәжірибелерді алмасуға және сектордың одан әрі дамуына ықпал етуге арналған.

Қол қойылған құжаттар – тараптардың серіктестікті нығайту, инновацияларды дамыту, Қазақстанның мұнай-газ және геологиялық салаларында құзыреттілік деңгейін арттыру тұрғысындағы ұмтылыстарын көрсетеді. Келісімдер мұнай-газ саласын орнықты дамыту, ақпараттық-талдамалық зерттеулер жүргізу, статистикалық және талдамалық материалдар дайындау сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар олар ұлттық және халықаралық кәсіби аренада тараптардың оң имиджін қалыптастыруға ықпал ететін болады.