Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Негізгі мақсат өндіріс орындарындағы тұрақтылықты сақтау және еңбек адамдарының ахуалымен танысып, жұмысшылар құқығын қорғау болды. Билік пен жұмыс беруші ірі компаниялар және өндіріс орындары болып табылатын кәсіпорындар арасында жасалып, бұл күні қол қою рәсімі өтетін меморандум талап-тілектерін де вице-премьер таразылап бағыт-бағдар берді.
Әуелгі кезекте, құрылыс жұмыстары дамылсыз жүріп жатқан Талдықорғандағы көпсалалы 300 кереуетті ауруханаға барып медицина саласына қатысты жайттармен танысты.
Алқалы жиында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы мағлұмат берген соң, Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын биыл ертерек жариялауының бір себебі, әлемдік дағдарыстың алдын алу қадамы болып отыр. Аталған Жолдауда осы дағдарыстан шығу жолдары да нақтыланған. Бір ғана мысалға Жетісу жері арқылы өтетін Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізін айтуға тұрады. Бұл игіліктің бірінші қадамы – жол салу. Бір ғана Алматы облысында жол салу, жөндеу секілді жұмыстарға биыл бюджеттен 54 млрд. теңге бөлінеді екен. Бұл аз қаражат емес. Сөзімді Елбасының «Дағдарыс келеді. Кетеді. Ұзақ болмайды» деген сөзімен нақтылап Мемлекет басшысының тапсырмасымен облысаралық байланысты нығайтып, бірі шығарған өнімді екіншісі пайдаланып, ішкі өнім алмасу байланысын нығайтудамыз.
Үкіметтің атынан Алматы облысының басшылығын бүгінгі меморандумға қол қою рәсімін өз деңгейінде ұйымдастырғаны үшін рахмет айта отырып, осы меморандум талаптарының толық орындалатынына сенім артамын. Бұл құжат елді мекендерді жұмыспен қамтуға өзіндік ықпалын тигізетіні анық. Тағы бір үлгі тұтарлық жұмыс – «Достық үйі», «Тіл сарайы», «Спорт кешені» Талдықорғанда салынып, пайдалануға берілгенін, ең негізгісі тұрғын үй кешендерінің бірінен екіншісінің асып тұрғанын көрдік. Мұның барлығы Елбасының ұстанған саясатының дұрыстығы, ел тыныштығының сақталуы екенін білуіміз керек.
Отандық өнім өндірушілерді қолдау үшін шұжықты қырғыздан, көкөністі қытайдан тасымай, Елбасы өткен жылдың тамызында берген тапсырмасы қант қызылшасы, жүгері секілді төл дақылдарды молынан өсіріп, өңдеп рынокқа шығару керек. Сонда бірлесе істеген жұмысымыз нәтижесін береді», деді Бердібек Сапарбаев.
Бұл күні жалпы сомасы 22,6 млрд. теңгені құрайтын бірлескен 17 меморандумға қол қойылды.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.