Ағылшындардың жармасқаны соңғы вагон
Оңтүстік Африкадағы әлем чемпионатында балапанды күзде санайтын да, сынайтын да уақыт туды. Көптеген құрамалар өз тобынан шыққанына шүкіршілік айтып, кейінгісін тағы көрерміз деп отыр.
“А” тобынан жеті ұпай олжалаған Уругвай мен қоржынында төрт ұпайы бар Мексика шықты. “В” тобында “Аргентина алғашқы екі жеңісімен-ақ жолдаманы жан қалтасына басып алған еді. Соңғы турда барын салған Оңтүстік Корея құрамасы төрт ұпаймен екінші жолдамаға зорға тұяқ іліктірді.
Екі топтан Оңтүстік Африка Республикасы, Франция және Грекия, Нигерия құрамалары шығып қалды.
“С” тобында АҚШ пен Англия құрамалары, “D” тобында Германия мен Гана топ басында келеді. Ал, “Е” тобында алты ұпай олжалаған голландиялықтар бәйгені шаппай алып тұрса, Жапония мен Дания құрамаларының тағдыры кейінгі ойындарда шешіледі. “G” және “H” топтарында Бразилия мен Чили құрамалары алда келеді. “F” тобындағы жағдай да өте шиеленісті.
Бейсенбі, сәрсенбі күнгі ойындар басы ашылмай тұрған мәселелердің түйінін тарқатып берді. Мәселен, “С” тобында жағдайдың күрделенгені соншалық, плей-оффқа шығуға бәрінің де мүмкіндігі бар болатын. АҚШ – Алжир құрамалары бапкерлерінің белгіленген екі таймның соңына дейін көңілі күпті болды. Америкалықтар 90 минут армандаған ниетіне 92-ші минутта жетті. Алтидордың оң қапталдан асырған добын Клинт Дэмпси қақпашыға тура тепті. Қақпаның бос бұрышын көздеуге уақыты да, мұршасы да болмаған. Америкалықтардың бағына, алжирліктердің сорына сол доп қақпашының қолынан кейін серпілді. Қорғаныс шебіне найзадай бойлап жүрген Донован мүмкіндікті мүлт жібермеді. Америка құрамасының серкесі кейін журналистерге сұхбат беруге шыққанда көзі жасаурап тұрған. Лағылдай тамшылар Америкадай алпауыт мемлекеттің абыройын сақтап қалған қуаныштың куәсі еді.
“С” тобында Англия құрамасымен ойнағанға дейін Словенияның жағдайы тәуір, топ бастап тұрған. Дефоның 23-і минутта соққан жалғыз добы ағылшындарға бақыт әкелді. Кірпігіне де, көзілдірігіне де мұз қатқан Фабио Капелло Франция құрамасының артынан аттануды еш қалаған жоқ. Футболдың отаны ағылшындар жойқын шабуылдар ұйымдастырып, абыройларын сақтап қалды.
Ал, Мексиканы 0:1 есебімен жеңген Уругвай “А” тобында үздік болып, келесі кезеңге Мексиканы қолынан жетелеп өтті. Гол соққан Суарес, 44-і минутта.
Құрамалары плей-оффқа өткен мемлекеттердің жанкүйерлері сол күндері кірпік ілген жоқ. Тойлады. Қайғылы жағдайлар да орын алды. Адам бас айналдырған бақыттан да өледі екен. Оңтүстік Кореяда футбол тойы қызған шақта Ли деген жиырма жасар студент серіктестерімен Сеулде Хан өзеніне қарғып кеткен. Достары жағаға әрең алып шыққанымен, ауыр жарақат алған студентті дәрігерлер құтқарып қала алмады.
Жанкүйерлердің ес-түсін алған футбол аламанында осындай жағдайлар да болып тұрады.
Ал француздар билет алмапты...
Немістер діні қатты халық қой. Ганамен ойнар алдында жеңіле қалсақ, Африкада сандалып жүрмейік деп ұшаққа билет алып, артық-ауыс жүктерін жинап қойыпты. Олардың топтағы жағдайы шынында ауыр еді. Гана мен Австралияның төрт-төрттен ұпайы болды. Еуропадағы үздік клубтарда ойнайтын серке жігіттері бар Сербия да сытылып шығуға құлшынып тұр.
Бас бапкер Йоахим Лев “Біздің командаға қысым өте көп болды, бәрі жеңіс күтті. Сол үмітті ақтадық”, дегенді көңілі жайланған соң айтқан.
Германия Гана құрамасын 1:0 есебімен жеңді.
Ал, Оңтүстік Африка құрамасынан 2:1 есебімен жеңілген француздардың басындағы жағдайды ешкімнің басына бермесін.
Кхумалоның 20, Мфеланың 37 минуттарда соққан голына Малуда 70 минутта бір доппен жауап берді. Бітті. Әрі қарай француздардың шамасы жетпеді. Плей-оффқа өте алмаса да әлем чемпионын әдемі жеңген африкалықтар өз жанкүйерлерінің алдындағы айыбын біршама жуғандай болды. Ойын соңында экранда Раймон Доменек пен Карлос Алберто Паррейра жағаласып тұрғандай көрінген еді. Паррейра әріптесінің күртесін оң қолымен сығымдап ұстап жібермейді. “Бақсам, бақа екен” демекші, кінә Доменектің өзінен болып шықты. Ойын біткен соң ФИФА дәстүрі бойынша бапкерлер міндетті түрде қол алысып, жақсы тілекпен кетуі керек. Доменек әріптесінің ұсынған қолын алмай қойған. Енді бұл мәселе ФИФА-да қаралуы мүмкін. Қалай болғанда да екі бапкердің өз орнында қалмайтындығы белгілі болып қалды. Қол алыспағаны үшін емес, құраманы лайықты дайындай алмағаны үшін.
Футбол – мемлекеттік мәселе. Франция Президенті Николя Саркози құраманың шабуылшысы Тьерри Анриді қабылдап, Француз футболшыларының әлем чемпионатындағы сәтсіздігін талқыламақ. Сұрмерген Николя Анельканың бапкер ұйғарымымен құрамадан шығарылғандығы да сөз болады.
Франк Ребери әлем чемпионатында сүреңсіз ойындарымен жанкүйерлерді жерге қаратқаны үшін француз ұлтынан кешірім сұрады. Оның артынан жартылай қорғаушы Флоран Малуда да сөйтті.
“Бұл – нағыз апат” деп бағалады ол. Біздің нашар ойынымыз халқымызға осыншалық әсер етеді деп ойламаған едік. Біз мемлекетіміздің имиджін бүкіл әлем алдында қатты түсірдік. Бұған бас бапкер ғана емес, барлық ойыншылар кінәлі”. Малуданың көз жасы шықпаса да жүрегі езіліп айтқан сөзіне құрама мүшелері толықтай қосылған. “Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді”. Қазақтың осы мәтелі француздардың қазіргі жағдайын дөп басып тұр.
Бас бапкер әлемге әйгілі шабуылшы Анриге “Әлем чемпионатына апаруын апарамын. Бірақ, қосалқы құрамда отырасың”, деген екен. Команданың іші осылай ырың-жырың болған соң бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару туралы қалай армандауға болады. Оның үстіне әлем чемпионатындағы желік бойларынан әлі кетіп болмаған француз ойыншылары өте сүреңсіз ойнады.
Енді құраманы Лоран Блан қолға алады. Бүгінгі ойыншылардан кімдер қалатындығын сол шешеді. Ынтымақтың жоқтығы атақты француз құрамасын шың басынан осылайша құлатты.
Бақтияр ТАЙЖАН.
ДӘСТҮРЛІ ДОДА
Астанада Қазақстан Журналистер одағы қалалық филиалының ұйымдастыруымен және оған “Нұр Отан” ХДП-ның жергілікті бөлімшесінің қолдау көрсетуімен БАҚ арасында кіші футболдан белгілі қаламгер Рамазан Ахметовті еске түсіруге арналған турнир өтті.
Жыл сайын астаналық журналистер арасында дәстүрге айналған турнирге биыл 9 команда қатысты, оның ішінде “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда”, “Астана ақшамы”, “Нұр Астана” газеттері, “Хабар”, “Астана” телеарналары мен басқа да баспасөз құралдары қатысты.
Осы командалар үш топқа бөлініп, күш сынасты. Сөйтіп, әр топта бірінші орын алған командалар өзге 2 топта жеңіске жеткен қарсыластарымен кездесті. Бұл ойындарда “Қазақ Радиосының” бағы жанды. Олар финалдық кездесуде “Нұр Астана” командасын 3:1 есебімен жеңіп, биылғы турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды.
Журналистер одағы қалалық филиалының басшысы Мағжан Садыханұлының айтуынша, бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнир алдағы кезде де жалғасатын болады. Өйткені, оның мақсаты – журналистер арасында жеңімпазды анықтау емес, ең бастысы БАҚ өкілдерінің достығын нығайту, футбол сияқты миллиондаған жанкүйерлердің сүйікті ойынын әріптестерінің арасында насихаттау.
Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.